Оның әрекетінен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына 7 миллион теңгеге жуық залал келген.
«Декретке миллионмен»: Ақтөбеде жүкті әйелдерге заңсыз төлем алуға көмектескен адам сотталды
242
оқылды

Ақтөбеде болашақ аналарға декреттік төлем мөлшерін заңсыз көбейтуге көмектескен 29 жастағы әйел сотталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оның әрекетінен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына 7 миллион теңгеге жуық залал келген.

Іс материалдарына сәйкес, әйел бухгалтерлік есеп бойынша онлайн курстан өтіп, жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлемдерді есептеуді үйренген. Кейін болашақ аналарға заңда көзделген мөлшерден артық төлем алуға көмектесуді қолға алған.

Ол әлеуметтік желілерде «Декретке миллионмен» деген қызметін белсенді жарнамалаған. Оның ұсынысына қызығушылық танытқан бірнеше жүкті әйел жалған жұмысқа орналастырылып, негізсіз жоғары мөлшерде әлеуметтік төлем алған.

Сот Ақтөбе тұрғынын алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 2 жыл 7 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда оның кішкентай балалары бар екенін ескеріп, жазаны өтеу мерзімін кейінге қалдырды. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кеткен жөн, Қазақстанда жүктілікке және босануға байланысты біржолғы әлеуметтік төлем мөлшері әйелдің соңғы 12 айдағы әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысына қарай есептеледі.

2027 жылдан бастап елімізде бұл төлемнің ең жоғары мөлшері 29,4 пайызға өседі деп күтіліп отыр. Қалыпты босану кезінде төлемнің шекті мөлшері міндетті зейнетақы жарнасы ұсталғанға дейін 3,23 миллион теңгеге, ал босану кезінде асқыну болған немесе екі және одан көп бала дүниеге келген жағдайда шамамен 3,6 миллион теңгеге жетеді.