ЭКСПОРТТЫ ШЕКТЕУ МӘСЕЛЕНІ ТОЛЫҚ ШЕШЕ МЕ?
Қазақстан Үкіметі 22 наурыздан бастап кейбір азық-түлік өнімдерінің сыртқа сатылуына шектеу қойды. Алайда астық, ұн экспорты бойынша тыйымды ұзақ ұстау да қиын. Қазақстан – Орталық Азиядағы бауырлас елдерге ұн жеткізуде үлкен маңызға ие мемлекет. Әрине, оңтүстігіміздегі көршілес республикалардың ішкі нарығын Қазақстан жалғыз қамтып отырған жоқ, Ресейден де көп сатып алады. Дегенмен оларға транзит арқылы «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалап тасыған» тиімді. Оның үстіне бізден астық өндірісі бойынша алда тұрған Ресей мен Украина да астық экспортына шектеу қоюды қарастыра бастады. Бұл шешімдер астық импорттаушыларды алаңдатып отыр. Сол себепті экспортты ұзақ шектеу біздің негізгі импорттаушы көрші елдер экономикасына соққы болады. Себебі ол елдердегі бізден бидай сатып алып, өзінде ұн өндіріп отырған немесе ұнын алып, түрлі нан өнімін дайындайтын зауыттарда жұмыс тоқтап қалуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, коронавирустан кейін де өмір бар. Қазақстан мүддесі тұрғысынан қарасақ, тұрақты тұтынушының үдесінен шыға білу – нарықтың негізгі қағидасы.ӘЛЕМДЕГІ АХУАЛ ҚАНДАЙ?
БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы әлемдік нарықта бағаның өсуіне негіз жоқ деп мәлімдеді. Ұйымның бас экономисі Maximo Torero «Алдағы уақытта азық-түлік тапшылығы байқалмайды. Бидай өндірісі бірқалыпты, әлемдік нарыққа жеткізілуі тиіс қор көлемі жеткілікті», – деді 25 наурызда LeTemps басылымына берге сұхбатында. Әйтсе де, ол импорттаушы елдердің заңсыз қор жинау жанталасы мен астық экспортында көлеңкелі бизнес орын алса тәуекелдің туындайтынын жасырмаған. Өйткені азық-түлік тапшылығы болады деген дүрлігу кейбір импорттаушы елдердің әрекетінен де байқалуда. Мысалы, Қытай бір жылға жететін қоры бола тұра, АҚШ-тан ұн сатып алуды күшейткен. Bloomberg агенттігінің мәліметінше, халық саны жөнінен екі үлкен мемлекет Түркия (82 млн) мен Алжир (40 млн) де нан өнімдерін көбірек импорттай бастаған. Ал Марокко мемлекеті импортты және қор жинау процесін жеңілдету мақсатында бидайға салынатын кедендік салықты алып тастады. Дегенмен әзірге астық дақылдарын экспорттайтын елдерде өнім көлемі жөнінен қауіп жоқ. Тек нарыққа жеткізу ісінде қиыншылық тууы мүмкін. Себебі коронавирус пандемиясы кезінде қауіпсіздік үшін теңіз порттары, транзитті теміржол бекеттерінде тосқауылдар қойылуда. Егер азықтың көп бөлігін импорттайтын мемлекеттер арасында өнімді әділ, заңды түрде бөлісу жөнінен келісім болмаса нағыз дағдарыстың көкесі сол болмақ.АЗЫҚ БАҒАСЫН ҰСТАП ТҰРА АЛАМЫЗ БА?
Тоқаевтың тапсырмасынан кейін Үкімет түрлі шаралар қабылдап, бағаға бұғалық салатын бірнеше сценарий жазылғанын айтып жатыр. Ресми ақпаратқа сенсек, төтенше жағдай өткен соң да халықты ет өнімдері және көкөніспен қамтуға қаражат бар. Жалпы, Қазақстан Үкіметі дағдарыспен күресу үшін 4 триллион теңгеден астам қаражат жұмсайтыны мәлім болды. Оның 1 трлн 825 млрд теңгесі Ұлттық қордағы қаражаттан кепілдендірілген трансфер негізінде алынады. Яғни, Үкімет резервтегі ақшаның 14,7 млрд теңгесіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін сатып алады. Егер елдегі төтенше жағдай 15 сәуірден кейін де созылатын болса және өзге де қалалар карантинге жабылса, Үкіметтің шаралар жоспары да өзгеруі әбден мүмкін. Премьер-Министр Асқар Мамин төтенше жағдай уақытында барлық әкімге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын қадағалап, тұрақтандыру қорларының жұмысын реттеуді тапсырды. Барлық өңірдегі тұрақтандыру қорларында қажетті азық сақталған. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша мысал келтірсек, бүгінгі күні қорда 6 273 тонна азық-түлік бар. Оның ішінде 4 560 тонна ұн, 1 289 тонна қант, 424 тонна қарақұмық жармасы бар. Қалада көкөніс сақтайтын жеті қойма жұмыс істейді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстанда 16 наурыздан бастап бір ай бойы төтенше жағдай жарияланды. Яғни, 15 сәуірге дейін көптің көңілін күпті еткен коронавирус індетінің беті қайта ма, әлде одан жаман батпандап ене ме, ол жағы да беймәлім. Үкімет мүшелері жариялаған ресми деректерге сүйенер болсақ, ішкі сұранысты өтеуге қоймада азық жеткілікті. Әсіресе, астық жөнінен биылға жететін қор бар. Яғни, «нан болса, ән де болады» деп көңіл жұбатуға болады. Бірақ қоймадағы қордың көлемі бағаны ұстап тұруға кепіл бола алмайды. Біріншіден, логистика саласында мәселе туындауы мүмкін. Коронавирусқа байланысты қозғалыс шектеулері азық-түлікті қажет жерге дер кезінде жеткізуге қолбайлау. Осы жағдайды күн сайын емес, сағат сайын алыпсатарлар тиімді пайдаланып, қарашаның қалтасына түсуде. Әсіресе, карантинге жабылып, жұмысы тоқтаған үлкен қалалардың тұрғындары үшін ол қиынға соғады. Сол себепті қолдан жасалып отырған қымбатшылыққа әкімдер мен тиісті Үкімет мүшелері дәл қазір жауап бергені жөн.Бауыржан БАЗАР