Жаһанды жаңа дағдарыс күтіп тұр ма?
Жаһанды жаңа дағдарыс күтіп тұр ма?
481
оқылды
Жаңа ғасырдағы жаһандық індет әлем елдерін тұралатып тастайтын түрі бар. COVID-19 пан­демиясының зардабын әзір­ге болжау қиын. Деген­мен бұл індеттің әлем эконо­ми­касына тигізетін залалы­ның «құнын» бір айдан, бәлкім жар­ты жылдан соң білерміз. Тіпті, пан­демияның адамзат өр­ке­ниетіне тигізген залалының нақты деңгейі жылдар өткен соң ғана белгілі болуы мүмкін. Ал әзірге жаһандағы елдер қысылтаяң сәтте белді бекем буып отыр. Халықаралық ұйым­­дар да індеттен төнетін эко­­номикалық, әлеуметтік қа­тер­­лерді азайтуға барын са­­лып жатыр. Белгілісі – эко­но­ми­каны «емдеу» үшін трил­лион­­да­ған доллар қажет бо­­ла­­ды. Мұны барша жұрт мо­йын­­­дауға мәжбүр. COVID-19 вирусы жер-жаһан­да үнемі адамның дегені бола бер­мейтінін байқатты. Күні кешеге дейін адамзат өркениетіне қауіп төндіретін басты факторлар көшін ядролық немесе жаппай қырып-жоятын қару тәрізді адамзаттың өзі жасаған дүниелер бастап келген-ді. Табиғи апаттардың ең қатерлісі ре­тінде супержанартаулар, ғарыштан келетін астероидтар, зілзала тәрізді құбылыстар аталатын. Біз түрлі індеттерді жеңе алатынымызға се­німді едік. ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығында пайда болған жаңа індеттерді де ауыздықтағанбыз. Вак­цина жасау арқылы ертеде адам баласын қынадай қырған ауру­ларды да тоқтата алғанбыз. Бірақ коро­навирус адамзаттың тым дандайсып кетуіне болмайтынын байқатты.  

Жаһандық экономиканың шығыны триллиондарға кетеді

Пандемияның зардабын бір­қатар сарапшы триллиондаған дол­лармен өлшеген. Әйгілі Bloomberg агенттігі наурыз айы­ның басында пандемияның тара­луына қатысты жаһандық эконо­микада 4 түрлі сценарий қалып­тасуы мүм­кін екенін айтқан. Алай­да атал­ған бол­жамдардың ешқай­сысы жағымды бола қоймайды. Тек бірінші болжам бойынша Қы­тай вирустың таралуын тоқтата алуы тиіс еді. Бірақ Бейжің өз елін­де вирустың таралуын ба­рын­­ша шектегенімен, індет өзге ме­м­ле­кеттерге тарап кетті де, қазір жаһанда COVID-19 жетпеген мекен қалмады. Тек Антарктидаға жеткен жоқ. Өзге құр­лық­тардың бәрінде бар. Демек, сарап­шылардың бірінші сценарийі жүзеге аспай қалды деген сөз. Екінші сценарий бо­йынша вирус Қытайдан бөлек Жапония, Оңтүстік Корея, Германия, Франция тәрізді елдерге тарап, ауыздықтау қиынға соғуы мүмкін еді. Мұндай жағдайда жаһандық экономиканың өсуі 2020 жылы 2,3 пайыз болады дес­­кен. Пан­демиядан бұрын 3,1 пайыз болғанын ескерсек, екінші сценарий де тым үмітсіз дүние емес еді. Алайда қазіргі жағдай Bloomberg сарапшыларының екі сценарийін де жоққа шығарды. Індеттің таралуы сарапшылар бол­жаған үшінші сценарийге ұқ­сап барады. Яғни, дерт АҚШ, Ұлы­британия, Үндістан, Канада, Бразилияға дейін жетіп, тұтас жа­һанға тарап кетті. Сөйтіп, жа­һан­­дағы ең қуатты 10 елді де әбі­герге түсіріп қойды. Демек, болжам бойынша жаһандық эко­номиканың өсімі 2020 жылы әрі кетсе, 1,2 пайыз болуы керек. Ең нашар сценарий бойынша, эко­­­но­миканың өсімі тоқтайды. Шығын 2,7 трлн доллар болады. Бұл де­геніңіз – Ұлыбританияның жал­пы ішкі өнімімен тең сома. Алайда соңғы кездері сарапшылар қандай да бір болжам айтудан тартына бастаған тәрізді. Шамасы, жағдай тым күрделеніп кетсе керек.  

БҰҰ не істемек?

БҰҰ індеттің зардабын жеңіл­детуге барын салатынын бай­қатып жатыр. Әрі ұйымның ін­детке қатысты болжамдары да мәз емес. БҰҰ әлемдегі кедей ел­дер­ге көмектесудің маңызын алға тартады. Ұйымның Бас хатшы­сы Антониу Гутерриш «Коро­на­вирус пандемиясы – зама­науи қоғамның шешуші сәті. Тарих жекелеген үкіметтердің дағ­дарысты қалай жеңгеніне емес, біздің күллі адамзат баласының игілігі үшін қалай ұйымдасып, күшімізді қалай үйлестіргенімізге баға беретін болады», — деді. Бас хатшы дамушы елдерге қолдау қажет екенін айтты. Ұйым коро­навируспен күрес кезінде әлсіз мемлекеттерге көмек көрсете алмау миллиондаған адамның дертке шалдығуына апарып соғатынын айтады. Бұл өз кезегінде вирустың қазіргіден де қарқынды жайылуына алып келмек. Сондықтан БҰҰ Оңтүстік Америка, Африка, Азия құрлықтарының, Таяу Шығыстың 51 мемлекетіне жаһандық гума­ни­тарлық көмек көрсету бастамасын көтерді. Бұл мақсат үшін 2 млрд доллар бағыттауды көздеп отыр. Сонымен қатар ұйым шағын және орта бизнесті қолдау, қоғамдағы тұрмысы төмен адамдарға жәрдем­десу ісіне айрықша назар аудару қажет екенін алға тартады. Өйт­кені пандемияның салдарынан туын­даған дағдарыс шағын және орта бизнеске аса ауыр соққы болып тұр. БҰҰ деректері бойынша 5-тен 25 млн-ға дейін жұмыс орны жойылуы мүмкін. Тек АҚШ-тың өзінде жұмысынан айырылғандар шығыны 860 млрд-тан 3,4 трлн долларға дейін жетуі ғажап емес. Шетел инвестициясы 40 пайызға қысқаруы ықтимал. Дүниежүзілік туристік ұйымның деректері бо­йынша саяхат жасау 20-30 па­йызға төмендемек. Жаһандағы 3,6 млрд адам интернетсіз қалуы мүмкін екені де айтылып жатыр. ЮНЕСКО 1,5 млрд баланың оқу­дан қол үзетінін алға тартты. Сол себепті БҰҰ індетпен де, оның салдарымен де күресуді мықтап қолға алмақ.  

Шағын және орта бизнес тұраламауы керек

COVID-19 індетінмен ілесе кел­ген экономикалық дағдарыстың зардабын әлсірету үшін әр ел өз шамасына қарай әрекет етіп жатыр. Айталық, АҚШ-тың індетке қарсы шаралар пакеті 2 трлн долларды құрады. Еуропа жарты триллион доллар бөлмекке ниетті. Бірақ кейін бұл сома өсуі де ықтимал. Жалпы алғанда, G-20 елдерінің дағдарысқа қарсы шараларының құны 5 трлн долларға жетіпті. Әрі індетпен күрес барысында бизнесті қолдауға назар аударылғанын байқаймыз. Індетті тежеуге бол­ғанымен, пандемиямен ілесе кел­ген қосалқы факторлардың зар­да­бын жою қиынға түсетінге ұқ­сайды. Айталық, АҚШ бөліп отыр­ған 2 трлн доллардың 500 млрд-ын ірі және орта бизнес, 350 млрд-ын шағын кәсіпкерлер алады екен. Америкалықтарға 300 млрд доллар таратып беріледі. Тағы 300 млрд-тайы вирустың кесірінен жұмысынан айырылғандарға ар­налмақ. Бұл сома кейін өсе түсуі де ғажап емес. Әрине, ешкім жа­һандағы №1 елдің қуатымен теңесе алмас, сондықтан көптеген мем­лекет шама-шарқына қарауға мәж­бүр. Мәселен, Германия 150 млрд еуро бөлді. Қажет болса, вируспен және оның зардабымен күреске 800 млрд еуро бөле алатынын да айтып салды. Франция бірден 350 млрд еуро қаражат шығарды. Италия 25 млрд, Испания 10 млрд еуроны вируспен күреске арнап отыр. Ал Нидерланд алдағы үш айдың ішінде 20 млрд еуро шығындамақшы. Қысқасы, бай елдердің індетпен күреске бөлетін қаржылары да мол болып тұр. Кедей елдерде ол да жоқ. БҰҰ-ның дамушы елдерге көмектесу маңызды деп жүргені содан шығар. Айтпақшы, індет туғызған дағ­дарыстың сипаты бөлек болып тұр. 2008-2009 жылғы дағдарыспен салыстыруға тырысатындар бар. Бірақ ол кезде карантин болған жоқ. Көшелер қаңырамаған еді. Шағын бизнес тырбыңдап күнін көрген. Қазіргі жағдай бас­қа. Шағын және орта бизнес мүл­дем тоқтаудың аз-ақ алдында тұр. Ол тоқтаса, экономикалық өсім бол­майды. Сондықтан дағ­дарыс­қа қарсы шаралардың маз­мұны барлық елде ұқсас. Айталық, барлық мемлекет шағын бизнеске қолдау жасап жатыр, несие беру мен өтеу талаптары жеңіл­детілді. Салық жеңілдігі мен «ка­никулдары» жарияланып жатыр. Жұ­мыссыздарға, зейнеткерлерге төленетін қаржы көлемі де ұлғайған. Бірқатар елдерде зардап шегіп жатқан кәсіпорындарға мемлекет дотация бере бастады. Пайдасы адзау жобаларға бағытталған шығындарды қысқартып жатыр. Тіпті олардың көбі тоқтаған. Жалпылай алғанда, жаһанда дағ­дарыс пен індетке қарсы шара­лардың мазмұны бірдей. Тек АҚШ-та азаматтарға ақша таратып беру жағы қарастырылды. Ал бұл тәсіл бір жағынан азаматтарға қолдау болса, екінші жағынан өзгелерге қуа­тын көрсетіп қалуға тырысқан елдің мақ­таншақтығына ұқсайды.  

Амангелді ҚҰРМЕТ