Вишневое ауылының маңындағы қыстауда белгісіз аң бір отар қойға аң шабуыл жасап, 17-сін өлтірген. Тағы 21 қой жараланып, 9 бас мал із-түзсіз жоғалған. Жұрт жыртқыштың қасқыр болуы мүмкін екенін айтып дабыл қаққанымен, әзірге шабуыл жасаған аң беймәлім. Бұл жағдайды жауапты мамандар тексеріп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Оқиға 10 қарашада Вишневое ауылының маңындағы қыстауда болған. Мал иесінің айтуынша, Бүркітті шатқалының маңында, Карловка және Трамбовка ауылдарына жақын аумақта соңғы уақытта қасқырлар бірнеше рет байқалған. Сондай-ақ ол осы маңда жыртқыштардың тұрақты мекендейтін орындары болуы мүмкін екенін жеткізген. Алайда малға шабуыл жасаған аңдың қасқыр екені әзірге дәлелденген жоқ. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып, қойларға қандай аң шабуыл жасағаны тексеріліп жатыр.
«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мәліметінше,Қатаркөл орманшылығы аумағында 7 қасқыр мекендейді. Мониторинг нәтижелері олардың популяция саны тұрақты екенін және осы табиғи аймақ үшін белгіленген экологиялық рұқсат етілген шектен аспайтынын көрсеткен.
Ал Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Діналі Айтқожин аталған оқиғаға қатысты қосымша ақпарат сұратылғанын мәлімдеді.
Қазіргі уақытта жағдайды анықтауға «Бурабай» ұлттық паркінің қызметкерлері мен Бурабай ауданының ветеринариялық қызметтері тартылған. Мамандар тексеріс нәтижелерін күтіп отыр.
Бурабай ауданының әкімдігі де бұл мәселені бақылауға алған.
Әзірге басты сұрақ қыстаудағы қойларға нақты қандай аң шабуыл жасағаны болып отыр. Қасқыр ма, әлде басқа жыртқыш па? Мамандардың тексеру қорытындысы осы сауалға жауап беруге тиіс.
Бір түнде ондаған малынан айырылған шаруаның шығыны өз алдына, енді жұртшылықты жыртқыштардың елді мекендерге жақындауы мүмкін деген қауіп те алаңдатып отыр. Сондықтан тексеру нәтижесі мал иесі үшін ғана емес, маңайдағы ауыл тұрғындары үшін де аса маңызды.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
