Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі мемлекеттік шекара арқылы тауарлар мен жүктерді заңсыз өткізу фактілерінің жолын кесу бойынша тұрақты негізде кешенді іс-шаралар жүргізуде. Осындай жедел шаралардың нәтижесінде қараша айында екі бірдей өңірде аса ірі көлемдегі контрабандалық тауарлар тәркіленді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінің мәліметінше, шекарашылардың қырағылығы арқасында ел аумағына заңсыз өнімдерді алып өту әрекеттері дер кезінде тоқтатылған.
Ақтөбе облысында 2026 жылдың қарашасында «Әлімбет» автомобиль өткізу пунктінде шекара наряды 593 мың қорап темекі өнімдерін мемлекеттік шекарадан заңсыз алып өтудің жолын кесті.
Жамбыл облысында шекара учаскесінде жүргізілген тексеру барысында 13 960 дана вейп (электронды тұтыну жүйелері) анықталып, тәркіленді.
Мамандардың алдын ала бағалауы бойынша, ұсталған контрабандалық тауарлардың жалпы құны 510 миллион теңгеден асады.
Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша жинақталған барлық материалдар заңнамаға сәйкес процестік шешім қабылдау үшін құзыретті органдарға жолданды. Еске сала кетейік, Қазақстанда вейптер мен оларға арналған сұйықтықтарды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға заңмен тыйым салынған.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
