Уақыт өткен сайын әлемде сыртқы инвестицияға талас күшейіп барады. Қазақстан да сол бәсекеде кемшін түспеуі керек. Алайда ресми мәліметке қарағанда, биылғы алғашқы жартыжылдықта елге тартылған жалпы тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 9,4 млрд долларды құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,8%-ға аз.
Ал қарсы бағыттағы инвестициялық операцияларды, соның ішінде шетелдік инвесторлар алдындағы міндеттемелерді өтеуді есепке алғаннан кейінгі таза тікелей шетелдік инвестициялар ағыны айтарлықтай қысқарған. Осы аралықта таза ТШИ көлемі небәрі 470,6 млн долларды құрап, былтырғы сәйкес кезеңіндегі 928,5 млн доллармен салыстырғанда 49,3%-ға төмендеген.
Бір қызығы, ел экономикасында соңғы он жылда осындай үрдіс белең алған. Мұны ресми статистика көрсетіп отыр, яғни инвестицияның басқа бөліктерінде теріс динамика байқалып жатса, қаражаттың осы түрі жалпы көрсеткішті әрдайым оң мәнде ұстап келеді екен. Тек алдыңғы жылы жағдай біршама өзгерген. Қайта инвестицияланған табысты есепке алмағанда, таза тікелей шетелдік инвестициялар ағыны оң көрсеткішке шығып, 647,1 млн долларға жеткен. Алайда 2026 жылдың осы кезеңінде оң динамика әлсіреп, инвестиция көлемі жоғарыда айтылған 501,6 млн долларға дейін қысқарып отыр.
Сонымен қатар қайта инвестицияланған табыс елден әкетіле бастады. Биылғы әуелгі 6 айда шамамен 31 млн доллар шетелдіктердің қалтасында кеткен. Ал бір жыл бұрын шамамен 1,7 млрд доллар болған еді. Соның арқасында шетел қаражаты дегенде реинвестиция емес, таза қаржы құйылып жатқанын аңғартады. Оның өсуі шетелдік инвесторлардың Қазақстандағы жобаларға қаражат салуды жалғастырып отырғанын аңғартады.
Тап осы шетелдік инвестиция жайына Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да арнайы тоқталған еді. Президенттің айтуынша, әлемде инвестицияға талас күшейіп келеді. Бәсекеге қабілетті болу үшін жедел шешімдер қабылдап, жылдам әрекет ету қажет. Бірақ елімізде инвестор тарту және оларды жан-жақты қолдау жүйесінде бірізділік жоқ.
– Әрбір мекеме немесе жеке тұлға ойында не бар болса, соны істей береді. Нәтижесінде кешенді көзқарас та, үйлесімділік те, сабырлық та, білім де жетіспейді. Сондықтан инвестиция тарту ісін бір орталықтан басқаруға мүмкіндік беретін тұтас жүйені жетілдіре түсу керек. Менің ойымша, баяғыдан сөреде жатқан мәселені, яғни инвестициялармен жүйелі түрде айналысатын мекемені анықтау керек. Себебі қазіргі таңда осы бағытта жүйе жоқ. Бірқатар мемлекеттік мекемеге бірдей құзыреттер берілген. Қазіргі жағдайда бұл тәсілдер заман талабына сай келмейді, әбден ескірген, – деген еді Жолдауында.
Кей сарапшылар таза шетелдік инвестицияның неліктен төмендегенін былай түсіндіріп көреді. Олар ірі мұнай-газ жобаларына салынған инвестициялардың аяқталуынан көреді. Айталық, Halyk Finance мамандарының бағалауынша, инвестиция көлемінің төмендеуіне әсер еткен негізгі факторлардың бірі – мұнай-газ саласындағы ірі жобалардың аяқталуы. Соның ішінде Теңіз кен орнын кеңейту жобасының құрылыс кезеңінен өндірістік пайдалану кезеңіне өтуі капитал қозғалысына ықпал еткен. Өйткені ауқымды жобаларға құрылыс кезінде миллиардтаған доллар жұмсалады. Ал кәсіпорын пайдалануға берілгеннен кейін инвестициялық шығындар азайып, өндіріс табыс әкеле бастайды.
Дегенмен Қазақстанға келетін шетелдік капиталдың барлық бағытта қысқарғанын айтуға болмайды. Сарапшы Нұр Қанатұлы келтірген мәліметтерге сәйкес, тау-кен өндіру өнеркәсібінен тыс салалардағы таза инвестиция ағыны 3,2 миллиард доллардан 4,3 миллиард долларға дейін өскен. Бұл дерек шетелдік инвесторлар Қазақстаннан жаппай кетіп жатыр деген пікірге қайшы келеді. Алайда мәселенің екінші жағы бар. Қазақстан экономикасы көп жыл бойы ірі шикізат жобаларына сүйеніп дамыды. Мұнай-газ саласына салынған инвестициялар өндіріс көлемін арттырып, экспорттық түсім мен салық кірістерінің өсуіне мүмкіндік берді. Бірақ мұндай жобалардың инвестициялық кезеңі шектеулі. Бір кен орнын кеңейту жұмыстары аяқталған кезде оның орнын басатын жаңа өндірістер мен инвестициялық жобалар қажет.

Сондықтан алдағы жылы елімізге шетелдік инвестициялар негізінен сол жобалардың әлеуеті мен тиімділігіне қарай іріктеліп келуі мүмкін. Жекелеген ірі келісімдер жалпы көрсеткішті жақсартады-ау дегенмен бұл тұрақты инвестициялық өсім басталды дегенді білдірмейді. Инвесторлар ең алдымен жобаның табыстылығына, электр энергиясы мен инфрақұрылымның қолжетімділігіне, өткізу нарығына және құқықтық тұрғыдағы қауіпсіздігіне жете назар аударады.
Қазақстанның шикізатты терең өңдеу, агроөнеркәсіп, логистика, энергетика және өнеркәсіптік жабдықтар шығару бағыттарында әлеуеті жеткілікті. Алайда белгілі бір саланың мемлекет үшін маңызды болғанымен, инвестор үшін үнемі тартымды бола бермеуі мүмкін. Өйткені кез келген компания салған қаражатының қанша уақытта қайтатынын және өз құқығының қаншалықты қорғалатынын білгісі келеді.
Инвестицияның азаюы мұнай бағасының төмендеуімен немесе экспорттық жеткізілімдердің бұзылуымен қатар жүруі мүмкін. Мұндай жағдайда мемлекеттік бюджет пен валюта нарығына қосымша қысым түседі. Дегенмен теңге бағамын тек шетелдік инвестиция көлеміне қарап болжау дұрыс емес. Оған экспорт пен импорт, мұнай бағасы, бюджет операциялары және ақша-кредит саясаты сияқты көптеген фактор әсер етеді.
Ал қолайлы жағдайда Қазақстан шикізат өндіруден тыс салаларға бағытталған инвестиция өсімін тұрақты үрдіске айналдыра алады. Ол үшін ең алдымен бизнестің жұмыс істеу жағдайын жақсарту қажет. Дүниежүзілік банк те Қазақстанның ұзақмерзімді дамуы үшін бәсекелестікті күшейту, мемлекеттің экономикаға араласуын азайту, инфрақұрылым мен адами капиталды дамыту маңызды екенін атап көрсетеді.
Сарапшылардың пікірінше, инвесторларға тұрақты салық саясаты, меншік құқығының нақты қорғалуы, инфрақұрылымға тең қолжетімділік және әділ бәсекелестік қажет. Бұл талаптар шетелдік компанияларға ғана емес, отандық кәсіпкерлерге де қатысты. Өйткені қазақстандық бизнес өз қаражатын жаңа өндірістерге салуға дайын боп жатса, бұл да ел экономикасына деген нық сенімнен туған әрекет. Осы тұрғыдан алғанда, инвестициялық саясаттың тиімділігін тек тартылған миллиардтармен бағалау жеткіліксіз. Ең бастысы – сол қаражаттың нәтижесінде қанша кәсіпорын ашылғаны, қанша тұрақты жұмыс орны құрылғаны, қандай технологиялар енгізілгені және экспортқа шығарылатын өнім көлемінің қаншалықты артқаны.
Тікелей шетелдік инвестицияның таза ағыны екі есеге жуық қысқаруы – Қазақстан экономикасы үшін назар аударуға тұрарлық белгі. Бұл инвесторлардың елден жаппай кетіп жатқанын білдірмейді. Бірақ экономиканың ірі шикізат жобаларына тәуелділігі әлі де жоғары екенін көрсетеді. Ендігі басты мәселе, Үкіметтің алдағы үш-бес жылға арналған нақты инвестициялық жоспары қандай болмақ? Мұнай-газ саласындағы ірі жобалардың орнын қандай өндірістер басады? Қазақстан экономикасы шикізат экспортына тәуелділікті азайтып, жаңа табыс көздерін қалыптастыра ала ма? Инвестиция статистикасындағы қазіргі өзгерістер осы сұрақтарға жауап іздеуді талап етеді.
Ербол ТҰРЫМБЕТ
