26-27 қарашада «Астана Опера» сахнасында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтетін «Томирис» балетінің премьерасы қарсаңында театрдың әрбір цехында біздің дәуірімізге дейінгі VI ғасырдың атмосферасы жанданып жатыр. Әсіресе тігін цехы сақ патшайымы мен жауынгерлерінің, парсы әскерінің костюмдерін дайындап жатса, бутафор цехы көшпенділердің тұрмысы мен салт-дәстүрін бейнелейтін бұйымдарды жасап жатыр.
Киім мен декорация: «Томирис» балетінің сахна сыртындағы жұмысы
фото: баспасөз қызметінен алынды
77
оқылды

 

Премьераға қызу дайындық үстіндегі цех шеберлері әрбір бұйым мен костюмге жан бітіріп қана қоймайды, олар өздері де тарихи оқиғаның ішіне еніп кеткендей. Бутафор цехына кіргеннен ежелгі саудагерлер мен ұсталар қаласына тап болғандай күй кештік. Бұрышта тізілген түрлі-түсті дәмдеуіштер мен құрт салынған қапшық пен құмыралар, кептірілген өрікпен толтырылған қораптар көздің жауын алды.

– Біздің шеберлер бутафорлық бұйымдарды бір спектакльде қолдануға болатындай етіп емес, оларды жылдар бойы өзінің бастапқы көркін жоғалтпай, сахнада ұзақ қызметке жарайтындай сапалы. Өріктің біраз бөлігі қораптың қақпағына ыстық желіммен жапсырылған. Қақпақты аударсаңыз, өріктер қораптың ішінде қалады. Бұл тәсілді бутафорларымыз ойлап тапқан, – деді театрдың суретші-бутафоры Іңкәр Ахметова.

Шебер премьера үшін арнайы жасаған сандықы, сақ және парсы әскерінің сауыт-сайманын, декоративті шырақты көрсетті.

– Біз шаманның бас киімінің алты данасын жасадық. Оның каркасын дайындау үшін әуелі пенопластты пайдаланып, оны папье-машемен қаптап, сыртын тегістеп, алтын түспен боядық. Ыстық желімді қолдана отырып өрнекті салдық. Одан кейін тағы да үстін аэрозольдық бояумен бояп, поталь қазағын жапсыру арқылы тағы да өрнектедік. Сахнада жарық түскенде бұл өрнек алтындай жарқырап, керемет әсер береді, – деді ол. 

Оның айтуынша, цех шеберлерінің атқарып жатқан жұмысы орасан зор. Олар жасаған ұсақ бұйымның саны мыңға жуықтайды: цехта 30 құмыра, шамамен 60 қылыш, 50-ден астам қалқан, 60-қа жуық найза мен басқа да көптеген реквизит дайындалды.

Осы күндері театрдың тігін цехында да жұмыс қайнап жатыр. Мұндағы атмосфера мен қарқын мүлде басқаша: ине мен жіптің ұшында тарих жанданып жатыр. Әрбір костюмді әртістің мүсініне дәлдеу үшін оларды кемінде үш рет өлшеп-көруге шақырады.

Цех меңгерушісі Айжан Шаукенованың айтуынша, премьера үшін дайындалатын мұндай костюмднің жалпы саны – 256. Осыдан кейін цехтағы жұмыстың қаншалықты ауқымды екенін пайымдай беріңіз. Әртістердің билеуіне ыңғайлы болуы үшін костюмдерді барынша жеңіл әрі сапалы матадан жасауық. Бірақ өңдеудің арқасында олар көрермендерге ауыр секілді көрінеді. Мәселен, мына сұр костюм бір қарағанда нағыз темір сауытқа ұқсағанымен, шын мәнінде өте жеңіл.

– Алғаш рет диодпен жарқырайтын өзгеше сахналық киімді дайындадық. Негізі, барлық жағынан алып қарағанда өте қызықты әрі ауқымды спектакль болғалы тұр, - деді Айжан Шаукенова.

Балетте әйел бейнесіне ерекше мән берілгені костюмдерде де көрініс табады.

– Мәселен, Томиристің ішкі күйі бес түрлі костюм арқылы беріледі. Бастапқыда патшайым халық алдына ақ көйлекпен шықса, артынша баласы мен жарынан айырылып, өзегі өртенген сәтінде қайғыны сипаттайтын костюмде болады. Одан кейін жападан-жалғыз қалған осал сәтін, кейін өзін-өзі қолға алып, қайрат жинаған батыр бейнесін көрсететін костюмдер тағы бар. Ал ең соңында жеңісті тойлайтын сахнада Томирис ұлттық шапан киіп шығады, – дейді театр технологы Айгүл Рыспаева.

Бастапқыда патшайым халық алдына ақ көйлекпен шықса, артынша баласы мен жарынан айырылып, өзегі өртенген сәтінде қайғыны сипаттайтын костюмде болады. Одан кейін жападан-жалғыз қалған осал сәтін, кейін өзін-өзі қолға алып, қайрат жинаған батыр бейнесін көрсететін костюмдер тағы бар. Ал ең соңында жеңісті тойлайтын сахнада Томирис ұлттық шапан киіп шығады.

Қойылым бойы көрермендердің назары әртістерде және әлбетте, жапониялық сценограф Йоко Сеяманың монументалдық сценографиясында болады.

– Заманауи театр тәсілдері көне әлемге оның мәнін жоғалтпастан жақындауға көмектеседі деп сенемін. Тарихи оқиғаны жандандырып қана қоймай, хикаяның қазіргі шынайы болмысына толық сай келетін кеңістік жасау маңызды. Мақсатым – өткенді тарихи мысал емес, жанды тәжірибе ретінде бүгінгі күнмен ұштастыратын поэтикалық кеңістік қалыптастыру. Түптеп келгенде, көрермендер осы оқиғаның негізінде жатқан және оның тарихи шеңберінен әлдеқайда асып түсетін барлық заманға ортақ адамзаттық шынайы сезімін терең сезіне алады деп үміттенемін, - деді Йоко Сеяма.

Қойылымның музыкасы осынау сахна жабдықтарымен, Сұлтанбек Ғұмардың хореографиясымен қатар дүниеге келді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері композитор Хамит Шаңғалиев «Томирис» балеті тарихи оқиғаға негізделгендіктен сақ дәуірінің үнімен сәйкес келетін музыка жазуда бірқатар қиындықтармен тап болғанын жасырмады.

– Біз симфониялық оркестрдегі аспаптардың үнін қолданатын болсақ, еуропалық мәнерге жақын музыка пайда болатын еді. Ал толығымен ұлттық аспаптарымызды қолдансақ, музыканың бояуы фольклорға жақын болады. Сондықтан сол заманның үнін табу үшін бізге көп тәжірибе жасауға тура келді. Музыкада қазақ даласының үні кездеседі, сонымен қатар арасында заманауи әуен де бар. Премьераның театрдың өз күшімен жасалып жатқаны, қоюшы хореограф екеуіміздің бір ұжымда еңбек ететініміз жұмыс барысында ыңғайлылық туғызды. Сұлтанбек аптасына бір-екі рет келіп, өзінің ойын айтып отырды. Мен музыканы тыңдатсам, ол қимылды көрсетеді, бүкіл дайындық бойы осылай тығыз байланыста болдық. Жанымызда әріптесіміз – музыкалық редактор және әрлеуші Әлібек Әлпиев музыканы өңдеуге көмектесіп, үнемі өзінің кеңесін айтып отырды.

Спектакльге «Астана Опера» балет труппасының солистері мен кордебалет әртістері қатысады. Томиристің басты партиясында сахнаға София Әділханова мен Торғын Лебен шығады. Спаргаписті Досхан Зәйдін мен Ислам Қайыпбай таныстырады. Кирді Айдан Қалжан мен Жақсылық Сауқымбеков ұсынады (сондай-ақ ол бірінші күні Томиристің күйеуі Рустам баһадүрдің партиясын орындайды, екінші күні бұл бейнеде Амир Хван өнер көрсетеді). Арнаваның партиясына Алина Зырянова мен Лимара Айдарова дайындалуда. Мартуды Лимара Айдарова мен Амина Кисембаева, шамандарды Ерсұлтан Тойғұлов, Нұрлытаң Руслан мен Абай Юсупов жүзеге асырады.

Осы ретте солист София Әділханова кейіпкері жайлы пікірімен бөлісті.

– Спектакльде болып жатқан барлық іс-әрекетті түсіну, оның тарихы мен ауқымдылығын сезіну өте маңызды. Эмоциялық тұрғыда спектакль айтарлықтай күрделі. Әсіресе Томирис өз ұлының жанында болатын көріністер өте әсерлі. Бұл жерде эмоцияны ашық әрі шынайы көрсету, кейіпкердің ішкі уайымын жеткізу, оның мықтылығын, беріктігі мен таңғаларлықтай қайратын аша білу маңызды. Мен үшін Томирис – жауынгер ретінде ғана емес, тұлға ретінде де мықты әйел. Барлық жақынынан айырылып, соншалықты ауыр сындарды басынан өткере отырып, бойынан өмір сүруге және халқын соңынан ертуге күш-қайрат таба білу кез келген адамның қолынан келе бермейді.

Премьераның екінші күні Томиристің партиясын орындайтын жас әртіс Торғын Лебен бұл бейне шығармашылығындағы маңызды белеске айналатынын айтты.

– Маған зор сенім артып, осындай жауапты рөлді орындауды тапсырған қоюшы хореографқа алғысымды айтқым келеді, сондай-ақ балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратоваға ризашылығымды білдіремін. Бұл партияның мен үшін маңызы зор, себебі Томирис – тарихи тұлға, сондай-ақ мен оны еркіндік пен қайсарлықтың символы ретінде көремін. Осы бейне арқылы өз мүмкіндіктерімді жаңа қырынан ашып, көрерменге оның рухын сезіндіре алғым келеді. Балет физикалық тұрғыдан үлкен күш пен төзімділікті ғана емес, эмоциялық тереңдік пен ішкі дайындықты да талап етеді. Сахнада кейіпкерімнің қайсарлығы мен батылдығын, оның әйелдік болмысын, аналық мейірімін, ішкі арпалсыны көрерменге жеткізуге барымды саламын, –  деді ол.