Әлем коронавируспен күресіп жатыр. Қазақстанда да төтенше жағдай жарияланды. Бірақ кейбір азаматтарымыз әлі жайбарақат. Соның салдарынан вирус жұқтырғандар күн өткен сайын көбеюде. Ал тойшыл қауымға еліміздегі төтенше жағдай да тосқауыл бола алмауда. Төрткүл әлем ішінен тынып, індеттен үрейленіп отырғанда «біздің қазекең» той тойлауын тоқтатар емес. Мысал ретінде айта кетейік, бір ғана Түркістан облысында дәл осындай себеппен әкімшілік құқықбұзушылықпен 16 тұлға қамауға алыныпты. Өзге аймақтардағы жағдай да осы тақілеттес. Талаптарды ескермей, үйінде той жасаған жекелеген азаматтар, кафе, мейрамхана және басқа да ойын-сауық орындарының иелері тиісті жазаға тартылып жатыр. Құқық қорғау органдары тарапынан төтенше жағдай жарияланғалы бері Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 476-бабымен 49 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды. Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен алған «онлайн» мәліметке сүйенсек, облыста төтенше жағдайға қарамастан құдалық өткізіп, қыз ұзатқан, туған күн тойлаған азаматтар 5 тәулікке қамалды. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді сақтамағаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 476 «Төтенше жағдай режимін бұзу» бабы бойынша 115 нысанға құқықбұзушылық туралы хаттама рәсімделіп, сотқа жолданған. Қызылорда облысында да ескертуге құлақ аспай, төтенше жағдай режимін бұзып, қызының ұзату тойын жасаған тұрғын жауапқа тартылды. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде 27 наурыз күні сағат 17.30 шамасында Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тұрғыны қызының ұзату тойын жасағаны анықталды. Той иесіне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 476-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, жинақталған құжаттар сотқа жолданды. Онлайн-режимде өткен сот шешімімен оған 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Шектеу енгізілгелі Қызылорда облысының аумағында төтенше жағдай режимін бұзып, той жасаған 13 жеке тұлға әкімшілік жауапқа тартылды. Індетке шалдыққандардың аз күнде Қызылорда облысында да көбеюіне байланысты Қызылорда қаласы мен Жаңақорған ауданында карантин жарияланды. Төтенше жағдай кезінде спорттық, ойын-сауық және басқа да бұқаралық іс-шаралар, сондай-ақ отбасылық, атаулы іс-шараларды өткізуге тыйым салынды. Соған қарамастан Шиелі ауданы Төңкеріс ауылының әкімі туысқанының үйіндегі келін түсіру тойына қатысыпты. Әкім өзі үйінде отырмаса, басқа ауыл тұрғындарынан не күтуге болады? Ақтөбе де той тойлаудан қалысар емес. Аз ғана уақыттың ішінде облыс бойынша 74 ереже бұзушылық анықталған.
– Ереже бұзатындардың көбі түнгі 22.00-ден кейін жұмыс істеп жатқан кафе мен дүкендердің иелері. Оған қоса, олар маска тақпайды, адам көп жиналатын іс-шаралар ұйымдастырады. Тыйым салынғанына қарамастан үйлену тойын өткізгендер анықталды. Бұл Қарғалы ауылында болды. Мейрамхана иесіне 26 500 теңге айыппұл салынды, – дейді өңірлік Полиция департаментінің өкілі Ерболат Сарқұлов. Ол мұндай жағдайдың осымен екінші рет тіркелгенін айтып отыр.Жамбыл облысында да құдалық өткізіп, қызын ұзатқан Талапты ауылының тұрғынына Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 476-бабының 6-бөлігіне сәйкес 10 айлық есептік көрсеткішпен айыппұл салынды. Бұл анықталғандары ғана, жазасыз қалғандары бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Тойдан бөлек, карантин кезінде көкпар ұйымдастырғандар да бар. Алматы облысының полициясы облыс аумағында бір топ ер адамның облыстағы елді мекендердің бірінде жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілерге қауіп төндіріп, көшеде көкпар тартқаны туралы бейнежазбаны тапты. Анықтау барысында оқиғаның 23 наурызда сағат 17.00 шамасында Шамалған ауылының Жібек жолы көшесінде түсірілгені белгілі болды. 27 жастағы тұрғынның іс-әрекетіне байланысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 476-бабына сәйкес, яғни «Төтенше жағдай тәртібін бұзу» дерегі бойынша әкімшілік өндіріс қозғалып, нақты процессуалдық шешім қабылдау үшін материал ауданаралық сотқа жолданған. Сондай-ақ Жуалы ауданына қарасты Нұрлыкент ауылында көкпар өткізген 37 жастағы тұрғын жазаланды. Көкпар тартыс 27 наурызда ауыл тұрғындары арасында өткізілген. Нұрлыкенттік азамат баласының 6 жасқа толған туған күнін осылай тойламақшы болған. Тәртіп сақтамаған тұрғын 7 тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Вирустың адам көп жиналатын орындарда тез таралатынын біле тұра осындай іс-шараларға қатысушылар да толастамай тұр. 26 наурыз күні елімізде әйел адам коронавирус дертінен көз жұмғаны туралы хабарланған болатын. Ол Ақмола облысы Қосшы ауылының 64 жастағы тұрғыны екені айтылды. Мәлім болғандай, марқұм шетелге шықпаған және ЖРВИ, коронавирус дертіне шалдыққандармен байланыста болмаған. 13-17 наурыз аралығында Алматыға және Шуға қонаққа барған. Міне, төтенше жағдай кезінде той тойлаудың соңы да қайғылы жағдаймен аяқталды. Сондықтан белгіленген уақыт аралығында адамдардың үйінен шықпай, сақтық шараларын сақтағаны өзі үшін де, елі үшін де маңызды екенін ұғынар сәт әлдеқашан келді. Таяуда Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев карантин жарияланған қалаларда режимді бұзғандарға енді аяушылық болмайтыны туралы ескертті. Ол сондай-ақ азаматтар мен автокөліктердің қозғалысы да қатаң тексерілетінін хабарлады. Қазіргі уақытта көп қалаларда карантин жариялануда. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантиндік режим күшейтілді. Көпшілік жиналатын жерлер жабылып, көшеде 3 адамнан артық жиналуға тыйым салынды. Екі қалада да көшеде полицей әр көлікті тоқтатып, түсініктеме алады. Қазір той тойлайтын емес, елді, халықты ойлайтын уақыт. Осы сынақтан өтсек, тойланатын тойдың бәрі алда. Елдегі болып жатқан жағдайға немқұрайды қарамай, төзімділік пен шыдамдылық танытсақ, бұл індетке де төтеп береміз.