Ақын Айдана Сегізбаева қазақ әйелдерінің отбасындағы жағдайына алаңдаушылық білдіріп, қоғамдағы әділетсіздікке үнсіз қалмайтынын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ол бұл мәселеге шығармашылығы арқылы назар аударуды көздеп отыр.
Ақынның айтуынша, әлеуметтік желіде өзіне хат жазған әйелдердің тағдыры оны бейжай қалдырмаған. Ол отбасындағы қарапайым сыйластық пен қамқорлықтың өзін кей әйелдердің үлкен бақыт санайтынына қынжылды.
– Не деген тағдырың ауыр еді, қазақ қызы... Директіме келіп жатқан миллион хаттан ойыма тек осы сөз оралды. Азаматының сәл көмектескенін жетістік көріп мақтанады. Енесі бір жымиса, соны инстаграмға салып есі шығады. Бұл норма болуы керек қой, – деп жазды ақын.
Айдана Сегізбаева өзінің де 36 жасқа дейін талай әділетсіздік көргенін жасырмады. Ол қоғамдағы мәселені жалғыз өзі шеше алмаса да, оған көз жұма қарағысы келмейтінін жеткізді.
– Мен қоғамдағы әділдікті жалғыз өзім орната алмаймын. Бірақ әділдік орнау үшін үнсіз қалмаймын! Себебі осы 36 жасыма дейін әділетсіздікті көп көрдім! Мүмкін өлеңмен, мүмкін әнмен... Ең бастысы, даусым естілсе болды! Сөзім жүрегіңізге жетсе болды, – деді ол.
Сонымен қатар ақын жақын күндері жаңа ән жарыққа шығатынын хабарлады. Оның сөзінше, туындыны қырғыз тілінде орындауға ниет білдірген өнерпаз көп. Осыған байланысты ол қазақстандықтарды әннің қазақша нұсқасын YouTube желісінде қолдауға шақырды.
Айта кеткен жөн, бұған дейін Айдана Сегізбаеваның сөзіне жазылған «Баласымен ажырасқан әкелер» әні әлеуметтік желіде қызу талқыланған еді. Ақын аталған туындыны баласын жалғыз тәрбиелеп отырған аналарға және ажырасқаннан кейін әкелік міндетін ұмытқан азаматтарға арнағанын түсіндірген.
