Беларусь Республикасының Несвиж қаласындағы «Несвиж» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «Көгілдір күмбез құпиясы» халықаралық көрмесі ашылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Көрме Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қожа Ахмет Ясауи мұрасын елімізде және шетелде зерделеу, сақтау әрі насихаттау жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында ұйымдастырылды.

Ашылу рәсіміне Қазақстанның Беларусьтегі елшісі Тимур Жақсылықов, «Әзірет Сұлтан» және «Несвиж» музей-қорықтарының, сондай-ақ «Достар» мен «Атамекен» қазақ қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері қатысты.
Көрме келушілерді көне Түркістанның тарихи-мәдени мұрасымен және Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сәулет ерекшеліктерімен таныстырады.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, экспозицияға XII ғасырға жататын түпнұсқа терракоталық тақташалар, XIV ғасырдағы қыш қаптаманың бөлшектері, майолика мен мозаика элементтері, сондай-ақ көне жазулардың фотосуреттері қойылған.

Көрменің жеке бөлімі Қожа Ахмет Ясауидің рухани және зияткерлік мұрасына арналған. Мұнда қолжазбалар, «Насабнама» шежіресі мен Ясауи ілімін жалғастырушылардың еңбектері ұсынылған. Бұл жәдігерлер оның ілімінің түркі халықтарының рухани дәстүріне тигізген ықпалын танытады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
