Бүгінде екпе жайлы ақпарат қолжетімді, ата-аналардың сауаты да артып келеді. Соған қарамастан баласына екпе салдырудан бас тартатындар әлі де бар. Мұндай шешімге не себеп? Бұл екпеге деген сенімсіздік пе? Әлде баланың иммунитеті табиғи жолмен қалыптасу керек деген ұстаным ба? Ата-аналардың екпеге қатысты күмән мен алаңдаушылығының астарында не жатыр? Осы мәселелерді саралап көрдік.
Ата-аналар баласына екпе салдырудан неге бас тартады?
100
оқылды

«Үш балама да екпе салдыртпадым»

 XXI ғасырда өмір сүріп жатқан ұрпақпыз. Қазіргі қоғамда адамдарды  X, Y, Z ұрпақтарына бөліп, қарастырады. Цифрлық технологиямен өскен ұрпақтың басы 29 жасқа келді. Олардың өзі отбасын құрып, бала сүйіп отыр. Соның ішінде екпеге күмәнмен қарайтыны жоқ емес. Сондай ананың бірі – Әйгерім Нұржан. Жасы – 29-да, Астананың тұрғыны.

Айтуынша, өзі емханада істейді. Мамандығы – дәрігер. Алан есімді ұлы биыл үш жасқа толады. Бірақ әлі күнге дейін екпе салдыртпаған.

– Дәрігер болсам да,  ұлым дүниеге келісімен ешбір екпені салдыртпадым. Өсіп, буыны бекіп, иммунитеті көтерілсін, кейін салдыртамын деп ойладым. Бірақ өткенде қызылшамен ауырып, ыстығы түспей, ауруханаға түстік. Балам әбден қиналып кетті. Аллаға шүкір, есін жиып, ыстығы түсіп, қызылшасы кете бастады. Ұлымның екпе алмағанын анам естіп, ұрсып, сөккені бар. Кім біледі, ол айтқандай, уақытында екпені алғанда бұлай жаны қиналмас па еді. Алдымен сауығып алсын, содан кейін екпені ойланармыз, – дейді Әйгерім.

Қызылордалық Айзада есімді келіншек төрт баласына екпе салдыртпаған. Айтуынша, бірде-бір баласы ауырмаған.

– Үлкенім – 10 жаста. БЦЖ-дан бастап ешқандай екпе салынбады. Қазір 5-сынып оқиды. Одан кейінгі үш балама да екпе салдыртқаным жоқ. Шүкір, ешбірі қатты ауырған емес, – деді 31 жастағы келіншек.

Көпбалалы ана балаларын екпесіз балабақша мен мектепке қалай бергенін айтпады. Оның сөзінше, балалары жекеменшік балабақшаға барып, ақылы мектепте оқиды.

Баласына екпе  салдыртпаған бұлар ғана емес. Мұндай жағдайлар да кездеседі. Балабақша меңгерушісіне аздаған сый-сияпат берсе, алаңсыз орналасатынын да айтып қояды. Осының анық-қанығын білу үшін мемлекеттік не жекеменшік деп бөлместен, біраз балабақша меңгерушісіне хабарластық. Бірі еңбек демалысында болса, енді біреуі сырқаттанып қалған.  Балабақшаға қабылдау тәртібіне байланысты мәселеге нақты жауап ала алмадық.  

 Дәрігерлер екпені жоспарды орындау үшін салатыны рас па?

 Екі баланың анасы Назгүл Ержанқызы екі баласына да екпе салдыртқан. Қаншама зерттеу жасалып, ғылыми түрде дәлелденген екпені салдыртпау дұрыс емес деген пікірде.

– Екі балама да екпені уақытылы салдырттым. Әрине, дәрігер емеспіз, сондықтан олардың ақыл-кеңесіне құлақ асу керек деп санаймын. Сенімді болу үшін баланы бір емес, бірнеше дәрігерге қаратып, тексеріп, олар берген ақпаратты сүзгіден өткізіп, осыдан кейін шешімді қабылдаған жөн.

Үлкен қызымда көп нәрсе білмедік, дәрігердің айтқанымен жүре бердік. Ол да дұрыс емес. «Бес саусақ бірдей емес» демекші, дәрігердің бәрі бірдей емес. Әсіресе, мемлекеттік емхана дәрігерлерінің кемшілігі – статистика үшін, өз жоспарын орындауын көздеп, ата-анаға дұрыс ақпарат бермеуі, балаға жаны ашымауы. Өйткені бір баламның бөртпесін көрген дәрігер жақпа майды жазып беріп, 2-3 күннен кейін кете салысымен екпені салып бергені бар. Ертеңінде баламның ыстығы көтеріліп, жоғалып кеткен бөртпе қайта шығып, одан әрі жағдайы нашарлай түсті. Сондықтан әрбір ата-анаға айтарым, екпе салуға асықпаңыз. Бала  мазасызданса, аллергиясы болып, кеудесі сырылдап тұрса, себебін анықтаңыз. Жалпы, екпе салдырмас бұрын баланы оған дайындау қажет. Көпке топырақ шашудан аулақпын, өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары дәрігерлер аз емес. 

Екінші баламда  екпе салдыруға асықпадым. Алдымен дәрігерге қаратып, тексеріп алған соң дәрігердің рұқсатымен салдырттым. Әр екпенің өз  уақыты бар. Мәселен, нәрестенің 6 айлығында салынатын екпені 1 жасында салдырту дұрыс емес, – дейді Назгүл Ержанқызы.

Ал Айғаным есімді келіншек балаларына перзентханадағы екпені ғана салдыртқан. Алайда одан кейінгі салынбаған екпе медициналық кітапшаға түскеніне аң-таң.

– 2,5 жасында балабақшаға беретін болып, қызылша мен пневмококк инфекциясына қарсы екпелер салуға барғанымда медбикеміз «өте жеңіл екпе, анализсіз ала бер. Сал ауруға бірден қоямыз, аузына тамыза салады» деп жабысып алды. Өзім дәрігер болмасам да шұқыланып оқитыным бар. АКДС-сіз мүлдем ОПВ-ны ауызға тамызуға болмайды, оны АКДС-пен бірге салу керек емес пе? Содан екпе кабинетіне барып, вакциналардың датасына дейін қарап, суретке түсіріп алдым, анализ тапсырып алған соң салдыртпақ болдым.

 Алты ай өткен соң қызымның вакцинация паспортын eGov-тан ашып қарасам, ОПВ бар деп белгілеп қойған. Бірден емханаға барсам, әлгі медбикеміз декретке кетіп қалыпты. Жаңадан келген медбикенің еш кінәсі жоқ, шу көтермедім. eGov-та вакцина жайлы шағым түсірдім. Өзім антиваксер емеспін, бірақ сенімсіздікті тудыратын медициналық қызметкерлердің өздері ме деп қалдым?,  – деген ол көп ата-анаға екпе жайлы дұрыс мағлұмат жетпей жатқанын тілге тиек етті. Тіпті, әлеуметтік желінің әсері барына шек келтірмеді.

 Әлеуметтік желінің екпеге әсері бар ма?

 Психолог әрі дәрігер Ақбаян Төреғалиева әлеуметтік желінің елге әсер ету күшін елемеу үлкен қателік деп есептейді.

Оның айтуынша, дәл осы нәрсе ата-ананың шешіміне қатты әсер етеді.

– Себебі біз цифрды емес, оқиғаны есте сақтаймыз. Мыңдаған бала екпені еш қиындықсыз алады, бірақ бұл туралы ешкім видео салмайды. Ал бір ананың жылап айтқан әңгімесі бір күнде мыңдаған адамға тарайды. Сол видеоны көрген ата-ана «менің баламмен де солай болады» деп қорқады.

Оның үстіне, екпеден кейін кездейсоқ сырқаттанса, бірден екпеден көреді. Шындығында, екпеден бе, әлде жоқ па, оны ешкім тексермейді, – дейді Ақбаян Төреғалиева.

 Сондықтан маман интернеттегі видеоға қарап шешім қабылдамай, күмән туындаса, дәрігерден ашық сұрауға кеңес берді.

Астана қаласындағы №2 көпбейінді қалалық аурухананың Нәрестелер физиология бөлімінің меңгерушісі Роза Мақанова әлеуметтік желінің кесірінен ғана балаға екпе салдыртпайды деп түсіну қате дейді. Дәрігер ата-аналардың екпеден бас тартуының бірнеше себебін атады.

– Иә, көпшілік Instagram, TikTok, Threads, Telegram, Facebook секілді әлеуметтік желідегі екпеге қарсы белсенділердің пікіріне алданып, ресми медицина мен мемлекеттік бағдарламаларға сенімсіздік танытып жатады. Бірақ бұл басты себеп емес.

Ең жиі айтылатын уәждердің бірі – кейбір ата-ана екпенің құрамында діни тұрғыдан тыйым салынған (харам) заттардың болуына қауіптенеді. Яғни, олар адам ағзасына сырттан араласу құдайдың жаратылысына қарсы келуі деп санайды. Екіншіден, екпенің құрамындағы қосымша заттар (мысалы, консерванттар) баланың дамуына, соның ішінде аутизм сияқты аурулардың пайда болуына әсер етеді деген ғылыми дәлелсіз ақпараттарға сенеді. Сөйтіп, жаңа туған нәрестенің ағзасына екпе ауырлық етіп, оның иммунитетін құртады деп ойлайды. Оған қоса, Үндістан секілді вакцина өндіруші елдерге сенімсіздік танытады. Соңғысы – өзінің туысы немесе танысының балаларында екпеден кейін қандай да бір асқынуын естіп, сол жағдай өз сәбиінде қайталануынан қорқады, – дейді Роза Мақанова.

Педиатр Әйгерім Зулхарнаин сол қорқыныштың салдарынан көп ата-ананың перзентхананың өзінде екпе салдырудан бас тартатынын еске салды.

– Әрине, мұның бәрі ғылыми тұрғыдан жоққа шығарылған жаңсақ пікір. Вакцина баланың дамуына кері әсер етпей, керісінше, сырқаты күшейіп кетпеуінен қорғайтынын түсіне бермейді. Тіпті, ата-аналар арасында сәби туған сәтте  В гепатитінен қорғаудың не үшін қажет екенін түсінбейтіні де бар.  Олар В гепатитіне қарсы вакцинадан кейін сарғаю пайда болады деп қауіптенеді. Өйткені вирустық гепатиттер баяу дамып, ананың қан талдауында вирус анықталмаса да, ағзада көбейіп, балаға берілу мүмкіндігін ойламайды, – дейді Әйгерім Зулхарнаин.

 Перзентханада нәрестеге екпе салуды кім шешеді?

 Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің дерегі бойынша, соңғы 5 жылдағы көрсеткіш екпе алушылардың кейбір түрі жылдан-жылға азайғанын көрсетеді. Мысалы, 2021 жылы туберкулезге қарсы вакцинаны нәрестенің 96,1 пайызына салынса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 94, 5 пайызға төмендегенін көрсетіп отыр. 

Вакцина түрі

2021

2022

2023

2024

2025

БЦЖ

96,1

93,4

93,0

94,3

94,5

АКДС-3

95,3

98,6

96,7

98,0

98,1

ОПВ-3

95,2

98,6

96,7

98,0

98,1

ҚҚП

97,4

100,2

99,0

92,7

96,4

Вакцина түрлерінің түсіндірмесі:

  • БЦЖ – туберкулезге қарсы вакцина (учаскеде жүргізілетін вакцинация).
  • АКДС-3 – дифтерия, көкжөтел және сіреспеге қарсы вакцина.
  • ОПВ-3 – полиомиелитке қарсы ауыз арқылы берілетін вакцина.
  • ҚҚП – қызылша, қызамық және паротитке қарсы вакцина.

 

Жалпы, жаңа туған нәрестеге перзентханада екі вакцина салынады. Алғашқысы 12 сағат ішінде вирустық В гепатитіне қарсы болса, екіншісі – өмірінің 1-3-күндері туберкулезден қорғайтын БЦЖ вакцинасы егіледі. Ал екпенің салу-салмауын перзентханадағы неонатолог немесе педиатр шешеді. Нәрестелер физиологиясы бөлім меңгерушісінің айтуынша, перзентханада екпе алдында баланың жалпы жағдайын бағалап, салмағын өлшеп, оның рефлексі тексеріліп, өкпесі тыңдалып, ауыз қуысы қараған соң рұқсатын беретін педиатр.

Ол белгіленген жалпы көрсеткішке сүйеніп, сәбидің салмағы кем дегенде 2 000 грамм (2 келі) болуын қадағалайды. Егер бала шала туып, салмағы оған жетпесе, екпесі кейінге шегеріліп, тиісті салмақ жинағанда салатын.

 «Баланың дене қызуы 36,5-37,5 °C тұрақты, қалыпты деңгейде  болуы керек.Туған кездегі баланың жағдайын бағалайтын Апгар көрсеткіші де өте маңызды. Әдетте, шақалақ өмірінің  алғашқы 5 минутында 7-10 балл алған дені сау нәрестеге екпе бірден рұқсат етіледі. Оның терісінің түсі сарғайып не  көгеруі болмай, бөртпенің жоқтығы тексеріледі. Физиологиялық сарғаюдың жеңіл түрі екпеге кедергі емес, бірақ айқын сарғаюы байқалса, екпе кейінге қалдырылады. Неврологиялық бұзылыстың (мысалы, құрысуы) бар-жоғы бағаланады. Тіпті, анасының анамнезі және екпе салуға уақытша немесе тұрақты қарсы көрсетілімі де ескеріледі. Егер жоғарыдағы көрсеткіштің барлығы қалыпты болса, балаға екпе салу қауіпсіз деп есептеледі және анасының жазбаша келісімінен кейін вакцина егіледі», – деді Роза Мақанова.

Вакцинациялау баланың туғандағы салмағы мен аптасына емес, оның нақты күнтізбелік жасына (жатырдан тыс жасына) негізделіп жүргізіледі. Бұл санаттағы балалар инфекцияларға өте сезімтал келетіндіктен, оларды уақытылы қорғау аса маңызды.

Дәрігердің түсіндіруінше, шала туған немесе салмағы төмен нәрестеге екпенің дозасы азайтылмайды. Оларға да толық мерзімде туған балалар сияқты қалыпты көлемде екпе салынады. Әрине,  БЦЖ (туберкулезге қарсы) екпе Қазақстандағы ережеге сай нәресте 2 келіден асқанда салынады. Ал салмағы жетпесе, оның жинағанын күтеді. В гепатитіне қарсы екпеде сәбидің салмағы жетпесе, анасының В гепатиті мәртебесіне байланысты салынады.

– Егер анасы тасымалдаушы (HBsAg оң) болса, нәрестенің жалпы жағдай қанағаттанарлық болса, екпе баланың салмағына қарамастан, туғаннан кейінгі алғашқы 12 сағатта салынады (қосымша иммуноглобулин берілуі мүмкін). Анасы сау болса, екпені баланың жағдайы тұрақталғанша немесе салмағы 2 000 грамға жеткенше шегере тұруға болады. Ал созылмалы ауруы немесе туа біткен патологиясы (жүрек ақауы, жүйке жүйесінің бұзылуы) бар балаларға екпе аурудың өршуі басылып, жағдайы тұрақталғанда (ремиссия кезеңінде) салынады. Мұндай балаларға міндетті екпелер күнтізбесінен бөлек, педиатр және бейінді маманның (невропатолог, кардиолог) қатысуымен жеке вакцинация жоспары құрылады, – деді ол.

 Әйгерім Зулхарнаин қай кезде екпені  уақытша кейінге қалдырып, мүлдем бас тартуға болатын  жағдайын айтып берді.

Сөзінше, баланың дене қызуы көтерілсе, жедел инфекциялық ауру жұқтырса, орталық жүйке жүйесінің үдемелі (прогрессивті) ауруы болса, алдыңғы екпеге берілген ауыр анафилаксиялық реакцияға көшсе, оның денсаулығын мұқият бақылап барып, шешім шығарады.  

– Нәрестенің салмағы қажетті мөлшерге жетпесе, жатырішілік инфекция немесе туа біткен сырқатпен шұғыл емдеудің қажеттілігі туындаса екпені  кейінге қалдыру мүмкін. Әдетте мұндай балалар қажетті салмаққа жеткен соң, перзентханадан шығар алдында екпесі салынады. Қандай да бір жағдаймен екпе салынбаса, оны кейін тұрғылықты жері бойынша емханадан алуға болады. Десе де, оларды белгіленген мерзімде алған дұрыс, – дейді ол.

Перзентханадан екпе алмай шыққан нәрестелердің кейінгі вакцинациясын бақылау және оны ұйымдастыру тұрғылықты жері бойынша тіркелген емхананың  медицина қызметкерлеріне жүктеледі.

 Вакцинаның пайдасы неде?

 Астана қаласындағы №2 көпбейінді қалалық аурухананың Нәрестелер физиологиясының бөлім меңгеруші Роза Мақанова әлі де болса перзентханаларда ата-аналардың нәрестеге екпе жасаудан бас тарту жағдайы кездесетінін тілге тиек етті.

Оның айтуынша, басым көпшілігі (шамамен 90-95%-ы) екпе салуға келіседі. Бас тарту көрсеткіші жыл сайын сәл құбылып тұрғанымен, бұл – денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселенің бірі.

– Өмірдің алғашқы күндеріндегі  В гепатитіне қарсы және БЦЖ екпелері – баланы қоршаған ортадағы ең қауіпті екі аурудан қорғайтын жалғыз сенімді қалқан. Оны уақытында салмау баланы үлкен тәуекелге тігумен тең. Иммунитеттің әлсіздігі: жаңа туған нәрестенің өзіндік иммундық жүйесі әлі қалыптаспағандықтан, иммунитеті әлсіз. Ана сүті арқылы берілетін антиденелер кейбір қауіпті инфекциялардан (мысалы, В гепатитінен) қорғай алмайды.

Екіншіден, нәресте перзентханадан шыққан сәттен бастап сыртқы ортамен, туыстарымен және қоршаған әлеммен байланысқа түседі. Кез келген вирус немесе бактерия оның ағзасына үлкен қауіп төндіреді. Туберкулез ауруы нәрестелерде өте ауыр өтеді және туберкулезді менингит (ми қабығының қануы) сияқты өлімге әкелетін асқынулар тудыруы мүмкін. БЦЖ екпесі баланы осындай ауыр формалардан қорғайды.

Жаңа туған нәрестенің иммундық жүйесі миллиардтаған антигендермен (бактериялар, вирустар) күресуге қауқарлы. Вакцинаның құрамындағы антигендер саны табиғи ортадағы (ауадағы, шаңдағы) микробтармен салыстырғанда өте аз және қауіпсіз, олар ауру тудырмайды, тек қорғаныс (иммунитет) түзуді үйретеді, – дейді Роза Мақанова.

Педиатрдың айтуынша, сәбиге салынатын екпелер мүлдем қауіпсіз.

– Әйтпесе, оларды балаларға қолдануға рұқсат берілмес еді. Сол себепті де  вакцина көп жылдан бері қолданылып келеді және бірқатар елдерде жұқпалы аурулардың таралуын едәуір төмендетуге көмектесіп келеді. Мәселен, В гепатитіне қарсы вакцина – тірі емес екпе. Одан кейінгі алғашқы үш күнде екпе салынған жерде қызару, ісіну және дене қызуы  аздап көтерілуі мүмкін. Әйткенмен, сәбидің ыстығы тез көтеріліп, дене қызуының қалыпты жағдайы 37,5°C-қа дейін болатынын ескерген жөн. Ондай кезде бірден дабыл қағудың қажеті жоқ. Сонымен қатар  В гепатитіне қарсы вакцина сарғаю туғызады деген де жаңсақ пікір. Нәрестенің сарғаюы – физиологиялық үдеріс, оның вакцинамен байланысы жоқ, – дейді Әйгерім Зулхарнаин.

 Вакцинаға сенімсіздікпен қалай күресуге болады?

 Нәрестелер физиологиясының бөлім меңгерушісінің айтуынша, кез келген ата-ана ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне сәйкес, олардың екпеден бас тартуға заңды құқығы бар.

– Мақсатым – мәжбүрлеу емес, ақпараттандыру. Ресми бас тарту қағазына қол қоймас бұрын, оларға ойлануға уақыт беремін және кез келген уақытта шешімдерін өзгертсе, көмектесуге дайын екенімді білдіремін. Бала өскенде балабақшаға, мектепке барғанда айналасындағы басқа балаларға да қауіп төндіруі мүмкін екенін (немесе керісінше, өзіне жұғу қаупі жоғары болатынын) айтамын. Дәрігер ретіндегі позициям – «сендер қателесесіңдер» деген айыптау емес, «мен балаңыздың денсаулығын қорғағым келеді және сіздің уайымыңызды түсінемін, келіңіз бірге талқылайық» деген ашық диалогқа шақыру керек, – деді ол.

 Екпеден бас тартқан кейбір ата-аналар кейін баласына екпе салдыруға қайта келе алады. Сондықтан Ақбаян Төрағалиева ата-аналардың вакцина салдырудан қорқатынын түсіністікпен қарауды кеңес берді.  Айтуынша, ешбір ата-ана баласына жамандық тілемейді, бұл қорқыныш та балаға деген махаббаттан туады.

– Бұрынғы ата-аналар қызылша, көкжөтел сияқты аурулардан балалардың қалай қиналғанын өз көзімен көрген. Қазіргі жас ата-аналар ол ауруларды көп көрмеген. Ауру көзге көрінбеген соң, адам екпенің өзінен қорқа бастайды. Тағы бір себебі – кінә сезімі. Ата-ана «Екпе салдырып, балама бір нәрсе болса, өзімді кешірмеймін» деп ойлайды. Ал екпе салдырмай, бала ауырып қалса, бұл да ата-ананың шешімінің салдары екенін көбі ескере бермейді. 

Екпе салмаған ата-ананы ұрсып, ұялтуды емес, адамға «сіз қателесесіз» десе, ол одан сайын өз дегенінен қайтпайды. Оның орнына «Сізді не мазалап жүр?» деп сұрап, тыңдау керек. Біз, дәрігерлер, асықпай, түсінікті тілмен айтуымыз керек. Екпеден кейін аздап қызу көтерілуі, екпе салған жер ауыруы мүмкін. Мұны жасырмау керек: бұл қалыпты жағдай, бірнеше күнде басылады. Сонымен қатар шындықты да айту керек. Биыл елімізде қызылшамен аурудың 5 мыңнан астам жағдайы тіркелді, ауырғандардың басым бөлігі – екпе алмаған балалар. Бұл екпеден бас тартудың нақты салдары. Сенім бір күнде орнамайды. Ол әр дәрігердің әр ата-анамен шыдамды әңгімесінен басталады, – деді  Ақбаян Төрағалиева.

Қорыта айтар болсақ, екпе салдыру немесе салдырмау – әр ата-ананың жеке шешімі. Алайда оның салдары тек бір отбасымен шектелмейді. Шындағанда сырқаттың шеті көрінбейді, өршісе бүкіл қоғамға қауіп төндіреді. Сондықтан вакцинация мәселесінде қорқыныш пен күмәннің орнын нақты ғылыми дерек пен дәйекке ден қою керек. Ал ата-ананың сенімін арттыру үшін медицина мамандары ашық сөйлеп, әр сұраққа түсінікті әрі дәлелді жауап беруге дайын болуы қажет. Өйткені баланың денсаулығын қорғау – ата-ана мен дәрігерге ортақ жауапкершілік.