Қаланың тұрақты дамуы ең алдымен оның инженерлік және энергетикалық инфрақұрылымының мүмкіндігіне байланысты.
Энергетикалық қауіпсіздік – өңірлік саясаттың өзегі
58
оқылды

Халық санының өсуі, жаңа тұрғын алаптарының қалыптасуы, өндірістік және логистикалық нысандардың көбеюі электр энергиясы мен табиғи газға деген сұранысты арттырып отыр. Бұл – Шымкент үшін де өзекті міндеттердің бірі. Бүгінде мегаполистің аумағы кеңейіп, экономикалық белсенділігі артып келе жатқандықтан, энергетикалық қуат көздерін дамыту, электр желілерін жаңғырту және елді мекендерді газдандыру қалалық саясаттың маңызды басымдықтарына айналды.

Энергетикалық инфрақұрылымды дамыту тек коммуналдық қызметтердің сапасын жақсарту мәселесі емес. Бұл – қаланың өн­дірістік әлеуетін арттырудың, жаңа инвестиция тартудың және экономикалық өсімге жағдай жасаудың негізгі алғышарттарының бірі. Электр энергиясының тұрақты жеткізілуі кәсіпорындардың үздіксіз жұмыс істеуіне, жаңа өндірістердің ашылуына және кәсіпкерлік бастамалардың жүзеге асуына мүмкіндік береді. Сондықтан электрмен жабдықтау жүйесін кеңейту қолданыстағы желілерді жөндеумен ғана шектелмей, болашақтағы тұтыну көлемін ескеретін ұзақмерзімді жоспарлауды талап етеді.

Шымкент қалалық Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда Шымкент қаласындағы 81 елді мекен электр қуатымен қамтылған. 2026 жылы электрмен жабдықтау бағытында 8 жобаны жүзеге асыру көзделген. Атап айтқанда, Сайрам, Сәуле шағынауданы­ның 275-орамында, Қайнарбұлақ және Тұран аумақтарында жаңа электр желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде шамамен 24 мың тұрғын сапалы әрі тұрақты электр энергиясына қол жеткізуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар Сауда-логистикалық орталы­ғына инженерлік желілер тарту, Dala Construction ЖШС нысанын электрмен қамтама­сыз ету және «Жұлдыз» индустриялық ай­мағының инфрақұрылымын дамыту жұ­мыс­тары қолға алынған. Бұл жобалардың ма­ңызы  тұрғындардың тұрмыс қажеттілігін өтеу­мен қатар қаланың өндірістік және кәсіп­керлік кеңістігін кеңейтуінде.

Екінші маңызды бағыт – табиғи газбен қамтамасыз ету. Газдандыру халықтың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, елді мекен­дердің әлеуметтік және экономикалық да­муына серпін береді. Әсіресе жаңа тұрғын алап­тары үшін газ желілерінің уақытылы тар­тылуы аса маңызды. Табиғи газға қолже­тімділік үй шаруашылықтарының тұрмыстық шығынын оңтайландыруға, жылыту жүйеле­рінің тиімділігін арттыруға және қатты отынды пайдалануға байланысты экологиялық жүктемені азайтуға ықпал етеді. Бұл тұрғыдан алғанда, газдандыруды тек инженерлік құрылыс ретінде емес, қаланың экологиялық ахуалы мен қоғамдық денсаулығына әсер ететін маңызды әлеуметтік жоба ретінде қарастырған жөн.

Шымкенттің аумағы ұлғайған сайын газ тарату желілерін де соған сәйкес дамыту қажет. Жаңа тұрғын алаптарын газбен қамтуда жобалау, құрылыс, техникалық талаптар мен қауіпсіздік мәселелері өзара үйлесімді жүр­гізілуі тиіс. Өйткені газ инфрақұрылы­мының тиімділігі оның қанша үйге жеткізілгенімен ғана емес, жүйенің сенімділігімен, үздіксіз жұмысымен және қауіпсіздігімен өлшенеді. Сондықтан газдандыру жұмыстарында техникалық бақылауды күшейту, желілердің өткізу мүмкіндігін ескеру және тұтынушы­лардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру да назардан тыс қалмауы керек.

Бүгінгі энергетикалық саясаттың тағы бір маңызды талабы – ресурстарды тиімді пайдалану. Электр желілеріндегі шығындарды азайту, заманауи есепке алу жүйелерін енгізу, энергия үнемдеу технологияларын қолдану және инфрақұрылымның тозуын төменде­ту – ұзақмерзімді тұрақтылықтың негізі. Бұл ретте қаланың инженерлік жүйелерін цифр­ландыру мен инвестициялық жобалардың тиімділігін арттырудың маңызы зор. Әрбір бөлінген қаражат нақты нәтижеге, ал әрбір жүзеге асқан жоба тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға қызмет етуге тиіс.

Шымкенттің энергетикалық инфрақұ­рылымын дамыту – бүгінгі қажеттілікті өтеумен шектелмейтін, қаланың ертеңгі экономикалық келбетін айқындайтын стра­тегиялық міндет. Электр қуаты мен табиғи газға қолжетімділік артқан сайын жаңа аумақтарды игеруге, өндіріс орындарын да­мытуға және инвестициялық тартымды­лықты күшейтуге мүмкіндік туады. Ең бастысы, бұл жұмыстардың түпкі нәтижесі әрбір тұрғынның күнделікті өмірінен көрініс табуы керек. Тұрақты энергиямен жабдық­талған, газдандыру деңгейі жоғары, заманауи инфрақұрылымы қалыптасқан қала ғана өзінің даму әлеуетін толық жүзеге асыра алады.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы