Әкім ақшаға жақын

Әкім ақшаға жақын

Қазақстан халқы биылғы Наурыз мейрамын корона­вирус үрейімен қарсы алды. Дегенмен үшкүндік де­малыс пен үйдегі наурызкөженің дәмі қауіпті сәл де болса ұмыттыра бастағандай еді. Мейрамнан кейінгі күндері-ақ ұзынқұлақтан «Қызылорда облысының әкімі пара алып, ұсталыпты» деген ақпарат тарай бастады. Пара алу, жемқорлық дерегіне құлақ үйрен­генімен, тұтас бір өңір басшысының құрықталуы елді елеңдетпей қоймайтын хабар болатын. Иә, әдеттегідей әуелгіде түр­лі сыбыс әлеуметтік желіні кезіп кетті. 27 наурыз күні Жемқор­лыққа қарсы қызмет өкілдерінің облыстағы бірқатар тұлғаны ұстау операциясын жүргізгені белгілі болды. Қылмыстық топ­тың басында Қызылорда облы­сының әкімі Қ.Ысқақовтан бө­лек оның орынбасары М.Дел­мұханов және екі кәсіпкер Ж.Ыс­қақов пен А.Досмайылов бары анықталды. Десе де, ресми мәлімет әкім «аса ірі көлемде алаяқтық жасады» деген аз де­рекпен шектелген. 28 наурызда Қызылорда облыстық соты Қуа­нышбек Ысқақовты үй қамағына алу туралы шешім шығарды. «Сараптама нәтижесінде күдікті Қуанышбек Ысқақовқа қатысты «үйде қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өтініші қанағаттандырылды» деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі. Хабарламада Қ.Ысқақовты үй қамағында ұс­таудың уақыты, күні мен саға­тына дейін анық жазылған. Бұл­тартпау шарасының мерзімі 2020 жылдың 26 наурыздағы 22.28-ден бастап 2020 жылдың 26 мамырдағы 22.28-ге дейін екі айға жалғасады. Желідегі және кейбір БАҚ таратқан ақпаратқа сүйенсек, облыс басшысы алаяқтық жол­мен «Сыр мейірімі» қоғамдық қорындағы 80 млн теңгені ием­денді деген күдікке ілініп отыр. Масқарасы сол, бұл қаржы был­тыр жазда Арыс қаласының әс­кери қоймасында болған жой­қын жарылыстан кейін жұрттың жинап берген көмегі болып шық­ты. Яғни, әкім «аманат ақ­шаға қиянат» жасаған. Әзірге Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша күдікке ілінген әкім­нің тағдыры мен жемқорлық ісі туралы толық ақпаратты алдағы екі ай ішінде білетін боламыз. Белгілісі Қуанышбек Ысқақов Қызылорда облысына әкім бо­лып 2019 жылдың маусым айын­да тағайындалды. Оған дейін 3,5 жылдай осы облыс әкімінің орын­басары қызметін атқарып келді.  

ЖЕГІСІ КЕЛЕ БЕРЕР ЖЕГЕН ӘКІМ…

Әдетте, біздің елде жаңа әкім­ге тілек-бата «Әкім бол – хал­қыңа жақын бол» деп баста­лады. Бірақ әкімнің бәрі бірдей ол үдеден шыға бермейді, кей­бірінің ақшаға жақындығы ашық білініп, абыройсыз қалып жататыны көп. Қазақстанда пара алу дерегі бойынша ұстал­ған әртүрлі деңгейдегі әкімдерді түгендесек, есебіне биыл жетпе­сіміз анық. Тек облыстар мен ірі қалаларды билеп тұрып тұтыл­ғандарының санына екі қолдың саусағы жететіндей болды. Сондықтан лауа­зымды тұлға­лардың «жеген» ақ­шасын санап, тағылған айы­бын түгендемей-ақ, тек есім-сойларын еске тү­сіріп көрейікші. Тәуелсіз­ді­гіміздің 29 жылдық кезеңін шолып өтсек, өңірлерді әкімі жемқор атанған немесе «қақ­панға түспей» тыныш кет­кен облыстар деп бөліп қарай­тындай жағдайға жетіп қалып­пыз. Мысалы, Павлодар облы­сында екі бірдей тұлға Ғалымжан Жа­қиянов пен Ерлан Арын жем­қорлық айыбы бойынша істі болып, қызметінен кетуі респуб­лика бойынша шулы оқиға ре­тінде қабылданды. Ал Шығыс Қазақстан облысына келсек, алғашқы аты шыққан әкім – Әділ­ғазы Бергенов болды. Де­ген­мен оның есімі ел аузында жемқорлық бойынша емес, «әкім­дер төбелесі» оқиғасымен қалды. Ә.Бергенов 2009 жылдың қысында Өскеменде облыс әкімінің орынбасарлары мен түрлі басқарма басшылары туған күн кешінен кейінгі жаппай тө­белескен соң қызметінен кетті. Бір қызығы, әкімдік орын­тағынан басқа қызметке ауыс­қаннан кейін «бұрынғы ісі» қайта­ қаралып, барлық қылмы­сы әшкере болғандар да бар. Мәселен, Алматыны 7 жыл (1997-2004) басқарғаннан кейін Шығыс Қазақстан облысына билік жүргізген (2004-2007) Виктор Храпунов 1 жылдай Тө­тенше жағдай министрі қызметін атқарды. Ал кейіннен оның Ал­маты мен ШҚО әкімі кезінде істеген былығы жарияланып, шетелге тайып тұрды. Қылмысы ашылғанымен құзырлы орындардың құрығына ілінбей кеткен әкімнің бірі – Бергей Рысқалиев. Иә, Бергей туралы айтқанда алған ақшасын қоса жазған жөн секілді. Өйтке­ні еліміздегі ең бай, мұнайлы өңір – Атырау облысын бас­қарған әкімге жиыны 71 млрд теңге қаражатты қолды қылды деген айып тағылған болатын. Ресми дерек бойынша, қазір шетелде жүрген Рысқалиев бұл ақшаның үштен бірін ғана қазы­наға қайтарған. 2014 жылдың күзінде кен­шілер қаласы Қарағандыға және сол өңірге қатысты атышулы «Ахметов ісі» жарияға шықты. Қылмыстық іс Қарағанды облы­сы мен қаласының бұрынғы әкімдері Бауыржан Әбдішев пен Серік Ахметовтің де «бұрынғы қылмыстары» бойынша қозғал­ды. Бұлай деуімізге себеп – Се­рік Ахметов Қарағанды облысы­ның әкімі (2009-2012) қызме­тінен кеткеннен кейін бірнеше билік тармағының құлағын ұс­таған. Мысалы, 2012-2014 жыл­дар аралығында ол Премьер-Министрдің бірінші орынба­сары, Премьер-Министр, Қор­ға­ныс министрі қызметтерін ат­қарды. «Ахметов ісі» бойынша әңгіменің ауаны қоғамда түр­ліше өзгеріп, ақыр аяғында С.Ахметов те, Б.Әбдішев те 2 жыл мерзімге жазасын өтеп шық­қаны белгілі. «Алтын көрсе періште жол­дан таяды» дейді қазақ. Әкімдік қызмет – ақшалы жер. Есте­ріңізде болса, ана бір жылы депутат Мұхтар Тінікеев «облыс әкімдері қызметке миллион теңгемен келіп, 2 жылдан кейін қызметінен миллион доллармен кетеді. Бюджеттен айлық алады, бірақ апасының немесе енесінің атына тіркелген үш қабатты сарайда тұрады» деп ашық сынаған болатын. Соңғы жылдары жемқорлық қылмыс рейтингінде түрлі дең­гейдегі әкімдердің қатысуымен орын алатын оқиғалар көбейіп келеді.  

ЖЕМҚОР РЕТІНДЕ РЕЙТИНГІМІЗ ЖАҚСАРМАЙ ТҰР

Жемқорлыққа қарсы Transparency International халықара­лық ұйымының рейтингінде Қазақстан үнемі елеулі орынды иеленіп келе жатқанына көзіміз үйреніп, етіміз өліп кеткелі қашан?! Аталған ұйымның 2019 жылғы мәліметі бойынша, біздің ел 180 мемлекеттің ішінде 113-орынға тұрақтады. Қата­рымызда Филиппин, Замбия, Непал, Сальвадор және Сва­зиленд се­кілді елдер бар. Абырой болғанда «беделіміз» сәл өсіпті. 2018 жылы 124-орында едік. Өкі­нішке қарай, бұл санатта кезінде бір одақ құрамында бол­ған рес­публикалардан көш кейін қалып отырмыз. Қараңыз, Эсто­ния 180 мемлекеттің ішінде жем­қор­лыққа қарсы күрес көр­сеткі­шін­де 18-орында тұрса, Литва – 41, Грузия – 44, Бела­русь – 66, Ар­мения – 77-орында. Жалпы алғанда, 2018 жылы елімізде 1 724 жемқорлық ісі тіркеліпті. Былтыр қараша айында Мем­лекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев Қазақстанда пара­мен ұсталған қызметкердің басшысын да жауапқа тартатын заңға қол қойды. Заңға сәйкес, ендігі жерде министрлер мен орынбасарлары және ірі қалалар мен облыс басшыларының қара­мағындағы қызметкер парамен ұсталса, отставкаға кетуге арыз жазуы тиіс. Яғни, «Мемлекеттік қызмет» туралы заң бойынша ше­неунік қызметтен кету жө­нінде өтінішін өзін тағайындаған лауазымды тұлғаға береді. Тәуелсіздік атты ұлы көштің бойында жол-жөнекей шығар­ған бір сөзіміз бар: «Жемқорлық індет – жою міндет». Дәл қазір күллі дүние жұрты секілді қазақ та әлемдік пандемия корона­вируспен күресіп жатыр. Жан керек болса, тәртіпке бағынып вирустан құтылармыз, ал жем­қорлық індетін түбегейлі жеңіп шыға аламыз ба?  

    Бауыржан БАЗАР