Алаш қайраткерлері ХХ ғасырдың басында қазақ мемлекеттілігін халықаралық деңгейде мойындатуға күш салған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оған дәлел – Жапония Сыртқы істер министрлігінің архивінде сақталған Райымжан Мәрсековтің 1919 жылғы үндеуі.
Алаш қайраткері, заңгер Райымжан Мәрсеков 1919 жылғы 17 қаңтарда Владивосток қаласында Жапония үкіметіне арнайы хат жолдап, Алашорданы мойындауды, дипломатиялық байланыс орнатуды және өзге мемлекеттердің де қазақ автономиясын тануына ықпал етуді сұраған. Тоғыз беттен тұратын құжаттың жапон тіліндегі аудармасы сақталғанымен, түпнұсқасы әзірге табылмаған. Бұл құжатты жапон ғалымдары Рёсукэ Оно мен Томохико Уяма зерттеп, 2022 жылы ғылыми айналымға енгізді.
Хоккайдо университетінің профессоры, тарихшы Томохико Уяманың айтуынша, Райымжан Мәрсеков хатында қазақ халқының тарихын, Алашорданың құрылу себептерін, Түркістан және башқұрт халқымен одақтасу жолындағы әрекетін баяндаған. Сондай-ақ елдегі азық-түлік тапшылығы мен жұқпалы аурулардың таралуына байланысты Жапониядан медициналық, қаржылай және әскери көмек сұраған. Зерттеушінің назарын аударған тағы бір жайт – Мәрсековтің үндеуінде Колчак үкіметін бірде-бір рет атамай, Алашорданы дербес саяси құрылым ретінде таныстыруы.
Архив құжаттарында Райымжан Мәрсековтің Владивостоктағы Жапония вице-консулымен кездескені де айтылады. Келіссөз барысында қазақтардың болашақта көршілес мұсылман халықтарымен бірге тәуелсіз мемлекет құру ниеті сөз болған. Бұдан бөлек, Алашорда Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін, 1919 жылы ұйымдастырылған Париж бейбітшілік конференциясына өз өкілін жіберуді жоспарлаған. Алаш қайраткерлері осы халықаралық жиын арқылы қазақ мемлекеттілігін әлемге танытуды көздеген.
Алаштанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлының пікірінше, Жапония архивінен табылған құжат Алаш қайраткерлерінің түпкі мұраты ұлттық тәуелсіздік болғанын айғақтайды. Ғалым бұл дипломатиялық әрекетті қазақ зиялыларының өз мемлекетін халықаралық қауымдастыққа мойындату жолындағы талпынысы деп бағалайды. Оның айтуынша, аталған тарихи деректер кеңес билігінің Алаш қайраткерлерін Жапонияның тыңшысы ретінде айыптауының негізсіз болғанын да көрсетеді.
Дегенмен Райымжан Мәрсековтің дипломатиялық бастамасы нәтижесіз аяқталды. Ол кезде Жапония үкіметі Колчакты қолдау туралы шешім қабылдап қойған еді. Оның үстіне қазақ даласы Жапонияның тікелей саяси мүддесі шоғырланған аумақтан тыс жатты. Соған қарамастан архивтен табылған құжаттар Алаш қайраткерлерінің қызметі Ресей аумағындағы саяси күреспен шектелмегенін, олардың халықаралық дипломатия арқылы да қазақ мемлекеттілігін орнықтыруға ұмтылғанын көрсетеді.
