«Ардагерлер туралы» заң қабылданбақ
«Ардагерлер туралы» заң қабылданбақ
171
оқылды
Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин төрағалық еткен жалпы отырыста депутаттар «Ардагерлер туралы» заң жобасын І оқы­лымда мақұлдады. Жиында халықтың әртүрлі санатын әлеуметтік қолдау мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Нұрлан Нығматулин Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесінде аза­маттар мен кәсіпкерлерді тө­тенше жағдай кезеңінде қол­даудың қосымша шаралары ұсынылғанына тоқталды. Спи­кердің байламынша, бұл мә­лімдеме – нақты іс-қимылдар жоспары, ол қазіргі ахуалды бақылауда ұстауға мүмкіндік береді, сондай-ақ дағдарыстан кейінгі кезеңге де есептелген. Нұрлан Зайроллаұлы зей­нетақыны, АӘК, мемлекеттік жәрдемақыларды 10%-ға көтеріп индексациялау, 1 ең төменгі жа­лақы мөлшерінде қосымша әлеу­­меттік төлеммен қамты­ла­тын санатты кеңейту туралы Прези­дент тапсырмасы әлеумет үшін өзекті әрі өте маңызды екенін атап өтті. Бұл ретте 42,5 мың тең­гелік «төтенше» төлемді алу­шы­лар қатарына өзін-өзі жұмыспен қамтушылар және бұ­рын еш салық пен жарна аудармай, бей­ресми жұмыс істеп келген азаматтар да қосылып отыр. Бұдан бөлек, сақтан­ды­рыл­маған азаматтардың МӘМС жүйесі бойынша медициналық көмек алу құқығын 1 сәуірден 1 шілдеге дейін ұзарту жүктелді. Сонымен бірге волонтерлар арқылы тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікті тегін алатын азаматтар санаты кеңейтілді. Шағын және орта бизнеске арналған қосымша ұсыныстар да айтуға тұрарлық: мемқолдау көрсетілетін қызмет түрлері кө­бейеді, мемлекеттік кепілдіктер көлемі ұлғайтылады. Кредит ставкасы төмендетіледі. – Шаралар уақытылы қолға алынуда, олар ТЖ жағдайында қарапайым адамдарға да, биз­неске де қолдау жасауға бағыт­тал­ған. Енді нақты тетіктер тү­зілуі қажет. Бұл мемлекеттің елеу­лі көмегінің топтамасын қа­зақстандықтардың әрбір са­натына, әрбір салаға дейін қысқа мерзім ішінде жеткізуге мүм­кіндік береді. Демек, осы жұ­мыс­қа барлық тараптың – мем­лекеттік органдардың, депутат­тық корпустың, бизнес құры­лымның бірлесе күш салуы маңызды. Сонда күрделі кезеңді тезірек еңсере аламыз, – деді Мәжіліс төрағасы. Үкімет Жол картасы аясында адамдарды жұмыс орнымен қам­ту мәселелерін де қарастырып жатыр. Спикер Қазақстан Пре­зидентінің аграрлық секторға қатысты міндеттеріне екпін түсірді. Бұл көктемгі егін салу жұмыстары басталып жатқан қазіргі кезде көкейкесті. – Жалпы, экономикадағы және әлеуметтік саладағы дағ­дарысқа қарсы шаралар жағ­дайдың толық бақылауда екенін, сондай-ақ дағдарыстан кейінгі даму келешегі туралы түсі­ністіктің барын куәландырады. Депутаттық корпус дағдарысқа қарсы шаралардың тиімділігін заңнамалық деңгейде қамта­масыз ету үшін барлық қажетті қолдау көрсетеді, – деді Нұрлан Нығматулин. Жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары «Ардагерлер ту­ралы» заң жобасын талқылай келе бірінші оқылымда құптады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрым­бетовтің айтуынша, қолда­ныс­тағы заңнамада ардагерлерге берілетін барлық жеңілдік пен кепілдік осы құжатта топтас­тырылған. – Заң жобасы аясында ар­дагерлердің әлеуметтік қорғала­тын 5 санаты анықталды. Ау­ғанстандағы және басқа ел­дер­дегі ұрыс қимылдарына қатысқан әскери қызметшілер «басқа мемлекеттердің аумақтарындағы ұрыс қимылдарының арда­гер­леріне» жатқызылады. И­н­тер­националист-жауынгерлерді, Чернобыльдағы апат салдарын жоюға қатысушыларды, Со­циа­листік Еңбек Ерлерін әлеуметтік қолдау шараларын күшейту ұсынылады, – деді министр. Жобада 5 әлеуметтік қорға­латын санат ардагерлеріне мы­налар – Ұлы Отан соғысының ардагерлері; басқа мемлекеттер­дің аумақтарындағы ұрыс қи­мылдарының ардагерлері; же­ңілдіктер мен кепілдіктер бо­йынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер; еңбек ардагерлері; заңның күші қол­данылатын басқа да санаттағы адамдар енгізіледі.  

Елдос СЕНБАЙ