Балкондағы концерт: «Қазағым, қазағым, оралмасын азабың!»
Балкондағы концерт: «Қазағым, қазағым, оралмасын азабың!»
Фото: Интернеттен алынды
594
оқылды
Үкімет басшысы өткізген Төтенше жағдай режимі туралы жиыннан соң, Нұр-Сұлтан мен Алматыда күшейтілген карантин мерзімі 13 сәуірге дейін ұзартылды. Үшінші мегаполис – Шымкентте де карантин жарияланды. Төтенше жағдайдың талабына сай елімізде той-жиын өткізуге, мақсатсыз үйден шығуға тыйым салынған.  Карантин талаптарын сақтап, үйде отырған Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қаласындағы көпқабатты үйдің тұрғындары балконға шығып, хормен ән шырқап жатыр. Мемлекеттік Әнұран – «Менің Қазақстанымды» бірнеше қалада (Өлеңі: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев. Әні: Шәмші Қалдаяқов) Қазақ елі хормен орындады.   Қасым-Жомарт Тоқаев https://youtu.be/KOIFi-dzirs Балконда Әнұранды хормен орындаған тұрғындарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ризашылығын білдірді.

Мемлекет басшысы Twitter-дегі парақшасында: «Елорда мен еліміздің басқа қалалары тұрғындарының Әнұранымызды бірге орындауы – Отанға деген сүйіспеншіліктің көрінісі. Халқымыздың бұл әрекеті зор құрметке лайық. Карантинде отырған азаматтарымыздың риясыз көңілі мен шынайы ниеті бұл қиындықты бәріміз бірге еңсеретінімізге сенім ұялатады. #BizBirgemiz. We shall overcome», – деп жазды.

Карантин режимі енгізілгелі ірі қалалардың тұрғындары ел арасына кең тараған әндерді орындап, бір-біріне рухани қолдау көрсетіп жатыр. https://www.facebook.com/100005149508491/videos/1569150946599874/ «Қазағым» (Өлеңі: И.Иса. Әні: Ө.Алтаев) Әулие мен абызын бағыт қылған қазағым, Домбыра мен қобызын шабыт қылған қазағым. Айдыны мен бұлағын суат қылған қазағым, Тұлпары мен қыранын қуат қылған қазағым. Қайырмасы: Қазағым, қазағым, таусылмасын ғажабың, Тарқамасын базарың, қайсар халқым-ай. Қазағым, қазағым, сарқылмасын өз әнің, Бұзылмасын ажарың, дарқан халқым-ай. Отырса да есікте тасып, толған қазағым, Аруына бесікте ғашық болған қазағым. Жазылмайтын уәдесін қазық қылған қазағым, Жаңылмайтын кәдесін азық қылған қазағым. Қайырмасы: Ақылы мен тақымын суытпаған қазағым, Ақыны мен батырын ұмытпаған қазағым. Өсиеті атаның ескірмеген қазағым, Туған жерін, Отанын қастерлеген қазағым, – деп елдің рухын көтерді. https://www.facebook.com/100005149508491/videos/1569152293266406/ «Ақ сәулем» (Өлеңі: Халықтыкі. Әні: Ө.Алтаев және А.Ыдрысов) «Өмір-өмір, өмір деген қатал-ақ, Өмірге адам келмейді ғой қайталап. Қиын екен, қиын екен сонда да...» - деген елордалық тұрғын көршілерін бірге ән шырқауға шақырды.   https://www.facebook.com/100003469236338/videos/2677107642414851/ «Атамекен» (Әні: Е.Хасанғалиев. Өлеңі: Қ.Мырза Әли) «Қайда жүрсем атамекен. Көкейіңде жатады екен. Күннің өзі ұясына, Қимай оны-ай батады екен», - деп хормен Шымкент қаласы «Нұрсәт» ықшамауданының тұрғындары  «Атамекенді» әуелетті. [caption id="attachment_32976" align="alignnone" width="1023"]балкон, Әнұран, Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан Фото: Интернеттен алынды[/caption] «Күй тартылып, барлық өлең айтылсын, Анам шіркін, жастық шағын еске алсын. Басқа тойды тойламасаң да тойлама, Екі жастың бақыт тойы тойлансын. Барыңды да, нарыңды да сал соған, Ата-бабаң осы тойды аңсаған. Баласына бір той жасап бере алмай, Бұл өмірден өтіп кетті қанша адам...», - деп бір-біріне ән айтудан эстафета жолдап жатқандар да бар.
Халық хормен айтып жатқан әндердің көпшілігі кеңес өкіметі кезінде, 90-жылдары тоқырау заманында халық арасында кең тараған. Тұрғындардың көпшілігі композитор Өктем Алтаевтың «Ақ сәулем» (Өлеңі: Халықтыкі. Әні: Ө.Алтаев және А.Ыдрысов), «Қазағым» (Өлеңі: И.Иса. Әні: Ө.Алтаев) және халық әні «Белесті» орындаса, ал Алматыда домбыра шертіп, скрипка, саксофонда ойнап, классикалық музыка тарту етті. Италияда басталған челенджге Алматыдан үн қосқандар да бар. Тұрғындарға балконда тегін концерт ұсынды. Шымкентте қала тұрғындары «Атамекенді» (Әні: Е.Хасанғалиев. Өлеңі: Қ.Мырза Әли) қосыла шырқады.
Бұл марафон әрі қарай жалғасып жатыр. Халық карантинде балконда тік тұрып, хормен шырқаған әндердің барлығы - 30-40 жыл бұрын жазылған, халықтың жүрегінен орын алған әндер. Қазір неге мұндай әндер жоқ? Әлде күні-түні эфирден түспейтін әншілер айтып жүрген әндердің сөзін халық жаттап үлгере алмай жатыр ма? Бәлкім, даңғаза музыкасы басым әндердің сөзінен мән кетті ме?  Біз осы сауалдардың жауабын композитор Өктем Алтаевтан сұрадық.   [caption id="attachment_32979" align="alignnone" width="1280"]Өктем Алтаев, карантин, тұрғындар, Әнұран Фото: Композитордың жеке архивінен алынды[/caption] Композитордың қалың ел қазір де хормен шырқайтын әндері кеңес заманында «Тамашаның» сахнасында айтылса да, эфирден «қырқылып», көрсетілмеген екен.
Анасы «балам Алматыға барып, «Тамашада» ән айтты. Телевизордан көрсетеді» деп қуанғаннан қалбалақтап абысын-ажын, ағайын-туысты қара шаңыраққа шақырған. Бірақ ән эфирден берілмей, орта жолда «қырқылып»  қалған екен. Солай «Баламыз телевизордан ән айтады. Бірге көреміз» деп жиналған көрші-қолаң, ағайын-туыс Өктем Алтаевты «Тамашадан» таппай, көңілі су сепкендей басылған.
Бертінде «Қазағым» әні «Ән мен әншінің» көркемдік кеңесінен өтпей қалған. Бірақ әндерін халық қанша уақыт өтсе де, әлі де жүрегімен айтады. Сөзін де жатқа біледі.
«Әр әннің өз тыңдаушысы бар. Өйткені қазіргі әндерді бұрынғы әндермен салыстыруға келмейді. 90-жылдары жазылған әндерді өзіндік ерекшелігі бар. Айрықша сазымен елдің жүрегінен жол тапты. Әнді ел жаппай жаттап алып, айтып жатса, композиторға бұдан асқан бақыт жоқ. Соны ғана ән деп айту керек. Халық қосылып шырқай жөнелетін әндердің ғана ғұмыры мәңгілік», - дейді Өктем Алтаев.
  [caption id="attachment_32978" align="alignnone" width="1280"]Өктем Алтаев, карантин, балкон, ән Фото: Композитордың жеке архивінен алынды[/caption] «Әр әннің өз орны бар. Соңғы кездердегі даңғаза әуендерге «заманауи ырғақ» деп қараған жөн-ау. Біз халық композиторларының шығармашылығын зерттеп, солардың салған сүрлеуімен ән жаздық. Ал қазіргі әндердің формасы бөлек. Ауқымы жағынан өте қысқа. Халық ары кетсе, 1-2 қатарын немесе қайырмасын хормен айтуы мүмкін. Бірақ тұтас әнді, тіпті шумағын жатқа білмейді. Себебі, сөзі халықтың есінде қалмайды. Жиын-тойда көпшіліктің қосылып айта алмай жататыны сондықтан болар. «Арада 30-40 жыл өткенде халық неге бұрынғы әндерді қайтадан айтып жатыр?» деген сауалға келсек, ол кездегі әндер өлеңнің барлық формасын сақтап жазылған. Сондықтан қай уақытта да ел аузынан түскен емес. Халықтың жүрегінен өшпек емес», – дейді композитор.   https://youtu.be/7gQgP2UDQfA Видео: 31 арнаның архивінен алынған Пандемияға байланысты Наурыз мерекесінде Нұр-Сұлтан қаласына карантин режимі енгізілді. Ұлыстың ұлы күнін елордалықтар үйінде тойлады. Дегенмен, көршілеріне мерекелік көңіл күй сыйлаған тұрғындар елге сәлемін әнмен жеткізді.   https://www.facebook.com/armanka1977/videos/10221976818792580/ Ал әзірге... Індетпен күресу, оны тоқтатудың жалғыз жолы – карантиннің тәртібін сақтап, үйде отыру. Дертке шалдыққандарды емдеу үшін Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысымен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте жұқпалы аурулар ауруханасын салу туралы шешім қабылданды. Тез құрастырылатын құрылыс материалдарынан арнайы карантин аймағы салынбақ. (Видеолар әлеуметтік желіден алынды)