Жаңа ғасырдағы жаһандық індет әлем елдерін тұралатып тастайтын түрі бар. COVID-19 пандемиясының зардабын әзірге болжау қиын. Дегенмен бұл індеттің әлем экономикасына тигізетін залалының «құнын» бір айдан, бәлкім жарты жылдан соң білерміз. Тіпті, пандемияның адамзат өркениетіне тигізген залалының нақты деңгейі жылдар өткен соң ғана белгілі болуы мүмкін. Ал әзірге жаһандағы елдер қысылтаяң сәтте белді бекем буып отыр. Халықаралық ұйымдар да індеттен төнетін экономикалық, әлеуметтік қатерлерді азайтуға барын салып жатыр. Белгілісі – экономиканы «емдеу» үшін триллиондаған доллар қажет болады. Мұны барша жұрт мойындауға мәжбүр. COVID-19 вирусы жер-жаһанда үнемі адамның дегені бола бермейтінін байқатты. Күні кешеге дейін адамзат өркениетіне қауіп төндіретін басты факторлар көшін ядролық немесе жаппай қырып-жоятын қару тәрізді адамзаттың өзі жасаған дүниелер бастап келген-ді. Табиғи апаттардың ең қатерлісі ретінде супержанартаулар, ғарыштан келетін астероидтар, зілзала тәрізді құбылыстар аталатын. Біз түрлі індеттерді жеңе алатынымызға сенімді едік. ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығында пайда болған жаңа індеттерді де ауыздықтағанбыз. Вакцина жасау арқылы ертеде адам баласын қынадай қырған ауруларды да тоқтата алғанбыз. Бірақ коронавирус адамзаттың тым дандайсып кетуіне болмайтынын байқатты.
Жаһандық экономиканың шығыны триллиондарға кетеді
Пандемияның зардабын бірқатар сарапшы триллиондаған доллармен өлшеген. Әйгілі Bloomberg агенттігі наурыз айының басында пандемияның таралуына қатысты жаһандық экономикада 4 түрлі сценарий қалыптасуы мүмкін екенін айтқан. Алайда аталған болжамдардың ешқайсысы жағымды бола қоймайды. Тек бірінші болжам бойынша Қытай вирустың таралуын тоқтата алуы тиіс еді. Бірақ Бейжің өз елінде вирустың таралуын барынша шектегенімен, індет өзге мемлекеттерге тарап кетті де, қазір жаһанда COVID-19 жетпеген мекен қалмады. Тек Антарктидаға жеткен жоқ. Өзге құрлықтардың бәрінде бар. Демек, сарапшылардың бірінші сценарийі жүзеге аспай қалды деген сөз. Екінші сценарий бойынша вирус Қытайдан бөлек Жапония, Оңтүстік Корея, Германия, Франция тәрізді елдерге тарап, ауыздықтау қиынға соғуы мүмкін еді. Мұндай жағдайда жаһандық экономиканың өсуі 2020 жылы 2,3 пайыз болады дескен. Пандемиядан бұрын 3,1 пайыз болғанын ескерсек, екінші сценарий де тым үмітсіз дүние емес еді. Алайда қазіргі жағдай Bloomberg сарапшыларының екі сценарийін де жоққа шығарды. Індеттің таралуы сарапшылар болжаған үшінші сценарийге ұқсап барады. Яғни, дерт АҚШ, Ұлыбритания, Үндістан, Канада, Бразилияға дейін жетіп, тұтас жаһанға тарап кетті. Сөйтіп, жаһандағы ең қуатты 10 елді де әбігерге түсіріп қойды. Демек, болжам бойынша жаһандық экономиканың өсімі 2020 жылы әрі кетсе, 1,2 пайыз болуы керек. Ең нашар сценарий бойынша, экономиканың өсімі тоқтайды. Шығын 2,7 трлн доллар болады. Бұл дегеніңіз – Ұлыбританияның жалпы ішкі өнімімен тең сома. Алайда соңғы кездері сарапшылар қандай да бір болжам айтудан тартына бастаған тәрізді. Шамасы, жағдай тым күрделеніп кетсе керек.БҰҰ не істемек?
БҰҰ індеттің зардабын жеңілдетуге барын салатынын байқатып жатыр. Әрі ұйымның індетке қатысты болжамдары да мәз емес. БҰҰ әлемдегі кедей елдерге көмектесудің маңызын алға тартады. Ұйымның Бас хатшысы Антониу Гутерриш «Коронавирус пандемиясы – заманауи қоғамның шешуші сәті. Тарих жекелеген үкіметтердің дағдарысты қалай жеңгеніне емес, біздің күллі адамзат баласының игілігі үшін қалай ұйымдасып, күшімізді қалай үйлестіргенімізге баға беретін болады», — деді. Бас хатшы дамушы елдерге қолдау қажет екенін айтты. Ұйым коронавируспен күрес кезінде әлсіз мемлекеттерге көмек көрсете алмау миллиондаған адамның дертке шалдығуына апарып соғатынын айтады. Бұл өз кезегінде вирустың қазіргіден де қарқынды жайылуына алып келмек. Сондықтан БҰҰ Оңтүстік Америка, Африка, Азия құрлықтарының, Таяу Шығыстың 51 мемлекетіне жаһандық гуманитарлық көмек көрсету бастамасын көтерді. Бұл мақсат үшін 2 млрд доллар бағыттауды көздеп отыр. Сонымен қатар ұйым шағын және орта бизнесті қолдау, қоғамдағы тұрмысы төмен адамдарға жәрдемдесу ісіне айрықша назар аудару қажет екенін алға тартады. Өйткені пандемияның салдарынан туындаған дағдарыс шағын және орта бизнеске аса ауыр соққы болып тұр. БҰҰ деректері бойынша 5-тен 25 млн-ға дейін жұмыс орны жойылуы мүмкін. Тек АҚШ-тың өзінде жұмысынан айырылғандар шығыны 860 млрд-тан 3,4 трлн долларға дейін жетуі ғажап емес. Шетел инвестициясы 40 пайызға қысқаруы ықтимал. Дүниежүзілік туристік ұйымның деректері бойынша саяхат жасау 20-30 пайызға төмендемек. Жаһандағы 3,6 млрд адам интернетсіз қалуы мүмкін екені де айтылып жатыр. ЮНЕСКО 1,5 млрд баланың оқудан қол үзетінін алға тартты. Сол себепті БҰҰ індетпен де, оның салдарымен де күресуді мықтап қолға алмақ.Шағын және орта бизнес тұраламауы керек
COVID-19 індетінмен ілесе келген экономикалық дағдарыстың зардабын әлсірету үшін әр ел өз шамасына қарай әрекет етіп жатыр. Айталық, АҚШ-тың індетке қарсы шаралар пакеті 2 трлн долларды құрады. Еуропа жарты триллион доллар бөлмекке ниетті. Бірақ кейін бұл сома өсуі де ықтимал. Жалпы алғанда, G-20 елдерінің дағдарысқа қарсы шараларының құны 5 трлн долларға жетіпті. Әрі індетпен күрес барысында бизнесті қолдауға назар аударылғанын байқаймыз. Індетті тежеуге болғанымен, пандемиямен ілесе келген қосалқы факторлардың зардабын жою қиынға түсетінге ұқсайды. Айталық, АҚШ бөліп отырған 2 трлн доллардың 500 млрд-ын ірі және орта бизнес, 350 млрд-ын шағын кәсіпкерлер алады екен. Америкалықтарға 300 млрд доллар таратып беріледі. Тағы 300 млрд-тайы вирустың кесірінен жұмысынан айырылғандарға арналмақ. Бұл сома кейін өсе түсуі де ғажап емес. Әрине, ешкім жаһандағы №1 елдің қуатымен теңесе алмас, сондықтан көптеген мемлекет шама-шарқына қарауға мәжбүр. Мәселен, Германия 150 млрд еуро бөлді. Қажет болса, вируспен және оның зардабымен күреске 800 млрд еуро бөле алатынын да айтып салды. Франция бірден 350 млрд еуро қаражат шығарды. Италия 25 млрд, Испания 10 млрд еуроны вируспен күреске арнап отыр. Ал Нидерланд алдағы үш айдың ішінде 20 млрд еуро шығындамақшы. Қысқасы, бай елдердің індетпен күреске бөлетін қаржылары да мол болып тұр. Кедей елдерде ол да жоқ. БҰҰ-ның дамушы елдерге көмектесу маңызды деп жүргені содан шығар. Айтпақшы, індет туғызған дағдарыстың сипаты бөлек болып тұр. 2008-2009 жылғы дағдарыспен салыстыруға тырысатындар бар. Бірақ ол кезде карантин болған жоқ. Көшелер қаңырамаған еді. Шағын бизнес тырбыңдап күнін көрген. Қазіргі жағдай басқа. Шағын және орта бизнес мүлдем тоқтаудың аз-ақ алдында тұр. Ол тоқтаса, экономикалық өсім болмайды. Сондықтан дағдарысқа қарсы шаралардың мазмұны барлық елде ұқсас. Айталық, барлық мемлекет шағын бизнеске қолдау жасап жатыр, несие беру мен өтеу талаптары жеңілдетілді. Салық жеңілдігі мен «каникулдары» жарияланып жатыр. Жұмыссыздарға, зейнеткерлерге төленетін қаржы көлемі де ұлғайған. Бірқатар елдерде зардап шегіп жатқан кәсіпорындарға мемлекет дотация бере бастады. Пайдасы адзау жобаларға бағытталған шығындарды қысқартып жатыр. Тіпті олардың көбі тоқтаған. Жалпылай алғанда, жаһанда дағдарыс пен індетке қарсы шаралардың мазмұны бірдей. Тек АҚШ-та азаматтарға ақша таратып беру жағы қарастырылды. Ал бұл тәсіл бір жағынан азаматтарға қолдау болса, екінші жағынан өзгелерге қуатын көрсетіп қалуға тырысқан елдің мақтаншақтығына ұқсайды.Амангелді ҚҰРМЕТ