Өскемен қаласында Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 3477 және 6699 әскери бөлімдерінің жас сарбаздары әскери ант қабылдап, Отан алдындағы борышын адал атқаруға салтанатты түрде серт берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Салтанатты рәсімге сарбаздардың ата-аналары мен жақындары, әскери қызмет ардагерлері, әскери бөлім басшылығы және «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев қатысты. Ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бел буған жас жауынгерлерге өңірлік қолбасшылық қолбасшысы ақжарма тілегін арнап, әскери қызметтің жауапкершілігі мен Отан алдындағы қасиетті борыштың маңыздылығына тоқталды. Абай, Қонаев, Алматы және Павлодар өңірлерінен шақырылған екі жүзге жуық мерзімді әскери қызметші сап түзеп, әскери ант мәтінін салтанатты түрде оқыды.

Осылайша, олар Ұлттық ұлан қатарындағы жауынгерлік жолын бастап, елге адал қызмет етуге уәде берді. Бұл күні жас сарбаздардың арасында бойымен көпшіліктің назарын аударған жауынгер де болды. Екібастұз қаласынан әскерге шақырылған Сергей Косованның бойы – 2 метр 10 сантиметр, ал аяқ киім өлшемі – 50. Ол алдағы бір жылда 6699 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін өтейді. Сарбаздың дене бітімінің ерекшелігін ескерген әскери бөлім басшылығы оған қажетті жағдай жасауды алдын ала қолға алған. Әскери киімі арнайы өлшеммен тігіліп, аяқ киімі жеке тапсырыспен алдырылған. Тіпті жатын орны да бойына сәйкес бейімделген. Мұның барлығы сарбаздың күнделікті тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, әскери міндеттерін алаңсыз атқаруына мүмкіндік береді.
– Әкем жағынан туыстарымның барлығы дерлік бойшаң. Соларға тартқан болуым керек, мен де ұзын бойлы болып өстім. Екібастұз қаласында баскетболмен айналысып, өңірлік жарыстарға қатыстым. Енді Ұлттық ұлан сапында қаруластарыммен бірге бір жылды абыроймен өткізіп, Отан алдындағы борышымды лайықты атқарғым келеді, – дейді қатардағы жауынгер.

Ал Өскемендегі 3477 әскери бөлімінде де айтулы оқиға тіркелді. Мұнда араға 26 жыл салып, алғаш рет мерзімді әскери қызметшілер әскери ант қабылдап, бөлімнің жеке құрамы жас сарбаздармен толықты. Бөлімде мерзімді әскери қызметшілер соңғы рет 2000 жылы Отан алдындағы борышын өтеген болатын. Содан бері күзет міндеттері негізінен офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге жүктеліп келді. Енді жаңа толқын жауынгерлер бір жыл бойы Өскемен қаласындағы мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар нысандар мен түзеу мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысады. Осылайша, бір күнде бірнеше маңызды оқиға тоғысты. Бірі – әскери өмірге алғаш қадам басқан жас жауынгерлердің салтанатты анты болса, екіншісі – Ұлттық ұланның 3477 әскери бөліміндегі 26 жылдық үзілістен кейінгі жаңа кезеңнің басталуы. Ал ерекше бойлы Сергейдің әскери қызметке қосылуы жас сарбаздар сапындағы есте қаларлық жайттардың біріне айналды.
