Әлеуметтік желіде Алматыдағы 28 панфиловшылар атындағы саябақта қырылып қалған көгершіндердің видеосы қызу талқыға түскен еді. «Неліктен?» сұрағы көптің көкейінде сайрағаны белгілі. Бірқатар азаматтар кептерлердің қырылуына дезинфекция шарасы әсер еткен болар деп топшылады. Алайда бұған санитарлар нақты жауап бере қойған жоқ. Тек мәселені зерттейтінін айтқан. Ал Алматы қаласы әкімінің орынбасары көгершіндердің қырылуына мүлдем басқа жағдай әсер еткен болуы мүмкін екенін айтты.
Қала әкімінің орынбасары Ерлан Қожағапанов көгершіндердің қырылып қалуына қатысты сарапшылар пікірі әртүрлі екенін айтады. Біріншіден, биология мен зоология сарапшылар қауымдастығы елдің саябақтағы көгершіндерді күнде тамақтандыратынын алға тартады. Әрі қыс келгенде саябақты жапқан соң жем таба алмаған көгершіндер аштан өлуі мүмкін екен.
Сондай-ақ Ерлан Қожағапанов 28 панфиловшылар атындағы саябақтағы сырғанақтарды бұзу кезінде кептерлерге зиян тиген болуы мүмкін дейді. Өйткені мұзды еріту кезінде арнайы химиялық ингредиенттер қолданады. Аталған қоспалар еріген қар суына қосылып, оны ішкен көгершіндер өліп қалуы мүмкін деген болжам айтты. Ал саябақтағы мұз айдынын бұзу жұмысы 23-25 наурыз аралығында жүргізілсе керек.
Ал саябақта жүргізілген дезинфекция шарасы туралы болжамға әкім орынбасарының берер жауабы дайын. Саябақ 19 наурыз күні залалсыздандырылған. Ал 20 наурыз күні саябақ жабылған. Елге мәлім видео болса 25 наурыз күні жарияланған. Дезинфекцияның әсері болған-болмағаны белгісіз. Алайда ол мұның әсер етуі әсте мүмкін емес екенін алға тартты. Дегенмен 2 сәуір күні көгершіндерге арнайы сараптама жасалған. Сараптама нәтижесі екі күннен соң белгілі болады.