Прокуратура анықтаған заңбұзушылықтың нәтижесінде мемлекет бюджетіне түспей қалған 14,2 миллион теңге толық өндірілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Ақмола облысында мемлекеттік бюджетке тиесілі қаражаттың уақытылы түспеуіне қатысты заңбұзушылық анықталды. Бұл жолы прокуратура назарына Сандықтау аудандық ауруханасы іліккен. Белгілі болғандай, медициналық мекеме мемлекет алдындағы салықтық міндеттемелерін тиісінше орындамай, бюджетке тиесілі төлемдердің уақытылы түсуіне кедергі келтірген.
Ақмола облысы прокуратурасының мәліметінше, Сандықтау ауданы прокуратурасы қадағалау қызметі барысында жергілікті аурухананың салық заңнамасын сақтауына қатысты заңбұзушылықтарды анықтаған. Атап айтқанда, медициналық мекеме салықтық міндеттемелерін орындамағандықтан, мемлекет қазынасына түсуге тиіс қаражат уақытында аударылмаған.
– Осыған байланысты прокуратура тиісті шаралар қабылдап, прокурорлық ден қою актілерін енгізген. Нәтижесінде, мемлекет кірісіне жалпы сомасы 14,2 миллион теңге көлеміндегі берешек өндірілді, – дейді Ақмола облысы прокуратурасының баспасөз қызметінен.
Прокуратура өкілдерінің хабарлауынша, бюджет қаражатының толық әрі уақытылы түсуін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс мұнымен тоқтамайды. Қадағалау органы салық заңнамасының бұзылу фактілерін анықтау және жолын кесу, сондай-ақ салықтық және өзге де міндетті төлемдердің бюджетке толық түсуін қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыра бермек.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы
