Финляндияның жетекші компанияларының өкілдері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған экономикалық бастамаларына қолдау білдірді.
Финляндия кәсіпкерлері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық бастамасын қолдады
Фото: gov.kz
171
оқылды

Бұл ұстаным Қазақстанның Финляндиядағы Елшілігі мен «East Office of Finnish Industries» ұйымының қатысуымен Хельсинкиде өткен дөңгелек үстел барысында айтылды. Іс-шараға «Telko», «Fortum», «KONE», «Peikko», «Wärtsilä», «Elematic» және басқа да жетекші фин компанияларының басшылары қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі Азамат Әбдіраимов Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген экономикалық даму басымдықтарын таныстырып, инвестиция тарту, өнеркәсіпті дамыту, энергетика және инфрақұрылымды жаңғырту бағыттарына ерекше тоқталды. Осы міндеттерді іске асыру аясында фин бизнесімен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері ұсынылды.

Финляндиялық іскер топтардың өкілдері Қазақстанның экономикалық әлеуетіне қызығушылық танытып, ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың экономиканы жаңғыртуға бағытталған бастамаларын қолдады. Қатысушылар еліміздегі инвестициялық ахуал, жаңа іскерлік мүмкіндіктер және екіжақты әріптестіктің перспективалары жөнінде пікір алмасты.

Кездесу барысында фин компанияларының тәжірибесі мен технологиялық шешімдерін Қазақстандағы жобаларға тарту мүмкіндіктері қарастырылды. Өнеркәсіп, энергетика және инфрақұрылым салаларындағы байланыстарды дамытуға айрықша назар аударылды.

Дөңгелек үстел қорытындысы Қазақстан мен Финляндия арасындағы экономикалық әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге, өзара инвестициялық қызығушылықты нақты жобалармен ұштастыруға және фин компанияларының Қазақстан нарығындағы қатысуын кеңейтуге бағытталған сындарлы диалогтың маңыздылығын көрсетті. Қазақстан фин бизнесін сенімді әрі ұзақ мерзімді серіктестікке шақырып, екі елдің технологиялық әлеуеті мен іскерлік тәжірибесін өзара тиімді инвестициялық бастамаларды іске асыру жолында біріктіруге дайын екендігін мәлімдеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.