Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен Тәртіп» қағидатын Әділетті Қазақстанды құру жолындағы басты ұстанымы деп атады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
– Наурыз айында өткен жалпыұлттық референдумда мемлекетіміздің төлқұжаты – Конституциямызды қабылдадық. Мұны ұлтымыздың тағдырына тікелей әсер еткен тарихи шешім болды десек, артық болмас. Конституцияда Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, жалпыұлттық бірлігімізді күшейту мемлекетіміздің негізгі қағидаттары болып бекітілді.
Адам капиталын, білім-ғылымды, инновацияны дамыту конституциялық мәні бар стратегиялық міндет деп танылды. Біз ұлт Конституциясында «Заң мен Тәртіп» қағидатын халқымыздың аса маңызды құндылығы деп айқындадық. «Заң мен Тәртіп» – мен үшін Әділетті Қазақстанды құру жолындағы басты ұстаным.
Түптеп келгенде, ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер дәл осы қағидатқа негізделеді. Өйткені заң үстемдік етпесе, қоғамда тәртіп болмаса, ешқандай реформаның нәтиже бермесі айдан анық, – деді Президент.
