Энергетика министрлігі мен Energy China компаниясы ҚазҰУ базасында ғылыми орталық құру, электр желілерін дамыту және энергия сақтау жүйелерін енгізу мәселелерін талқылады.
Қазақстан мен Қытай бірлескен энергетикалық зерттеу орталығын құрады
Фото: gov.kz
135
оқылды

Қытайға жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов China Energy Engineering Group (Energy China) корпорациясының директорлар кеңесінің төрағасы Ни Чжэньмен екіжақты келіссөздер жүргізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Кездесудің негізгі тақырыбы жекелеген нысандарды іске асырудан кешенді ғылыми-техникалық әріптестікке көшу, тәжірибе алмасу және Қазақстанның энергетикалық жүйесінің сенімділігін арттыруға бағытталған инженерлік шешімдерді бірлесіп әзірлеу болды.

Тараптар ғылыми-зерттеу бағытына ерекше назар аударды. Қазақстан тарапы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында бірлескен зерттеу орталығын құру бастамасын қолдады. Energy China институттарының көпжылдық талдамалық және жобалау тәжірибесін ірі инженерлік жобалардың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге, энергетикалық жүйені цифрландыруға және салалық деректер базасын қалыптастыруға пайдалану көзделіп отыр.

Сонымен қатар тараптар сутегі энергетикасын дамыту перспективаларын талқылады. Бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында Қазақстандағы алғашқы сутегі өндіру қондырғысы іс жүзінде іске қосылған.

Келіссөздердің жеке бағыты магистральдық желілік инфрақұрылымды дамыту және энергетикалық жүйенің теңгерімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналды. Атап айтқанда, «Екібастұз – Балқаш» бағыты бойынша қуаты 2 ГВт тұрақты ток электр беру желісін салу жобасының перспективалары қаралды. Аталған жоба бойынша қазақстандық тарап қажетті есептеулерді жүргізіп, техникалық-экономикалық негіздемені әзірледі.

Сондай-ақ өнеркәсіптік энергия сақтау жүйелерін (ЭСС) дамыту мәселелері талқыланды. Негізгі қосалқы станциялар мен қосылу нүктелері айқындалғаны атап өтілді. Энергия сақтау жүйелеріне салынған инвестициялардың қайтарылу тетіктерін бекітетін тиісті заң жобасы бірінші оқылымнан өтті. Заңнамалық түзетулер қабылданғаннан кейін тараптар осы бағыттағы бірлескен жобаларды практикалық тұрғыда пысықтауға дайын.

«Бүгінде Energy China компаниясымен әріптестігіміз жаңа деңгейге көтеріліп, бірлескен ғылыми жұмысқа, инженерлік құзыреттермен алмасуға және желілерді дамытуды кешенді жоспарлауға бағытталуда. ҚазҰУ базасында зерттеу орталығын құру, тұрақты ток технологияларын және энергия сақтау жүйелерін дамыту Қазақстанның энергетикалық жүйесінің сенімділігі мен орнықтылығын арттыруға тікелей ықпал етеді», – деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.

Кездесу барысында тараптар жаңартылатын энергия көздері саласындағы қолданыстағы жобалардың іске асырылу барысын да талқылады.

Energy China ақпаратына сәйкес, Түркістан облысындағы қуаты 300 МВт «Сауран» күн электр станциясын желіге қосу мерзімінен бұрын, яғни ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарланып отыр.

Ал Қарағанды облысында қуаты 500 МВт жел электр станциясын салу жобасы бойынша құрылыс кезеңіне жедел көшу мақсатында инвестициялық келісімнің жекелеген параметрлерін түпкілікті келісу жұмыстары жүргізілуде.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар технологиялық ынтымақтастықты тереңдетуге, тәжірибе алмасуға және бірлескен ғылыми-инженерлік бастамаларды іске асыруға өзара мүдделілігін растады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.