Қазақстанда банк картасын немесе шотын заңсыз түрде басқа адамның пайдалануына берген азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Мұндай әрекет үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қылмыстық кодекске дропперлік үшін жауапкершілік белгілейтін 232-1-бап енгізілді.
Дропперлер – банк картасын, шотын немесе банк қосымшасына кіру мүмкіндігін өзге адамдарға заңсыз беріп, күмәнді қаржы операцияларына қатысатын азаматтар. Алаяқтар мұндай шоттарды қылмыстық жолмен алынған ақшаны аудару және қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланады.
Кейде азаматтарға банк картасын уақытша пайдалануға бергені немесе басқа адамның ақшасын аударып бергені үшін сыйақы ұсынылады. Алайда мұндай ұсынысқа келісу қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Заң бойынша жазаның ауырлығы жасалған әрекеттің сипатына және келтірілген зиянға байланысты анықталады. Ең ауыр жаза мүлікті тәркілей отырып, жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
Полиция азаматтарды банк карталарын, шот деректемелерін және мобильді банкингке кіру мәліметтерін бөгде адамдарға бермеуге шақырады.
