21 қарашада Астанада алғаш рет полиция қызметкерлері мен арнайы мақсаттағы бөлімшелердің әскери қызметшілері арасында еркін күрестен WRESTLING STARS LEAGUE халықаралық турнирі өтті.
Ауқымды спорттық додаға 10 елдің балуандары, әлем және құрлық чемпионаттарының, Олимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері қатысты.

Халықаралық турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ержан Саденовтың атынан Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков қатысып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
Беделді бәсекеде Ұлттық ұланның екі әскери қызметшісі ел намысын қорғады. 74 келі салмақ дәрежесінде 6636 әскери бөлімінің әскери қызметшісі ефрейтор Санжар Досжанов Ресей балуаны Қазырық Сайынды 11:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді.

Ал 86 келі салмақта 5510 әскери бөлімінің офицері аға лейтенант Санат Қайыргелді Қырғыз Республикасының өкілі Элнур Акыбаевпен белдесіп, тартысты кездесуде 8:6 есебімен қарсыласына есе жіберді.
Айта кетейік, халықаралық турнир Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің спорттық әлеуетін танытып, кәсіби шеберлігін шыңдауға және халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
