BBC Science Focus журналында жарияланған зерттеу бойынша Aikyn.kz ағзаның табиғи қорғанысын сақтаудың жолдарын түсіндіреді.
Адам ағзасында шамамен 2 триллион иммундық жасуша бар. Олардың жалпы салмағы бір келіден асады. Бұл жасушалар ағзаны вирустар мен бактериялардан қорғайды, қатерлі ісікке айналуы мүмкін өзгерген жасушаларды анықтайды. Бірақ жас ұлғайған сайын иммундық жүйенің жұмысы өзгереді. Оның басты себептерінің бірі – созылмалы қабыну.
Қабыну барлық жағдайда зиянды емес. Мысалы, жарақат немесе инфекция кезінде иммундық жасушалар зақымдалған аймаққа жиналып, ағзаны қорғайды. Қауіп жойылғаннан кейін қабыну да басылады.
Ал созылмалы қабыну кезінде иммундық жүйе ұзақ уақыт белсенді күйде қалады. Бұндай жағдай жүрек-қан тамырлары ауруларының, қатерлі ісіктің және деменцияның даму қаупімен байланысты. Оның үстіне, ағзада жиналған қартайған жасушалар қабынуды күшейтетін заттар бөледі. Нәтижесінде, иммундық жүйенің оларды жою қабілеті төмендеп, тұйық шеңбер қалыптасады.
Ғалымдардың пікірінше, иммунитетті үздіксіз күшейту емес, оның тепе-теңдігін сақтау маңызды. Жаңа зерттеулер физикалық белсенділіктің қабыну процестерін реттеуге көмектесетінін дәлелдеп берді. Белсенді бұлшық еттер қабынуға қарсы әсер ететін молекулалар бөледі. Сондықтан тұрақты жаттығумен қатар, ұзақ уақыт қозғалмай отырудан да аулақ болған жөн.
Иммундық жүйе үшін инфекциялардың алдын алу да маңызды. Ғалымдар кейбір созылмалы вирустық инфекциялар, әсіресе цитомегаловирус, иммундық жасушалардың қартаюымен байланысты болуы мүмкін екенін анықтаған.
Қартаюға қарсы зерттеулердің маңызды бағыттарының бірі – айырша безді, яғни тимуcты қалпына келтіру. Бұл орган иммундық қорғаныста шешуші рөл атқаратын Т-жасушаларын жасайды. Алайда жас ұлғайған сайын оның белсенді тіндері біртіндеп май тінімен алмасады. Зерттеулерге қарағанда, 30 жасқа қарай тимустың бастапқы тінінің 75%-ы өзгеріске ұшырайды екен.Қазір ғалымдар оның қызметін қалпына келтіру үшін гендік терапияны, дің жасушаларын және гормондық препараттарды қолдана бастады.
Тағы бір бағыт – сүйек кемігіндегі иммундық жасушалардың құрамын өзгерту. 2024 жылы жарияланған зерттеуде ғалымдар арнайы антиденелер арқылы қартайған тышқандардың сүйек кемігіндегі белгілі бір дің жасушаларын азайтып, иммундық тепе-теңдікті жақсартқан.
Басқа бір экспериментте интерлейкин-11 (IL-11) молекуласының әсерін тежейтін антиденелер алған тышқандардың өмір сүру ұзақтығы 25%-ға өскен. Бірақ бұлар әзірге жануарларға жүргізілген тәжірибелердің нәтижелері. Адамдардың өмірін дәл осылай ұзартуға болатыны әлі дәлелденген жоқ.
Ғылыми жаңалықтар иммундық жүйенің қартаюын баяулатуға жаңа мүмкіндік ашуы мүмкін. Бірақ әзірге оның тиімді әрі қауіпсіз «қайта іске қосу» әдісі толық анықталған жоқ. Сондықтан тұрақты қозғалыс пен дұрыс тамақтану, инфекциялардың алдын алу мен салауатты өмір салты ағзаның қорғаныс қабілетін сақтаудың ең сенімді жолдары болып қала береді.
