Оқу жағдайына байланысты басталған студенттердің наразылығы тәртіпсіздік пен тонауға ұласқаннан кейін Францияда нәсілдік теңсіздік пен полицияның әрекеті туралы пікірталас күшейді. Саяси күштер оқиғаның себептерін әртүрлі түсіндіріп, жауапкершілікті бір-біріне артуда.
Франциядағы наразылық нәсілдік теңсіздік туралы ескі дауды қайта қозғады
Франция үкіметі тәртіпсіздіктерге ультрасолшыл топтардың арандатушылық әрекеттері ықпал етті деген ұстанымда. Фото The Wall Street Journal сайтынан алынды. Авторлығы: Agence France-Presse / Sameer Al-Doumy
128
оқылды

The Wall Street Journal басылымының материалы негізінде Aikyn.kz Францияда нәсілдік мәселелерді ашық талқылау неліктен күрделі тақырып болып келгенін түсіндіреді.

Бастапқыда студенттердің оқу жағдайына қатысты талаптарынан туындаған наразылық кейін жаппай тәртіпсіздікке айналған. Бетперде тағып, қара киім киген адамдардың қатысуымен өткен оқиғалар кезінде тонау жағдайлары тіркелгені хабарланды. Бірақ тәртіпсіздікке нақты кімдер жауапты екені жөнінде саяси күштер ортақ пікірге келе алмай отыр.

Франциядағы әсіре оңшыл саясаткер Марин Ле Пен тәртіпсіздікке қатысушылардың иммигранттар көп шоғырланған аудандардан келгенін мәлімдеді. Ал солшыл саясаткер Жан-Люк Меланшон басты мәселе полицияның әрекетінде деп есептейді. Оның пікірінше, құқық қорғау органдарының шамадан тыс күш қолдануы мен үйлесімсіз әрекеттері жағдайды ушықтырған.

Франция үкіметі болса, тәртіпсіздіктерге ультрасолшыл топтардың арандатушылық әрекеттері ықпал етті деген ұстанымда.

Францияның республикалық дәстүрінде азаматтардың заң алдындағы теңдігіне ерекше мән беріледі. Мемлекет азаматтарды этникалық немесе нәсілдік топтарға бөліп қарастырмауға ұмтылады. Бұл ұстанымның тарихи негізі бар. Францияда азаматтық құқық адамның шыққан тегіне емес, оның республика азаматы ретіндегі мәртебесіне сүйенуі тиіс деген қағида қалыптасқан. 

Бірақ бұндай тәсілге қатысты пікірталас бұрыннан жалғасып келеді. Оны қолдайтындар азаматтарды нәсіліне қарай жіктемеу ортақ ұлттық бірегейлікті нығайтады деп есептейді. Ал сыншылар бұл ұстаным қоғамдағы кемсітушілік пен теңсіздіктің кейбір түрлерін анықтауды қиындатауы мүмкін екенін айтады.Францияда нәсілдік және этникалық деректерді жинауға қатысты құқықтық шектеулер де бар. Бұл елде кемсітушілік мәселелері мүлде зерттелмейді дегенді білдірмейді. Зерттеушілер адамның көші-қон тарихы, ата-анасының туған елі және әлеуметтік-экономикалық жағдайы сияқты көрсеткіштерді пайдалана алады.

Франциядағы қазіргі пікірталас бір ғана тәртіпсіздіктің себептерімен шектелмейді. Бір тарап қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен заң бұзған адамдарды жауапқа тартуды маңызды деп санайды. Екінші тарап полицияның әрекетіне бақылауды күшейтіп, әлеуметтік теңсіздік пен кемсітушілікке назар аударуды талап етеді.

Қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттігі азаматтардың құқықтарын қорғау міндетін жоққа шығармаса, әлеуметтік мәселелерді талқылау зорлық-зомбылық пен тонауды ақтамайды.

Франциядағы дау елдің республикалық теңдік қағидалары мен қоғамдағы әлеуметтік әралуандықты мойындау қажеттігі арасындағы байланыстың күрделі екен көрсетеді. Тәртіпсіздіктің себептерін анықтау үшін саяси айыптаулардан бөлек, оқиғаға қатысушылар, полиция әрекеті және наразылықтың бастапқы талаптары жөніндегі тексерілген деректер қажет.