Павлодар облысында интернет арқылы алаяқтық жасаған деген күдікпен 33 адам ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Олардың үшеуі – кәмелетке толмаған жасөспірімдер.
Полиция мәліметінше, күдіктілер ақпараттық технологияларды пайдаланып, алдын ала келісілген схема бойынша азаматтардың ақшасын заңсыз иемденген. Тінту барысында 120-дан астам мобильді құрылғы, 500 SIM-карта, 39 банк картасы және екі SIM-box құрылғысы тәркіленді.
– Тергеу барысында тоғыз жәбірленуші анықталды. Келтірілген шығын көлемі шамамен 40 миллион теңгені құрайды, – деді Павлодар облысы ПД ҰҚҚКБ бастығы Ғабит Қабдрахманов.
Сондай-ақ SIM-карталарды заңсыз іске қосумен және қылмыстық жолмен алынған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан деген күдікке ілінген адамдар да ұсталды.
Қазір тергеушілер әр күдіктінің қылмыстық әрекеттегі рөлін анықтап, олардың өзге де алаяқтық деректеріне қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Тергеу барысында жәбірленушілер саны артуы мүмкін.
Полиция дерегінше, жыл басынан бері Павлодар облысында интернет-алаяқтықтың 1 337 дерегі тіркелген. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 31 пайызға аз.
