Энергия қазіргі адамзат тіршілігінің ажырамас негізін құрайды. Бүгінде энергетикалық жүйелердің дамуы XXI ғасырдың ең өзекті жаһандық сын-қатерлерімен, атап айтқанда, энергетикалық және экологиялық мәселелермен байланысты түбегейлі өзгерістерге ұшырауда.
Атом энергетикасы – технологиялық өрлеудің өзегі
76
оқылды

Бұл мәселелер бір-бірімен тығыз байланысты, өйткені негізінен қазба отынға сүйенетін энергия өндіру мен тұтынудың қазіргі моделі қоршаған ортаға айтарлықтай теріс әсерін тигізіп жатыр. Халық санының өсуі, урбандалу және индустрияландыру табиғи ресурстар мен энергетикалық жүйелерге түсетін жүктемені одан әрі арттыруда. 

Біріккен Ұлттар Ұйымының дерек­те­ріне сәйкес, 2024 жылы әлем халқының саны шамамен 8,2 млрд адамға жетіп, 1964 жылғы көрсеткіштен шамамен 2,5 есе артқан. Осындай үрдіс Орталық Азия­да да байқалады. 2025 жылға қарай өңір халқының саны 83,6 млн адамға же­тіп, 1965 жылмен салыстырғанда ша­ма­мен үш есе өскен. Осыған байланысты әлем­­нің жетекші елдері атом энергиясын пай­­далануды жүйелі түрде кеңейтіп, энер­­гетикалық ауысу мен декарбо­ни­зацияға бағытталған ауқымды бағ­дар­ламалар мен стратегияларды жүзеге асыру­да. Қазақстан үшін де мұндай ауысу қа­жеттілігі айқын.

Экологиялық және энергетикалық мә­селелер тұрғысынан алғанда, соңғы ғы­лыми зерттеулер энергетикалық ауы­су­ды төмен көміртекті және жаңар­ты­ла­тын энергия көздеріне көшумен бай­ла­ныс­тырады. Халықаралық энерге­ти­ка­лық агенттіктің (ХЭA) деректеріне сәй­кес, Қазақстан Орталық Азия елдері ара­­­­­сында жаңартылатын энергия көз­де­рін (ЖЭК) енгізу бойынша ең жоғары әлеует­ке ие. Сонымен қатар жаңарты­ла­тын және төмен көміртекті энергетика са­ласындағы жобалардың белсенді да­муы­на, сондай-ақ дәстүрлі энергия көз­де­рінің маңыздылығы сақталып отыр­ға­нына қарамастан, атом энергетикасының энер­гетикалық ауысудың жалпы тұжы­рым­дамасына толыққанды кіріктірілмеуі оның мүмкіндіктері мен болашақ даму әлеуе­тін шектейді.

Осындай жағдайда атом энергети­ка­сын дамыту Қазақстанның ұзақмерзімді энер­гетикалық саясатының маңызды ба­ғы­тының біріне айналуда. Алғашқы «Бал­қаш» атом электр станциясын салу жо­басын іске асыру еліміздің энергетика са­ласының дамуында жаңа кезеңге жол аша­ды. Сонымен қатар атом техно­ло­гия­ларын одан әрі дамыту бірқатар ғылыми-тех­никалық міндеттерді шешуді талап ете­ді. Олардың ішінде ядролық энер­ге­ти­калық қондырғыларда қолданылатын ма­териалдарды зерттеу ерекше орын ала­ды.

Радиациялық материалтану қазіргі атом энергетикасын дамытудың іргелі ғы­­лыми негіздерінің бірі болып табы­ла­ды. Себебі ядролық энергетикалық қон­дыр­ғылардың конструкциялық мате­риал­дары пайдалану барысында жоғары тем­­ператураның, радиациялық сәу­ле­лену­дің, механикалық жүктемелердің жә­не басқа да факторлардың әсеріне ұшы­райды. Бұл әсерлер материалдардың құры­лымы мен қасиеттерінің елеулі өзге­руіне әкелуі мүмкін. Осыған байланысты ма­териалдардың радиациялық төзімді­лігін, деградация механизмдерін және олар­дың физика-механикалық сипат­тамаларының өзгеру заңдылықтарын зерттеу ерекше өзектілікке ие. Мұндай зерт­теулердің нәтижелері атом энерге­ти­калық қондырғыларының қауіпсіздігін, сенімділігін және ұзақ мерзімді жұмыс іс­теуін қамтамасыз етуде маңызды рөл ат­қарады.

Бұл зерттеулердің практикалық маңыз­­дылығы Ядролық физика инсти­ту­тының ғылыми қызметімен расталады. Инс­титутта материалдарға радиациялық әсерді зерттеу, олардың құрылымы мен физика-механикалық қасиеттерінің өзгерістерін анықтау бағытында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Алынған эксперименттік деректер материал­дар­дың радиациялық төзімділігін бағалауға және оларды атом энергетикасында қол­дану перспективаларын айқындауға мүм­кіндік береді.

Менің ойымша, қазір Қазақстан үшін тек атом электр станциясын салумен шек­телмей, сонымен қатар отандық ғы­лыми-технологиялық базаны дамыту, экс­перименттік инфрақұрылымды жаң­ғырту және білікті мамандар даярлау аса маңызды. Өйткені отандық ғылыми әлеует пен құзыреттіліктің қалыптасуы ма­териалдардың сенімділігін қамтамасыз етуге, атом энергетикалық қондырғы­лары­ның қауіпсіздігін арттыруға және шет­елдік технологияларға тәуелділікті азай­туға мүмкіндік береді

Қазақстан үшін атомдық материал­тану саласындағы ғылыми зерттеулерді да­мыту ерекше маңызға ие. Отандық ғы­лыми-технологиялық базаны қалып­та­с­тыру, білікті мамандар даярлау және ма­териалдарды зерттеудің заманауи әдіс­терін дамыту атом саласының одан әрі өр­кендеуіне қажетті ғылыми негізді қам­та­масыз етуге мүмкіндік береді.

Осылайша, энергетикалық ауысу тек жаңа энергия көздерін енгізумен ғана шек­телмейді. Ол іргелі ғылымды да­мы­туды, жаңа материалдар мен техно­ло­гия­ларды жасауды, сондай-ақ еліміздің тұ­рақ­ты технологиялық дамуын қамтама­сыз ететін ғылыми-техникалық әлеуетті ны­ғайтуды көздейді.

Чингис ДАУЛБАЕВ, 

PhD, қауымдастырылған профессор, 

Ядролық физика институтының 

Қатты дененің радиациялық физикасы бөлімінің бастығы