«Әділет» партиясының Түркістан облыстық мәслихаты депутаттығына кандидаттары мен сайлауалды штабының мүшелері Төле би ауданының тұрғындарымен кездесті.
«Әділет» партиясы ауылды дамытуға назар аударады
77
оқылды

Жиынға партияның облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Алмас Салимов, штаб мүшелері және облыстық, аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар қатысты. Бұл туралы «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты міндеттер талқыланды. Әсіресе, ауыл шаруашылығын қолдау, су ресурстарын тиімді пайдалану, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту және ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту мәселелеріне басымдық берілді.

Алмас Салимов өз сөзінде Түркістан облысы үшін аграрлық саланың маңызына тоқталып, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыруға бағытталған бастамаларды атап өтті. 

– Өңір халқының басым бөлігі ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, аграрлық саланы дамыту – маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, суару каналдарын жаңғырту, жаңа су қоймаларын салу және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорындарын дамыту көзделген. Бұл шаруалардың мүмкіндігін кеңейтіп, ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашады, – деді штаб төрағасы.

Бағдарламада әлеуметтік бағыттағы міндеттер де қамтылған. Атап айтқанда, халықты жұмыспен қамту, жастардың кәсіби тәжірибе жинақтауына мүмкіндік жасау, отбасыларды әлеуметтік қолдау және медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру көзделген.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында жалғасты. Тұрғындар ауданның дамуына қатысты ұсыныс-пікірлерін білдіріп, өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Сондай-ақ, партия бағдарламасын қолдайтынын жеткізді.