Алматы қаласында және басқа да бірқатар өңірде басталған карантин кезеңінде жалғызбасты қарияларға ыстық тамақ жеткізу туралы Қазақстан спортшыларының #Bizbirgemiz акциясы Нұр-Сұлтан қаласында қолдау тапты.
Бұл бастама бизнес пен бұқараны халыққа көмек көрсетуге шақырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуін қолдау мақсатында жүзеге асырылуда.
Бүгін «NurOtan» партиясы Nomad MMA республикалық федерациясымен бірлесіп, Қазақстандық аралас жекпе-жек федерациясының, Қазақстанның «ПенчакСилат» әскери өнер қауымдастығының қолдауымен, елордада тұратын жалғызбасты қарияларға ыстық тамақ жеткізуді бастады. Бұл акциямен барлығы 200-ден астам жалғызбасты адам қамтылады.
Акцияның бастамашысы, Nomad MMA федерациясының президенті Гаджи Гаджиев: «Осынау қиын кезеңде біз халықтан сырт қала алмаймыз. Қазіргі карантин кезеңі әсіресе жалғызбасты қарияларға ауыр тиіп жатыр. Олардың көбісі өздеріне тамақ дайындай алмайтын жағдайда. Біз оларға қамқорлық жасауымыз керек. Егер аймақтардағы бизнес-қауымдастық біздің акциямызды қолдап, қарттарымыздың қамқорлықсыз, көмексіз қалдырмай, қолдарынан келген барлық мүмкіндікті жасайтын болса, біз оған қуанамыз», деп атап өтті.