Бұл туралы Ақорда жазды.
Қазақстан халықаралық академиялық әріптестіктің берік базасын қалыптастырды
70
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ІІІ Стратегиялық серіктестер форумында Қазақстандағы шетелдік университеттер филиалдарының қызметі мен халықаралық академиялық ынтымақтастықтың дамуына тоқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

«М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен Аризона университетінің серіктестігі аясында заманауи оқу-зертхана корпусы мен жатақхана бой көтерді.

Биыл бірлескен оқу бағдарламасын аяқтаған алғашқы түлектер бірден Қазақстан және Америка университеттерінің дипломына ие болды.

Сондай-ақ Қазақстанда Кардифф университетінің филиалы қызметін бастады. Бұл – британиялық жоғары оқу орнының алғашқы халықаралық кампусы.

Бұдан бөлек, Ковентри университеті, Мәскеу инженерлік физика институты, Бейжің тіл және мәдениет университеті, Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университеті сияқты оқу ордаларына арналған кампустар салынып, кеңейтіліп жатыр.

Ірі қалаларымызда атом саласына, жасанды интеллект пен креативті индустрия бағыттарына келешек мамандар даярлау жолға қойылуда.

Сонымен қатар әлемдік деңгейдегі сапалы білім басқа өңірлерге де қолжетімді болуы керек деп санаймыз.

Сондықтан шетелдік филиалдарды орналастыратын жерді таңдаған кезде облыстардың салалық мамандануы мен кадрлық қажеттілігі ескеріледі.

Бір сөзбен айтқанда, құрметті қонақтар, әрине, сіздердің көмектеріңізбен халықаралық академиялық серіктестіктің мықты базасын құрдық. Ол үшін барша әріптестерімізге және достарымызға ризашылығымызды білдіреміз»,-деді Президент.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды Орталық Азияның академиялық хабына айналдыру жұмысының келесі кезеңінде ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға және бірлескен зерттеу жобаларын дамытуға басымдық берілетінін айтты.

«Енді мен білікті кадрлар, ғылыми жетістіктер және инновациялар арқылы елімізде әлемдік деңгейдегі білімді орнықтыру жөнінде міндет қойдым.

Академиялық хабты дамытудың екінші кезеңінде біз белсенді ғылыми ынтымақтастыққа, бірлескен зертханалар ашуға және серпінді технологиялық жобаларды жүзеге асыруға баса мән беруді жоспарлап отырмыз.

Осы орайда, біз жетекші шетелдік университеттерге барынша қолайлы жағдай жасауға және ғылыми-зерттеу бағытындағы жаһандық ынтымақтастық аясын кеңейтуге айрықша назар аударамыз»,-деді ол.