Карантин кезінде меншік иелері төлемдердің мерзімін ұзарта алады
Карантин кезінде меншік иелері төлемдердің мерзімін ұзарта алады
215
оқылды
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен онлайн-брифингте қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Отыншиев қаладағы залалсыздандыру жұмыстарының жайымен таныстырды. 25 наурыздан бастап төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі Жедел штабтың шешіміне және Алматы қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің ұсынысына сәйкес, мамандандырылған компаниялар қаладағы тұрғын үй қорын жаппай залалсыздандыруды бастады. Республика бойынша ең ірі тұрғын үй қоры Алматы қаласында. Оның құрамында 800-ден астам басқару органы қызмет көрсететін шамамен 8,5 мың көппәтерлі үй, 23,5 мың кіреберіс және 4 мың аула бар.
–  Жұмыс көлемінің ауқымдылығы ескеріліп, барлық ауданда залалсыздандыру 3 күнге бөлініп, олардың жалпы санының кем дегенде күніне 33 пайызы қамтылады. Осылайша, көпқабатты үйлердің кіреберістері мен аулалары кестеге сәйкес аптасына 2 рет өңделеді. Жұмыс кестесіне келетін болсақ, залалсыздандырудың бірінші кезеңінің тәжірибесін ескере отырып, біз оларды түзеттік, ал бүгінде олар веб-сайттарда және аудандық әкімдіктердің әлеуметтік желілердегі ресми есептерінде қолжетімді. Сонымен қатар кіреберістер мен ақпараттық стендтерде орналасқан. Қазіргі уақытта жұмысқа шамамен 70 бригада, 500-ден астам адам жұмылдырылған, – деді Мейіржан Отыншиев.
Көппәтерлі тұрғын үйлерді залалсыздандыруға қолданылатын өнімдер сертификатталған және олар адамдар мен үй жануарлары үшін қауіпсіз. Ол өнімдер медициналық ұйымдарда, мектептерде және балалар мекемелерінде, бактериялық, вирустық, саңырауқұлақ этиологиясының, әсіресе қауіпті және карантиндік инфекциялардың ошақтарында профилактикалық дезинфекция ретінде қолданылады. Олар Қазақстан Республикасында және Кеден одағы аумағында қолдануға рұқсат етілген, сонымен қатар Бірыңғай санитарлық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарға сәйкес келеді. СТ-KZ сертификаттарына ие. Бұрын хабарланғандай, қала әкімдігі тұрғындарды қолдау бойынша бірқатар шараларды қабылдады. Соның ішінде алматылықтар сумен жабдықтау және су тарту қызметтеріне («Алматы Су» МКК), жылу және ыстық сумен жабдықтауға («Алматы жылу желілері» ЖШС) және электр энергиясына («Алматыэнергосбыт» ЖШС), газбен жабдықтау («ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Алматы өндірістік филиалы) және телефон байланысына («Алматытелеком» АТД) төлем жасауды кейінге қалдырды. Басқарма басшысы осы жөнінде де айтып өтті. – Бұл бастаманы лифт ұйымдары да қолдады. Олар қала тұрғындарына айыппұл санкцияларын қолданбай, екі айға (наурыз, сәуір) төлемді кейінге қалдырды. Осыған байланысты, бүгінде тұрғындар тарапынан «коммуналдық төлемдерді кейінге қалдыру жөндеу және қызмет көрсету ақыларына да қатысты ма?» деген сұрақтар жиі қойылады. Тұрғын үй саясаты басқармасы тарапынан ай сайынғы жарналар болмаған кезде басқару органдарының қызметін қамтамасыз ету мүмкін еместігін түсіндіреміз. Тұрғын үйді жөндеу және күтіп ұстау қорынан аула сыпырушылардың, клинингтік компаниялардың еңбекақысы, авариялық қызметтердің, лифтілер мен көтергіштер сияқты қауіпті техникалық құрылғыларға қызмет көрсететін ұйымдардың шақырулары, сондай-ақ кондоминиумның тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету және ортақ мүлікті қауіпсіз пайдалану, онда тиісті тәртіпті сақтау, дезқұралдарды пайдалана отырып, санитарлық ылғалды тазалау үшін қажетті басқа да шығындар төленеді. Бұл ретте, басқару органдарына төтенше жағдайдың қолданылу кезеңінде жарналарды кейінге қалдыруды көздей отырып, күрделі жөндеуге жарналар жүргізуге мүмкіндігі жоқ меншік иелеріне айыппұл санкцияларын қолданбауды ұсынамыз, – деді Қалалық тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары М.Отыншиев. Сондай-ақ, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша кондоминиум нысанының ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу бойынша қарызды өтеуге арналған төлемдерге қатысты меншік иелері де карантин уақытында төлемдердің мерзімін ұзарта алады. Төлеу мүмкіндігі болмаған жағдайда айыппұл санкциялары қолданылмайды.