2020 жылғы 4 сәуірде түркмен тарапының бастамасы бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Түркіменстанның Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары, Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен телефон арқылы сөйлесті.
COVID-19 вирусына байланысты ағымдағы эпидемиологиялық жағдайдағы екі елдің өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Қазақстан-Түркіменстан мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерінің сапалы және үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етудің, сондай-ақ жүк автокөлік құралдарының ағынын оңтайландырудың және оларды шекарада ресімдеу процесін жеделдетудің маңыздылығы атап өтілді.
Қазақстан Республикасынан Түркіменстанға және оның аумағы арқылы транзитпен өтетін темір жол көлігімен жүк тасымалдарын жүзеге асыруға ерекше назар аударылды.