1945 жылғы сәуірдің 30-ында Рейхстагқа бірінші болып Жеңіс туын тіккен қазақ офицері, «Халық қаһарманы» Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы Ақмола облысының Астанаға жақын орналасқан Тайтөбе ауылының маңындағы қыстақта дүниеге келген. 4 жасында анасы дүниеден өтіп, әкесі жалған саяси жаламен сотталып, ГУЛАГ лагерьлерінде болды. Сөйтіп, Рақымжан Тайтөбе балалар үйінде тәрбиеленді. Жеті жылдық мектепті бітірген соң, осы арадан Балқаш қаласындағы фабрика-зауыт училищесіне жіберіледі. 1942 жылы әскерге алынып, 1944 жылы Фрунзедегі (Бішкек) жаяу әскер училищесін бітірді. Сол жылдың қазан айынан бастап 1-Беларусь майданындағы Идрицк атқыштар дивизиясы құрамында 150-ші взвод басқарып, Польша және Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатынасты. Лейтенант болған ол Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетіп, ел есінде қалды. Рақымжан Қошқарбаев 30 сәуірде жауынгер Г.Булатовпен Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен алғашқының бірі болды.
Олар 300 метр жердегi фашизм ұясы - Рейхстагқа бораған оқ астынан 7,5 сағатта әзер жетiптi. Григорий Рақымжанды иығына шығарып, туды Рейхстаг қабырғасына неғұрлым жоғары тiккiзгенi өте қиынға түскенi анық. Бұл өлiмге бастарын тiккенмен бiрдей iс екенiне ешкiмнiң де таласы бола қоймас. Содан кейiн-ақ, немiстердiң мысы басылып, ендiгi қарсыласу ешқандай да ақылға сыймайтынын түсiнсе керек.