Ақмола облысының Зеренді ауданына қарасты Ақкөл ауылында қайғылы оқиға болды. Түн ішінде жеке тұрғын үйдегі пештің ақауынан түтін шығып, бір отбасының үш бірдей адамы ауруханаға жеткізілген. Алайда дәрігерлердің жанталасқанына қарамастан, 66 жастағы ер адамды ажалдан арашалай алмады, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға түнгі уақытта болған. Пештің ақауынан үй ішін түтін басқан болуы мүмкін. Зардап шеккендердің арасында зейнет жасындағы ерлі-зайыпты мен олардың немересі бар.
Үшеуі де Көкшетау қаласындағы ауруханаға жеткізілген. Медициналық тексеруден кейін 66 жастағы ер адам ауруханаға жатудан бас тартып, үйіне қайтқан. Алайда жағдайы қайта нашарлаған соң, үйдегілер жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болған. Оқиға орнына жеткен медицина қызметкерлері ер адамның қайтыс болғанын анықтаған.
Марқұмның жұбайы қалалық ауруханаға жатқызылған. Ал немересі де дәрігерлердің бақылауында.
Қайғылы жағдайдың нақты себебі әзірге белгісіз. Мамандардың болжамынша, көміртек тотығымен улану мүмкіндігі жоққа шығарылмайды. Сонымен қатар марқұмның денсаулығына байланысты өзге де факторлар болуы ықтимал. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Бұл жағдай қыс мезгілінде пешпен жылытылатын үйлердегі қауіпсіздік мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарды. Мамандар пештің жарамдылығын үнемі тексеріп, мұржаны уақытылы тазалауға, үйді желдетуге және көміртек тотығын анықтайтын арнайы дабыл құрылғысын орнатуға кеңес береді. Өйткені иісі де, түсі де жоқ көміртек тотығы адам өміріне аса қауіпті. Қарапайым қауіпсіздік талаптарын елемеу орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы
