Астанада «Соңыра» көркем фильмінің премьерасы өтті. Картина өрт сөндіруші мамандығын, қызметтік борыш пен өрт сөндіру-құтқару қызметі қызметкерлерінің тағдырын арқау еткен отандық көркем фильмдердің бірі болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Соңыра» – күн сайын өзгелерге көмекке келетін, алайда өздері де өмірлік қиындықтар мен күрделі шешімдерге тап болатын адамдар туралы әлеуметтік драма. Фильмде отбасы, жауапкершілік, адами қарым-қатынас және жақындармен өткізген уақыттың қадірі секілді тақырыптар қозғалады.
Фильмнің ерекшелігі – түсірілімге Қазақстан ТЖМ-нің қазіргі қызметкерлерінің қатысуы. Түсірілім жұмыстары Өскемен қаласында, оның ішінде № 9 өрт сөндіру бөлімінің аумағында жүргізілді. Кәсіби актерлермен бірге жекелеген эпизодтарға Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері де түсті. Кадрларда ведомствоның өрт сөндіру-құтқару техникасы да көрсетілген. Премьера басталмас бұрын қонақтарға заманауи өрт сөндіру-құтқару техникасы мен жабдықтарының көрмесі ұйымдастырылды.
Көрсетілімге азаматтық қорғау органдарының ардагерлері, ТЖМ-нің жеке құрамы, түсірілім тобының мүшелері, журналистер мен блогерлер шақырылды. Сондай-ақ премьераға арнайы Шығыс Қазақстан облысынан фильм түсіріліміне қатысқан өрт сөндірушілер де келді.
Фильмді тамашалағаннан кейін Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов актерлер мен картинаны жасаушыларға өрт сөндіруші мамандығына назар аударып, оның адами қырын көрсете білгендері үшін алғыс білдірді.
Ведомство басшысы көрермендерге өрт сөндірушілердің күнделікті өмірін, қызметтің жауапкершілігін және қызметкерлердің жұмыста да, одан тыс уақытта да кездесетін сынақтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін көркем жобалардың маңызын атап өтті.
Іс-шара барысында министр актерлер Дариға Бадыкова мен Олжас Абайға, режиссер Дархан Кәріповке және продюсер Меруерт Жуссанбаеваға алғыс хаттар табыстады.
19 қарашадан бастап «Соңыра» фильмі Қазақстан кинотеатрларында кең прокатқа шығады.
Сонымен қатар фильмнің актерлері мен авторларының қатысуымен өңірлік гастрольдік тур жоспарланған. Шығармашылық топ Жетісу облысына, Тараз, Шымкент, Түркістан және Қызылорда қалаларына барып, фильм көрсетілімдерін өткізіп, көрермендермен кездеседі.
«Соңыра» көркем драмасының жарыққа шығуы Қазақстан ТЖМ үшін маңызды оқиға болды. Картина күн сайын азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қызмет ететін жандардың өмірін шынайы оқиғалар арқылы көрсетіп, көрерменді өрт сөндіруші мамандығымен жақынырақ таныстырады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
