Ақмола облысының Ерейментау және Жарқайың аудандарында бір күнде болған қос жол-көлік оқиғасы бес адамның өмірін қиды.
Ақмола облысында бір күнде екі жантүршігерлік жол апаты болды: бес адам көз жұмды
Фото: iStock
150
оқылды

Марқұмдардың арасында зейнеткер ерлі-зайыптылар мен әйелдер бар. Тағы бірнеше адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Қос қайғылы оқиға бойынша полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

18 қараша күні Ақмола облысында екі бірдей ауыр жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бірнеше адамның өмірін жалмаған апаттар өңір жұртшылығын дүр сілкіндірді. Алғашқы қайғылы жағдай Ерейментау ауданында, Аршалы – Ерейментау – Павловка автожолының 19-шақырымында, Тайбай ауылының маңында болған.

Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, Honda Odyssey автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлікті аударып алған. Салдарынан екі жолаушы әйел оқиға орнында көз жұмды. Ал жүргізуші мен тағы екі жолаушы түрлі дене жарақатымен медициналық мекемеге жеткізілді. Бұған дейін әлеуметтік желіде тараған ақпаратта қаза тапқан әйелдердің бірі Қосшы қаласының тұрғыны әрі жүкті болуы мүмкін екені айтылған еді. Алайда бұл мәлімет полицияның ресми хабарламасында нақтыланбаған.

Екінші қайғылы оқиға Жарқайың ауданы аумағындағы «Жезқазған – Арқалық – Петропавл» автожолының 412-шақырымында тіркелді. Мұнда ВАЗ-2106 және Renault Sandero автокөліктері соқтығысқан. Алдын ала мәліметке сәйкес, ВАЗ-2106 көлігі Державинск қаласына қарай бағыт алған. Қарама-қарсы бағытта келе жатқан Renault Sandero автокөлігімен соқтығысқаннан кейін «ВАЗ» салонындағы үш адам жүргізуші мен екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Қаза болғандардың арасында зейнеткер ерлі-зайыптылар мен тағы бір ересек әйел болған. Ал Renault Sandero жүргізушісі аман қалғанымен, түрлі дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді.

Полиция департаментінің хабарлауынша, екі дерек бойынша да сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесінде тиісті процессуалдық шешім қабылданбақ.

Ведомство жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, белгіленген жылдамдық режимінен аспауға және жолда барынша мұқият болуға шақырды.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.