Бүгін «Әділет» партиясынан Ақмола облыстық мәслихаты депутаттығына кандидаттар Берген Беспалинов пен Ерлан Закирьянов А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің еңбек ұжымымен кездесу өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Кездесуде жоғары білім беру жүйесін дамыту, сұранысқа ие мамандар даярлау, білім беру үдерісіне заманауи технологияларды енгізу, жастарды жұмыспен қамту және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері талқыланды.

Партияның сайлауалды бағдарламасы аясында білім беру жүйесі мен экономиканың нақты секторы арасындағы байланысты нығайтуға ерекше назар аударылды.
«Бүгінде Ақмола облысының алдында өнеркәсіпті, агроөнеркәсіптік кешенді, құрылыс саласын дамыту және цифрландыру бағытында ауқымды міндеттер тұр. Бұл міндеттерді жүзеге асыру жоғары білікті мамандар даярлауды талап етеді. Сондықтан жоғары оқу орындарының өңір кәсіпорындарымен өзара байланысын нығайтып, түлектердің кәсіби тұрғыда қалыптасуына және жас мамандардың жұмысқа орналасуына қолайлы жағдай жасау маңызды», - деді «Әділет» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Берген Беспалинов.

Өз кезегінде Ерлан Закирьянов сапалы білімнің қолжетімділігіне, ғылыми әлеуетті дамытуға және оқытушылардың кәсіби өсуіне қолайлы жағдай жасау мәселелеріне тоқталды.
«Технологиялық даму қарқыны үдеген қазіргі кезеңде цифрлық сауаттылықты арттыру, жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізу және ғылыми-зерттеу қызметін қолдау айрықша маңызға ие. Жастардың тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасауымыз қажет», - деп атап өтті Ерлан Закирьянов.

Сонымен қатар кездесуде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттер, атап айтқанда адами капиталды дамыту, экономиканы цифрлық трансформациялау және еңбек нарығының заманауи сұраныстарына сәйкес кадр даярлау мәселелері сөз болды.

Кездесу барысында қатысушылар білім беру саласын жетілдіру, жастардың кәсіби әлеуетін арттыру және өңірдің тұрақты дамуына бағытталған ұсыныстарымен бөлісті.
«Әділет» партиясы Ақмола облыстық филиалының баспасөз қызметі дайындады.
Тапсырыс беруші: Беспалинов Б.М.
Ақмола облыстық мәслихаты депутаттарын сайлауда партиялық тізімді ұсынған «Әділет» қоғамдық бірлестігінің сайлау қоры қаражатынан төленді.
