Елімізде ЖРВИ мен тұмаудың таралу деңгейі бақылауда.
Қазақстанда тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты
Фото: gov.kz
155
оқылды

Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі ЖРВИ мен тұмау ауруларының маусымдық өсуіне дайын. Мектептердегі эпидемиологиялық жағдай шектеу шараларын енгізуді қажет етпейді. Бұл туралы ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қыркүйек айының басынан бері елде ЖРВИ-дің шамамен 1,5 миллион жағдайы тіркелді. Соңғы аптада 133 мыңнан астам жағдай анықталған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,7 есе аз.

Тұмаудың алдын алу мақсатында биылғы эпидемиологиялық маусымға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдары ескерілген 2,2 миллион доза вакцина сатып алынды.

Бүгінгі таңда екі миллионнан астам қазақстандық вакцина алған. Вакцинациялау науқаны 1 желтоқсанға дейін жалғасады.

Халықтың ең осал топтарын – балаларды, жүкті әйелдерді, егде жастағы адамдарды және созылмалы аурулары бар азаматтарды қорғауға ерекше назар аударылады.

Қазіргі уақытта еліміздің мектептерінде оқушылар санының 20%-дан астамы ЖРВИ-мен ауыратын сыныптар тіркелмеген. Оқытуды қашықтан оқыту форматына ауыстыруға немесе кабинетсіз оқыту жүйесін енгізуге негіз жоқ.

Мектептер мен балабақшаларда балалардың сабаққа қатысуына күнделікті мониторинг жүргізіліп, таңертеңгі сүзгі ұйымдастырылған.

Еліміздің барлық өңірінде инфекциялық төсек-орын қорын қосымша ашу жоспарлары әзірленген. Төсек қорының жүктемесі 85%-ға жеткен жағдайда пациенттерді емдеуге жатқызуға арналған орындар саны жедел арттырылады.

Сархат Бейсенова ата-аналарды балаларында ауру белгілері байқалған жағдайда оларды үйде қалдыруға шақырды. Бұл асқыну қаупін азайтып, инфекцияның балалар ұжымдарында таралуын болдырмауға мүмкіндік береді.

Күнделікті мониторинг медициналық ұйымдарға түсетін жүктемені уақтылы бағалауға және қажетті төсек резервін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.