Бейсембек Қозыбаев 1912 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Қызыл Армия қатарына 1931 жылы сол кездегі Семей облысының Өскемен РВК шақырылды. Ұлы Отан соғысына қатысқан аға лейтенант, 3-Украина майданы 52-ші атқыштар дивизиясы, 429 атқыштар полкының 4-ші атқыштар ротасының командирі Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған да болатын.
1944 жылы 5 наурыздан 6 наурызға қараған түні 9-шы атқыштар ротасының аға лейтенанты Қозыбаев Одесса облысы, Вознесенка ауданы, Александровка елді мекендегі Южный буг өзенінен арғы бетке өтіп, плацдармды басып алу туралы тапсырма алды. Ол рота құрамында алғашқы болып өзеннен өтіп, ротаның қалған құрамын жедел арғы жағалауға өткізген.
Осы ерлігін ескеріп, 1944 жылы 7 наурызда Южный бугты жаудан азат еткені үшін 429-атқыштар полкының командирі, подполковник Азатьянның «Кеңес Одағының батыры» атағына лайықты көріп, қол қойған болатын. Ерлік пен қаһармандық үлгісін көрсеткені үшін 1944 жылы 30 сәуірде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының №45 жарлығымен Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды.