Мемлекет басшысы бүгінгі пікірталас ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашып, нақты іске ұласатынына сенім білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
– Ең алдымен біз нақты инфрақұрылым қалыптастырамыз, яғни университеттерге қажетті кампустар саламыз. Мәскеу халықаралық қатынастар институтын, сондай-ақ Кардифф университетін өте жақсы мысал ретінде атап өттік. Келесі жылы Астанада бірқатар кампусты іске қосамыз. Аталған жұмыс жалғаса беруге тиіс. Өйткені бұл – біз үшін аса маңызды басымдық. Елордада немесе еліміздің басқа өңірінде филиалын ашқысы келетін кез келген университетке қолдау көрсетуге әзірмін. Форум мінберінде айтқанымдай, біз Қазақстанда сарапшылар әлеуеті, білім мен тәжірибе шоғырланғанын қалаймыз. Соған мүдделіміз. Сол себепті ғылым, білім мен жоғары технологиялар біз үшін өте өзекті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
