Президенттің айтуынша, жоғары білім саласындағы халықаралық стратегиялық серіктестік туралы 40 келісім іске асырылып жатыр.
Қазақстанда 11 мемлекеттің жетекші университеттері өз филиалдарын ашты
Фото: Ақорда
204
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары білім беру жүйесіндегі халықаралық ықпалдастықты кеңейту, шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу және шетелдік студенттерді тарту бағытындағы нақты нәтижелер мен алдағы міндеттерге тоқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Бүгінде Қазақстанда 11 мемлекеттің жетекші университеттері өз филиалдарын ашты. Ол білім ордаларында 12 мыңнан астам студент оқиды және 1,5 мыңға жуық оқытушы, оның ішінде шетелден келген 600-ден астам профессор еңбек етуде.

«Жоғары білім беру жүйесіндегі халықаралық ықпалдастықты дамыту, ғылыми байланысты тереңдету – қазіргі заман талабы. Біз бұл мәселеге айрықша мән береміз. Қазақстанда осы саладағы халықаралық стратегиялық серіктестік туралы 40 келісім іске асырылып жатыр.
Елімізде 11 мемлекеттің жетекші университеттері өз филиалдарын ашты. Осы білім ордаларында 12 мыңнан астам студент оқиды, сондай-ақ 1,5 мыңға жуық оқытушы жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында шетелден келген 600-ден астам профессор бар.
Қазақстан осы аймақта алғашқы болып Еуропадағы Лиссабон және Азия-Тынық мұхиты аймағындағы Токио конвенцияларына қосылды.
Бұл – қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, бұрынғы Білім және ғылым министрі, елші Жансейіт Түймебаевтың арқасы. Соның нәтижесінде енді Қазақстан университеттерінің дипломдары Батыс және Шығыс елдерінде мойындалатын болды.
Сонымен қатар қазір Қазақстанда білім алғысы келетін шетел жастарының саны да көбейіп жатыр.
Былтыр елімізде басқа мемлекеттерден келген 31 мың студент оқып жатқанын айтқан едім. Қазір олардың саны 41 мыңға жетті. Соның ішінде 8 мыңнан астам студент Қазақстанның қаржылай қолдауымен білім алуда. Бұл – Тәуелсіздік жылдары ішіндегі ең жоғары көрсеткіш.
2029 жылға қарай 100 мың шетел студентін тарту ойымызда бар. «Қазақстанда білім ал!» деген ұлттық бастамамыз осы міндетті іске асыруда маңызды рөл атқарады деп сенемін», - деді Мемлекет басшысы. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.