Криштиану Роналду 1000 голға жақындады
Криштиану Роналду 1000 голға жақындады
137
оқылды

Португалиялық футболшы Криштиану Роналду кәсіби мансабындағы 1000-голдық межеге тағы бір қадам жақындады. Сауд Арабиясының чемпионатында «Әл-Наср» сапында өнер көрсететін шабуылшы кезекті голын соққанымен, командасы жеңіліске ұшырады.

Сауд Арабиясы чемпионатының 9-туры аясында «Әл-Наср» сырт алаңда «Әл-Ахлимен» кездесті. Ойынның 14-минутында Жоау Феликстің пасынан кейін Роналду есеп ашты. Алайда араға төрт минут салып, португалиялық футболшы пенальтиді сәтті орындай алмады. Оның соққан добы қақпа бағанасына тиді.

Кездесудің екінші жартысында алаң иелері ойын барысын өзгертіп, 3:1 есебімен жеңіске жетті.

Бұл гол Криштиану Роналдудың клубтар мен Португалия ұлттық құрамасы сапындағы ресми матчтарда соққан 986-голы болды. Оның 840 голы клубтық деңгейде, ал 146 голы ұлттық құрама сапында тіркелген. Осылайша, футболшы тарихи 1000 голдық межеге жету үшін тағы 14 гол соғуы қажет.

41 жастағы шабуылшы бұл көрсеткішке қол жеткізген жағдайда ресми матчтардағы мансабында 1000 гол соққан алғашқы футболшылардың бірі ретінде тарихқа енеді.