Таңертең ерте тұрған Тазша бала Есілдің жағасына келіп, серуендеп әрі-бері жүр еді, қасынан зу етіп Желаяқ өте шықты.
Тазша бала өкпелеп кетті
108
оқылды

Оның жай жүргенінің өзі құйын ойнатып, шаң боратады емес пе, Тазша бала тұншығып қала жаздады. Үсті-басын қаққыштап Желаяқ кеткен жаққа қатулана қарады. Желаяқ артында Тазша баланың қалып кетке­нін, тоқтап оған сәлем бермегенін ойлап кері бұрылды.

Ол келгенде Тазша бала тұнжырап отыр еді.

– Оу, Тазша бала! Тапқырлы­­­­ғы­ңызбен талайларды таңғалдырып, есінен тандырып едіңіз. Қабағыңыз неге қату? Әлде біреу-міреу өкпелетті ме? – деп замандасына өзімсіне қарады.

– Е, заман бұзылды ма, әлде адам бұзылды ма, білмеймін, бүгінгінің адам­дары шындыққа тіптен сенбейтін болды. Бәріне жасанды интеллект кінәлі. Бұрын мен сиыр бағып жалаңаяқ жар жағалап жүргенімде шындықты былай қойып, өтірікті суша сапыра­тынмын. Оған тіпті патшаның өзі ила­нып, қызын берген еді. Қазіргінің тас­­түйнек пәлелері ештеңеге сенбейді, – деп күйінді Тазша бала.

– Ағатай! Көптен бері күле алмай жүр едім. Сол патшаға айтқан өтірігі­ңізді маған да айтып беріңізші. Бір жадырап қалайын, – деп Желаяқ жата қалып жабысты.

– Айтайын, – деді Тазша бала көп­тен бері шындығының өзіне ешкім сенбей, теріс қарап кете бергені есіне түсіп.

– Айтыңыз.

– Айтсам, бір еріккен патша «Егер маған келіп кідірмей қырық өтірік айтар адам табылса, оған қызымды беремін. Өтірігіне бірауыз шындық қосылмауы керек. Егер шындық қосылса, басын аламын» деп жаһанға жар салыпты. Патшаның қызынан дәмелі біраз адамның басы шабылыпты. Өтірікке батырып алған бала емеспін бе, алдына жетіп бардым. «Өзің қар­шадай бала екенсің, Басың до­малап түседі ғой» деп патша мені есіркегендей болды. Сон­дағы менің айтқаным мынау еді.

– Тақсыр, әкемнің белінде, анамның көңілінде жатып, әкемнің әкесінің жылқысын он бес жыл баққан екенмін! Алған ақыма өзіме қалың беріп, әйел алып, бес-алты бала сүйген екенмін. Сол әйелімнен туған балаларымның қо­лымдағы ең кенжесі осы уақытта жиыр­маның бесеуінде, өзімнен он жас үлкен!

Жаздың қайнап тұрған ыстық күні жылқымды суарайын деп құрық үстіне құрық салып, жау тигендей қуалап, айдын шалқар бір көлге келсем, тақсыр-ай, күннің ыстығын содан білерсіз, көлдің суы кісі бойы қол ұсыным мұз болып қатып қалып­ты. Балтамен олай да шаптым, былай да шаптым, ойылмады, балтаның жүзі жапырылып қалды. Балтаны қойныма салып, сүйменімді қолыма алып, олай түйдім болмады, бұлай түйдім, болмады, сүйменім майысып қалды. «Енді не қылдым?» деп дағдарып тұр едім, Құдай дес беріп бір амал ойыма түсе қалғаны. Дереу кеңірдегімнен ұстап, басымды кеудемнен жұлып алып, ақырын ғана шекеммен бір шық еткізіп қалғанымда, тақсыр-ай, бірі өтірік болмасын, мың жылқым қатар тұрып су ішетін суат ойыл­ды да қалды. Қатқан мұздың а­стын­да қалған алпыс ала үйрек, жетпіс шіл үйрек пыр-пыр етіп ұшып кетті. Және менің бағыма көлдің суы зәрдей ащы шығып, сонда да жылқым ішіп-ішіп, іші-сырты бірдей болып, қарын­дары қампайды да қалды. Содан соң жыл­қыларымды көк мұзды жарып шық­қан сар балауса мен көк жоңышқаға ма­тап салып, санамай, түстемей, түген­дегенімде, Құдай берерін­де сүйтіп береді ғой, алты құлаш ала биеден туған, жеті құлаш жирен құлыным жылқының ішінде жоқ, ұры алғанын да білмедім, қасқыр жегенін де білмедім. Жалма-жан құрығымды мұзға шанша салып, басына шығып, төңірекке көз жіберіп едім, кө­рінбеді. «Құрығым аласа болған шығар» деп құрықтың басына қамшымды жал­ғадым, көрінбеді, оған пышағымды шан­шып, шығып қарап едім, тағы да кө­рінбеді. Пыша­ғым­ның басына қы­ным­ды шаншып, оған шығып қарап едім, сонда да көрінбеді, көңілім әлі биіктеуде болып, оған тебен шаныш­тым және көре алмадым. Әбден дағдарған соң құрығымнан ақыл сұра­дым. «Апыр-ай, енді не қылайын? Ақы­лың болса, айт­шы» дедім. Ол ант соққан жатып тұ­рып өзімді сөккені ғой. «Ит болмасаң, айналып-айналып, жерге қарай берге­ніңше көзіңді жұмып, аспан жаққа қара­саң болмас па еді!» деді. Ойлап тұр­сам, оның сөзі де жөн екен. Дереу қо­лымды созып жіберіп, бұлттың бы­лайғысын былай, олайғысын олай сыпырып жібергенімде, күннің көзі жарқырап, шайдай ашылды да кетті. Әбден бұралып болып, көзімді шарт жұмып аспанға қарағанымда бұдан артық не тамаша болсын, Темірқазықтың ар жағында, Шолпан жұлдыздың бер жағында манадан қарап, таба алмай жүрген жирен құлыным жайылып жүр екен. Әйелім ұл тапқандай қуанып, құ­ры­ғымның басында тұрып секіре беріп­пін, секіре беріппін. Жалмажан құры­ғымды қайық қылып, пышағымды ескек қылып, теңізге түсе қалып едім, шым батып барамын. Дереу пышағымды қайық қылып, құрығымды ескек қылып түсе қалғанымда кірпік қаққанша зыр етіп теңізден өте шықтым.

Тазша бала осы жерге келгенде Желаяқ жерде жата қалып, ішегі түйілуге айналып, шиқ-шиқ етіп күліп жатыр еді. Бір кезде ол орнынан тұрды.

– Тазша бала! Қатырасың, ә! Мы­надай өтірікті ешкім қиюластырып айта алмайды, – деді Желаяқ.

– Неге? Айта алады. Бірақ бүгінгі адам­дар шындықтың өзіне де сенуден қалған. 

– Сонда олар неге, кімге сенбей жүр?

– Маған сенбей жүр. Кеше мен бір топ адамның ортасында тұрып: «Аста­нада көпқабатты үйлердің бірінің тере­зесінен сегіз чемодан лық толы АҚШ доллары лақтырылып, аймақтың бәрін көк қағаз басып кетті. Аспаннан доллар жауған күн болды» десем, ешқайсысы сенбейді. «Тазша бала, сен кәдімгі бел­гілі суайтсың ғой, бұл өтірігіңді өз за­мандастарыңа барып айт» деп ортала­рынан қуып шықты. Тіпті «Са­мұ­рық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры­ның төрағасы мен «Қазақстан темір жолы» АҚ президенті қатар Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің қолына түсті» десем, өзімді мазақ етеді. «Шортандар ұсталатын ба еді? Қайда­ғыны айтпаңыз» деп қуғандай етіп шы­ғарып салды. Соған ренжіп келемін. Ба­ры осы, – деп Тазша бала ауыр күрсінді.

– Терезеден тастағаны сегіз чемодан болса, басқа құпия жерлерге жасырғаны қанша болды екен? – деп Желаяқ таң қалды.

– Тазша бала! Бүгінгінің адамдарын ештеңемен таңдандыра алмайсыз. Одан да Сізді арқалап, өткен ғасырларға апарып тастайын. Сол замандар тыныш, – деді Желаяқ.

Тазша баланың көнбеске шарасы қалмады. Желаяқ Тазша баланы арқа­сына отырғызды да зымырандай ұшып бара жатты.

Соңында будақ-будақ шаң-тозаң қалды...

Сабырбек ОЛЖАБАЙ