Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні білім мен ғылым саласына кіріктіру қажет деп санайды. Президенттің пікірінше, ЖИ-ді қолданысқа енгізу қарапайым бағдарлама сатып алумен шектелмеуге тиіс.
Тоқаев «Халықтық құрылыс» бастамасын жүзеге асыру үшін қандай мамандар қажет екенін айтты
104
оқылды

Президент елімізді жан-жақты трансформациялауға қажетті білікті маман даярлау ісін екінші өзекті бағыт ретінде атады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

– Қазақстан «Халықтық құрылыс» бастамасын іске асыруға кірісті. Бұл жай ғана жекелеген нысандардың құрылысы емес. Оның аясында энергетикадан, соның ішінде атом қуатынан бастап көлік, су шаруашылығы және цифрлық нысандарды қамтитын ұлттық инфрақұрылымды жаппай жаңғырту үдерісі жүзеге асырылады. Осы жалпыұлттық бастаманың негізгі қағидаты өте қарапайым: «Құрылыс және тағы да құрылыс». Әсілі, бұл – біздің жаңа жасанды интеллект дәуіріндегі сын-қатерлерге беретін жауабымыз. Бұрын-соңды болмаған ауқымды міндетті іске асыру үшін инженерлердің, техникалық мамандар мен зерттеушілердің жаңа буынын даярлау керек. Серіктестерімізді аталған басым бағыттар бойынша кадр даярлау және қолданбалы зерттеулер жүргізу ісіне атсалысуға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні білім мен ғылым саласына кіріктіру қажет деп санайды. Президенттің пікірінше, ЖИ-ді қолданысқа енгізу қарапайым бағдарлама сатып алумен шектелмеуге тиіс.

– Заманауи оқу бағдарламаларын, оқытушылар құрамын даярлау керек. Сонымен қатар сенімді цифрлық инфрақұрылым құруға және жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдаланудың нақты қағидаттарын әзірлеуге мән берген жөн. Ықпалдастығымызды одан әрі өрбітуге не кедергі болып тұрғанын ашық айтыңыздар. Қаржылық шектеулер, әкімшілік рәсімдер ортақ жұмысымызға қалай әсер етеді? Академиялық ұтқырлыққа қаншалықты кедергі келтіріліп отыр? Ондай келеңсіздіктерді анықтап, жою қажет. Таяу арада қандай жобаны іске қоса аламыз? Тараптар қандай міндеттемелер алуға дайын? Нақты шешімдер қабылдауға түрткі болатын мазмұнды пікірталас өрбиді деп ойлаймын, – деді ол.