Бүгін Атырауда коронавирус инфекциялық ауруымен екі науқас тіркелді, – деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қазіргі таңда екі науқастың бойынан бастапқыда вирус белгілері анықталмады. Себебі, науқастың екеуі де бұған дейін COVID-19 инфекциясы табылған адаммен қарым-қатынаста болғандардың тізіміне енген еді.
Вирус табылған науқастың бірі 62 жастағы жергілікті тұрғын. Әйел адамның қазіргі жағдайын дәрігерлер «қанағаттанарлық» деп бағалап отыр. Емделушіде жөтел және аздаған дене қызуы белгілері бар.
Атыраудың тізіміне 22-ші болып енген 37 жастағы ер адам инфекциондық карантинге жатқызылды. Жағдайы ауыр. Дәрігерлер «науқаста пневмония болуы мүмкін» деген күдіктің барын айтады. Қазіргі таңда науқаста дене қызуы жоқ. Бірақ, жөтел, әлсіздік және бойында ісік белгілері бар.
4 сәуір күнгі таңдағы жағдай бойынша, Атырауда инфекциондық стационарда 22 науқас, провизорлық стационарда 27 емделуші жатыр.
Карантиндік стационарға 165 адам орналастырылған. 1098 атыраулық үйде оқшауланған.