Маралтайдың қатарынан қара үзген, қазіргі қазақ поэзиясының дүлділ дарабоз ақыны екенін туған әдебиетіміз бен өнеріміздің сан саласының саңлақтары жарыса жазғанына қарап-ақ бағалауға болар еді. Соған қарамастан, сыйлас іні, ақиық ақынымыз жігіт ағасы жасына толған тұста бірер ауыз сөзімізді арнап, ықыласымызды білдіруді жөн көрдім. Тегі бір ақынның шығармашылығы туралы әркімнің пайым-танымы әртүрлі бола беретіні бар. Сондай-ақ таза таланттың ашылмай, айтылмай тасада қалатын кездері болатыны да жаңалық емес. Бәлкім, мен де жұрт айтпағанды тап басып айта алмаспын, алайда тырысып бағайын деп шештім. Тәуекел… Ақын кітаптарының қай бетін ашып, қай өлеңін оқысаң да, өңкей үйлесім мен келісімге құрылған, қиыннан қиыстырылған шуақты шумақтары баурап алады. Өйткені ақынның өлең-жырларының төрт құбыласы тең, құрылымының ер-тұрманы сайлы. Таратып айтар болсам: ақын өлеңдеріндегі сөздерінің бояуы қанық, теңеулері тосын, ұйқастары ұрымтал, әуезі әуенді, мазмұны мәнді. Жүрек сөзін тауып жазғандықтан да жан сарайыңды жарқыратып, жасандырып жіберетін тапқырлығы тамсандырмай қойсын ба?! Өлеңдерінің тәлімдік тәмсілі, танымдық тереңдігі оның философиялық сипатын айғақтап тұр. Ойы терең, пайымы парасатты, сезімі тұңғиық. Ал эстетикалық әсері есіңде сақталып қалуының сыры – осы ой-толғамдарының сонылығында жатса керек. Оны ашындыратын ащы шындық – қоғамда орын алған әлеуметтік әділетсіздік. Ол – құр далбаса айқай емес, сөз саптасы мен ой кестесі үйіріле үйлескен жұртының жүрегіндегі сөздердің сәулесі. Ұлттың болмысы – таза қазақы қалпы өрнектелген, өткірлігі мен өзектілігі ерекше өлеңдері сүйсінтіп, сүйіндіретін қасиетімен қымбат. Оқырманның жан дүниесін дүр сілкіндіретін себебі – арғымақ арынды, қыран қанатты ақынның өлеңдерінің шынайы шындықты, алапат сезімді, пафосты парасатты келістіріп жазуының арқасы. Ұлы далада мәңгілік елдің гүлденіп, өркендей беруі үшін ұлтқа аянбай қызмет көрсету әр қазақ баласының басты борышына айналса ғана мұратымызға жетеміз. Осы орайда зиялы қауымның, оның ішінде сөздері алабөтен өтімді ақын-жазушылардың азаматтық парызы айрықша. Азаттық таңы ата сала ақындық атқа мінген Маралтайдың өршіл өлеңдерін бағалау барысында осы ұстанымға жүгінген жөн. Ақынның өлеңдерін оқи бастаған сәт оның соншама мұңды сарынының сырына бірден бойлай алмайсың. Елдігіміздің іргесін қалап, ежелден армандаған бақытты болашағымызға көшімізді түзеген сын сәтте жан жадыратар, рух берер жарқын жырлар жазбай шерлі көңілдің күйін күйттей бергені несі деп қабақ шытып, ренжуің мүмкін. Алайда... артын бағып, ойлана келе, түсінігіміздің түбірінен қате екенін мойындауға мәжбүрсің. Сөйтсе, ақын бүгінді емес, елдің ертеңін ойлап, жаны күйіп, өртеніп өлең қашап жүр екен. Әйтпесе, мақтанып, масаттанып ода жазудың оңайлығын біле тұра оқырмандарына осындай күрмеуі күрделі, түйсініп қабылдауға қиын, өрнекті де өрелі өлеңдер ұсынбас еді ғой. Маралтайдың мақсаты Міржақыптың оян қазағын ойлан қазаққа жүгіндіру екен... ...Бұрылып қаратпайтын артыңа бір, Жастық-ай, сөзің өткір, зарпың ауыр. Шыға сап ару түннің қуысынан, Бірдеңе айтпақ болып халқыма бұл. Кім бірақ құлақ қояр кесіміме, Тілімді жат жауласа бесігімде. Ел жайлы ләм-мим демес ағалардай Жүргенмен Елбасының есігінде... («Алаң») Қарақан басының емес, ұлтының уайымын жүрекке жеткізе жырлауына қалайша риза болмассың. Өлеңдерінің өріміндегі өрлік пен ерліктің сарыны санаңды серпілтіп, текті ұлттың ұрпағы екеніңді есіңе түсіріп, мақтаныш сезіміне бөлейді. Мысалы, Маралтайдың «Кентавр» өлеңінде жарты әлемді жаулап алған бабаларымыздың өмірден намысын таптатпай өткендерін айтып, бүгінгі біздің өнеге алуымызды ойымызға салып әрі рухтандырып отыр. ...Болмауы тиіс мұратым мұңды Толағай бір ұл туатын сынды – Кісі бейнелі, тарпаң жүректі, Кешегі... біздің ұғатын сырды... («Кентавр») Бағзыдағы бабалардың сенімін ақтайтын алаш арыстарының жас ұрпағы бары көңілге медет. Ақынның кентавры тарпаңы алапат рух, семсер сезім, зор сенімнің символы іспетті. Бұл ойымызды осы өлеңдегі мына бір шумақтар айғақтап тұр емес пе?! ...Пұшайман халім өртеді мені, Қылқобыз кеудем шертеді нені? Жал бітті, кенет... жотама менің Оқиғадағыдай ертегідегі. Ғаламат солай басталып бір сәт, Құйғытып кеттім тастарды турап. Атылдым көкке жай сияқтанып, Тұмғым алтын – Ай сияқтанып... («Кентавр») Бұлайша ұлтын ұлықтап, тағдырына алаңдап, оның басынан кешкенін – өткен өмірінің қасиеті мен қасіретін тереңнен толғап, жүректі қозғап, көркем сөзбен сомдау, әрине, білім-біліктің, көргенді-көшеліктің, ақындық алғыр шеберліктің нәтижесі. Бүгінгідей қарбалас, алашапқын уақытта бар уайымы халқының асқақ мұратының орындалуын аңсап, ел болашағы – жас ұрпақтың санасына Абайша сәуле түсіруді мақсат еткен Маралтайдың сара сөзіне сүйініп, сүйсінесің де, бәрекелді деп бата беруге асығасың. Жазира дала, асқар таулары, жерінің байтақтығы мен байлығы жат жұрттың қызғанышы мен көзқұртына айналып, бағзы заманнан күні бүгінге дейін оны бөліп алғысы келетін сырт елдердің сыры белгілі. Заманында Төле би бабамыз билік құрған, кейін жамбасы жерге тиген Ташкент шаһары да қазаққа тиесілі қала-тын. Сондай еліміздің еншісіндегі кие жерлердің кейбірі көршілеріміздің қонысына айналып кеткеніне ашынған халқымыздың өкінішін ақынның өлеңіне қосып, көне тарихты тірілтуі жөн-ақ қой. ...Жаныңды сенің жаралы сеземін елім, Заманның мынау тарылған кезеңін көрдің. Басына еркін бара алмай бабаның бүгін, Өртеніп ішім, өксиді өзегім менің. Сөзімді менің неғылсын тобасы төмен, Тарихын жазған түріктер обасыменен. Өлсе де біздің бабалар болашақ үшін, Белгілеп кеткен мекенін моласыменен. («Қарлығаш») Ал бұл – кешегі кеңестік кезеңде талай жері талапайға түсіп, қолды болғанын, Тәшенов сынды асыл азаматтардың күресе жүріп қайтарғанын да есімізге салып отырған салмақты сөз. Ойын сөзбен өрнектеп, тереңнен толғап жазатын Маралтайдың ақындық қолтаңбасын жазбай танисың. Өйткені оның өмір, тіршілік туралы ой-толғамдарының мазмұн-мағынасы өзгеше, жаңаша сипатымен оқшау тұр. Айталық «Алатау» өлеңінен екі түрлі ой түйесің. «Сені Күн, мені күншіл менсінбейді, тұрған соң табанымыз жерге тиіп» деген қос жолдан біз пендешілікке беріліп, өзінен аты озған, абыройы асқан адамды қызғаныштың қызыл итіне – көреалмаушылыққа салынудың салқынын сеземіз және сол бір сорақы қылықтан жиренеміз. Бұл бір қыры деңіз. Екіншіден, сен сияқты асқар тауы, мен сияқты арлы ақыны болмаса қазағым қайтер еді? Соның мәнін біле тұрып, өзгелерге өкпелемей, жадырап, жарқын ғұмыр кешейік, ел-жұртымыздың еңсесі биік болса ризамыз деген түпкі түйіні қандай ойлы, мәнді, мақсатты!.. Осы бір-ақ мысалдан Маралтайдың өлеңді жүрегінен өткізіп жазатын өте ойшыл да сезімтал ақын екеніне көзімізді жеткіземіз. Жаныңды тербеп, жүрегіңді жандыратын отты сезімге оранған оқыс ойлары санаңды ізгіліктің сәулесімен нұрландыратын шайырдың шапағатты өлең шумақтары өзінің осындай өзгеше сыр-сипатымен баурап алатыны ақиқат. Тәуелсіздіктің туы тігіліп, шаттыққа бөленген шақты шабыттана жырлаған шайырдың мына бір ойлары барша қазақ баласының жүрегіндегі сөзі ғой. Оқып көр: ...Бірлігімді тапсам-дағы жоғалған, Қайдан табам тарихымды тоналған?!. Тар жатырын жарып шыққан құлдықтың Сәби – елге сәулеңді құй, о, жалған. Кәрін қайта төкпесін деп жат өмір, Уа, бабалар, балаларыңа бата қыл. Ұрпақтарың үмітіне ер салды, Қолың бос па, демеп жібер, о,Тәңір! Тамырынан жаратылып текті сөз, Ал, арманшыл асқақ халқым, көкті кез... Көк байрақты қыран текті қазаққа Күн астында қанат жаяр жетті кез... («У қайтару») Ақындық тегеуріні алапат ақынның тапқырлығы таңданарлық. Елдің сөзін сөйлеп, тілегін жеткізудің бұдан асқан, бұдан өзге жолы бар ма?! Қилы кезеңдерді басынан өткерген қазақтың шерлі тағдырын жанымен түсінген ақынның жігерлі жырын асқақ рухты реквием ретінде қабылдайсың. Ақынның өлең-жырлары тұнып тұрған философиялық ой. Қоғам өміріндегі түрлі қиындықтар мен қайшылықтар хақында ой толғап, түйінді толғаныстар арқылы зерделеу ақын шығармашылығына арқау болған. Адамның рухани болмысын өлеңдерінде өрнектеген ақынның ой-толғамдарының тереңдігі мен сөзінің зеректігі айрықша! Ал енді рухани дағдарысқа ұшыраған ұрпақты ел келешегі, ұлт мүддесі тіпті де толғандырмай тоқырауға ұрындырары белгілі. Ақынның жанын жеп, уайым-қайғы шегіп, ой-санасы арпалысқа түскен сәтте жүрегімен жазған жырлары бәрімізді де бейжай қалдырмасы хақ. Бір үміт, бір өкініштен тұратын өмірдің сан сыны, сан сыры бар. Сол жайында толқи отырып, толғана сөйлеген Маралтайдың күдік пен үміт алмаса арбаған көңілінің тебіренісі оқырманын да ойға қалдырып, мазасыздандыруы ақиқат-ау... ...Аңсарын алған асындай болып жеріктің, Көрініп кезек көңілімді несін еліттің? Түсінесің бе, Түбірсіз мына дүниені, Пейілі таза, жүрегі аппақ көріктім? Баса да бердім, қайтейін, қате әр ізді. Табылмай қалып жанымды ұғар жан ізгі. Жалғанның жалған екенін сезіп барлығы Арларын сатып, Арсыз боп кеткен тәрізді... Жаныма жылы тигеннен кейін гүл демің, Өзіңе аштым тот басқан жүрек ілгегін. Қанаты дал-дал сұңқармен бірақ сапарға, Ғұмырын қиып, шыға да қояр бірге кім?!. («Үміт») Адамның рухани әлемнің әлімсақтан қалыптасқан құндылықтарын әспеттеу және сол киелі қасиеттен айырылып қалмаудың жолын адаспай табуды меңзеген ақын сөзінің түйіні түсінікті. ...Еріксіз түсер ылдидан, Еркіңмен шығар өр артық. Тізерлеп өмір сүргеннен, Көсіліп жатар көр артық... Өмір сүрудің асқақ та ақиқат қағида- сы – философиясы бұл. Ақынның жүрегіңді жылататын, жаныңды жаралайтын құсалы өлеңдерін оқи отырып та жасымайсың: ойланасың, толғанасың, содан кейін сезімің серпіліп, жан дүниең жасанып, қайраттанып, жігерленіп, қайта туғандай күй кешесің. Бұл болса ақын сөзінің құдіреті емей немене?! Жылқы мінезді, тарпаң тұлғалы бағзы бабаларының ұрпағы жалғасы екенімізді есімізге түсіріп, тіршіліктің қиын-қыстау сәттеріндегі сынақтарына кезіккенде жылап, жасымай, түнеріп, түңілмей, иіліп, бүгілмей, жігерленіп, намыстанып қасқая қарсы тұру қажетін қаперімізге салып отырған сөздері қандай сүйкімді! Ұлтты рухтандырып, қанаттандырып, жебеп жіберетін ұлағатты сөз. Шабытты да арынды ақынның күндей күркіреп, толқындай тулап, жасындай жарқылдаған рухты жырларына қоса, бірде самал желдей самал лебімен көңіл құсыңды көкке өрлетіп, бірде терең ойға батырып, мұңға бөлеп, бірде жан-жүрегіңді сыздатып сырласа жөнелетін лирикалары да жетіп жатыр. Әсіресе, махаббат, сүйіспеншіліктің қыр-сырын ақтара, ағынан жарыла жазған жырларының жөні бөлек. Аққудай сыланған қырдың кербез аруларының бекзат болмыс-бейнесін өлеңге көшірген суреткерлігі керемет. Аласұрып, асау арғымақтай алып қашқан алау сезімдер жыр жолдарына жауһардай шашылып түскен. Ақын бұл орайда күйдім-сүйдім деген жалаң сөздерге әуес емес. Ынтызар көңілдің, жалынды жүректің ыстық сезімін суытпай, жан сырын жайып салады. Мәнәйі себеппен ғашығынан айырылып қалған жігіттің қоштасу сөзі, жаңа бүр жарған қызыл гүлдей үлбіреген көңілінің кенет солғын тартып, алыстап кеткеніне қапаланған сәті жан-жүрегіңді қозғайтын сиқырлы сезімге толы. Лирикалық кейіпкердің өзін-өзі сабырға шақырған лепесінің түйініндегі шындығы – жатқан бір философиялық терең ойдың қызулы ошағы. ...Өткен күн өтті, жоғалған, Уайымдай берме, у ішіп... Осынау екі-ақ жол өлеңде өмірдің астарлы ақиқаты, сырлы суреті барынша боямасыз айтылған-ақ қой... Жалғанда жаныңды түсінетін жалғыз адамыңа хабарласып, мұңыңды шағып, бір жеңілденіп қалғың келер кездер болады емес пе?! Сондай сәттегі сезіміңді сөзбен суреттеген ақын: ...Мен саған хабарласам, күйінгенде, Иілмес жерде басым иілгенде. ...Мен саған хабарласам, күле алмасам, Қайтейін халімді ұғып, тіл алмасаң. Жақындап о басыңда нең бар еді, Шешініп өрт ішіне кіре алмасаң. Басқа емес, жаны нәзік, сыйласып, сырласып, сеніп жүрген қыз балаға осылайша, таусыла тіл қатып, базына-тілегін жеткізіп отыр әрі оның жаралы жанын түсініп, демеу боларына күдігі де бар сияқты. Мына қиюы қашқан тіршіліктің ащы-тұщы дәмін тата жүріп, тағдырдың тар соқпағынан адаспай, аман-есен шығуды көксеп, жанын түсінетін оқырманына сырын айтып, тұманды ойын сейілтіп алғысы келген кейіпкердің пәк сезімін білдіретін өлеңнің пәлсапалық парасатына сүйсінбеске не шара?! Оқып көрейік: ...Сырымды өзгеге емес, саған ашам, (Ашпас ем, сені жақын санамасам). Арымның ақ отауы бәріңе ортақ, Тағдырдың дауылында паналасаң. ...Сырымды түсінер деп саған ашам. (Сырласар адамдар да аз, сараласаң) Көресің тереңімде не жатқанын, Жанымның жағалауын жағаласаң. («Ғазиз сезім») Адамның ұйқысын шайдай ашатын, жаураған жүрегін жылытатын, үмітінің үзігін жалғап, тынжыр мұңын сейілтіп, арман асуларына құлшындыратын, шынайы шындығымен рухани шөліңді қандыратын рухты өлең-жырлары оқырман ойын тербеп, толғандыратын, талантына табындыратын Маралтайдың болмысы бөлекше ақын екені бәсекеден белгілі. Көңілдегі сырын жүрегіндегі жырына орап, қалың елі – қазағының рухын оятып, намысына қамшы басқан айбоз ақынның арман-мақсаты Ұлы даланың ұл-қыздарының бақытты дәурен сүріп, бостан халқының жарқын болашағына, ұлтына қалтқысыз қызмет көрсетуді азаматтық парызы санауларына тілек қосу. Бүгінгі қазақ өлеңінің өрең жүйрігі санатындағы саңлақ ақын Маралтайдың мақамдарынан көңілге түйген ойларымның бір үзігі осы еді... Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты