Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аумақтық әскерлерді жасақтау туралы Жарлығы шықты.
Осыған байланысты Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев төтенше жағдай кезінде шақырылған әскери міндеттілерге жалақы төленіп, зейнетақы қорына жарна аударылатынын айтты.
«Атап айтқанда, олар тамақпен, заттай, медициналық көмекпен қамтылады. Сондай-ақ әскери міндеттілердің арнаулы жиын кезінде жұмыс орны, лауазымы сақталады. Мемлекет есебінен жұмыс орнындағы айлығы төленсе, жұмыс істемейтін азаматтарға ең төменгі айлық мөлшері (42 500 теңге) беріледі. Мәселен арнаулы жиынға шақырылғанға дейін әскери қызметшінің айлығы 200 мың теңге болса, жиынның әр айында ол осы соманы алып отырады», – деді Нұрлан Ермекбаев.
Ол сондай-ақ «Жарлықтың негізгі мазмұны – әкімдерге әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыруға құқық және мүмкіндік беру. Басты мақсат – халқымыздың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау. Аталған жарлық әкімдерді аумақтық әскерді толығымен жинауды міндеттемейді. Жиын заңға сәйкес үш айға дейін созылуы мүмкін. Әйтсе де жиынның мерзімін өз қажеттілігіне қарай жергілікті атқарушы орган белгілейді. Олар өз қаулысымен жиындарды ұйымдастырып, өңірдегі қажеттілік пен барлық шараның орындалуына қарай ертерек аяқтауына мүмкіндік болады», – деді Нұрлан Ермекбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің айтуынша жекелеген аймақтардың әкімдері 10 күндік, кейбірі одан да ұзақ әскери жиынды ұйымдастыра алады. Нұрлан Ермекбаев, сонымен қатар, мұндай жиын заң бойынша 3 айға созылуы мүмкін екенін айтып өтті.
«Кейбір аймақта әскери міндеті бар азаматтарды шақырудың мүлде қажеттігі болмайды. Әскери бөлім орналасқан аймақтарда әскери қызметшілердің біршама бөлігі қазірдің өзінде жұмысқа тартылып, бекітілген шаралар бойынша жұмыстарды атқаруда. Әскери қызметшілердің бір бөлігі басқа аймақтарға жөнелтілген. Бәрі де елдің жоғарғы әскери басшылығы мемлекеттің қорғанысқа қабілеттігін де, Қарулы күштердің жауынгерлік дайындығын да есепке алып отырғанын түсіну керек», - деді ол.
Айта кетейік, Президенттің Жарлығы күшіне енді.
«Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» 2005 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін әскери міндеттілер арнаулы жиындарға шақырылсын.
Астананың, республикалық маңызы бар қалалардың және облыстардың жергілікті атқарушы органдары:
1) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабымен келісу бойынша шақырылатын әскери міндеттілердің санын және арнаулы жиындарды өткізу мерзімдерін айқындай отырып, тиісті жергілікті әскери басқару органдары арқылы әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыруды жүргізуді ұйымдастырсын және қамтамасыз етсін;
2) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.