Қазақстан 15 жыл бұрын «Электронды Үкіметті» қолға алды, Egov порталы іске қосылды. Оптикалық-талшықты желі салынды. «Алатау» ақпараттық технологиялар паркі, Astana Hub халықаралық ІТ-стартап технопаркі ашылды. Цифрлы даму бойынша жеке министрлік құрылды. «Цифрлы Қазақстан» және басқа да қымбат бағдарлама, бастама, жобаларға жүздеген миллиард теңге жұмсалды. Ақыры «тау толғатып тышқан тудының» кері келді. Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет жалпыреспубликалық төтенше жағдай режимі енгізіліп, көшедегі қозғалысқа қатаң шектеу қойылып жатқанда жеке куәліксіз жүруге болмайды. Осы маңызды шақта мыңдаған адам өзін куәландыратын құжатсыз қалуы мүмкін. Олардың бір бөлігі куәлігін жоғалтып немесе ұрлатып алғандар. Көпшілігінде құжаттың қолданыс мерзімі аяқталған. Бірақ оларға «Электронды Үкімет» порталынан еш қайыр жоқ болып шықты. Ал осы істі абыроймен атқарып, жұртты құжаттандырып келген ХҚКО-лар жабық тұр. Биылғы 23 наурызда Президент Қ.Тоқаев ТЖ енгізілуіне байланысты табысынан айырылған азаматтарға 42,5 мың теңге әлеуметтік төлем төленетінін жариялады. Өте маңызды әрі ел қызу құптаған бастама. Енді оның орындалуы ақсап тұр. Қазіргі кез – әр күн бір айға бара-бар қауырт әрі тағдыршешті шақ. Алайда «төтенше» төлемге зәру 3 миллион адамның небәрі 450 мыңға жуығы, яғни шамамен жетіден бір бөлігінен ғана өтініш қабылданыпты. Қалғаны өтініш жібере алмай әуре. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев жаңа әлеуметтік төлемге арналған, өткен аптада уәде етілген Telegram-бот сол бойы өмірге жолдама алмағанын мойындады. 42500.enbek.kz арнайы сайты болса, 2-3 миллион адамның бірдей кіргенін көтере алмай, «есеңгіреп» қала береді. Тіпті, келушілерді шектеу енгізіліпті: бір рет өтінішін өткізе алмаған адам келесі талабын тек 1 сағаттан кейін ғана қайталауы тиіс. Осылай үш күнін жоғалтып, еш нәтиже шығара алмаған адамдар бар. Салыстыру үшін айталық, Statista дерегінше, Google.com-ге әлемде 57 миллионнан астам, Youtube-ке 22 млн, Facеbook-ке – 21 млн адам қатар кіреді. Amazon.com 6 миллионнан астам адамның ұсынысын өңдейді. – Еңбек министрлігі көрсететін әлеуметтік төлем қызметінің регламенті тек 28 наурызда ғана IT мамандарымызға, байланысшыларымызға берілді. Әдетте, мұндай жоба ұзақ уақыт әзірленеді, тестілеуден өтеді. Бұған бізде уақыт болмады. Оны жүзеге асыру үшін түні бойы жұмыс істеп, таңертең Egov сервисін қолданысқа бердік. Бір мезгілде порталға кіру саны 15 миллионға дейін жетті. Осылайша, штаттық режим бұзылды. Халықтың сынына ұшырады. Проблеманы шешу үшін сыртқы арналарды ағытып тастадық. Хакерлік шабуылдар да тойтарылды. Нәтижесінде, 2 күн ішінде 11 мыңдай адамға қызмет көрсетілді. Бұл Мемлекет басшысының аталған жәрдемақыны жылдамырақ үлестіру тапсырмасын орындау үшін жеткіліксіз еді, – дейді А.Жұмағалиев. Портал мен арнайы сайтқа жүктемені азайту үшін ведомство Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қайырылып, регламентті өзгертіп, ЭЦҚ туралы талапты жоюды, ақпараттық жүйелерде жұмыссыз ретінде тіркелгендерге, кәсіпкерлерге проактивті қызмет көрсетуді сұрапты. Сөйтіп, 76 мың адам «төтенше» төлем тағайындалғаны туралы SMS хабарлама алды. Тағы 238 мың адамға банктегі есепшот нөмірін (IBAN) жіберу туралы сұрау түскен. Олардан өтініш талап етілмейді. Еңбек министрлігі өзінің 42500.enbek.kz сайтын жасауды және ұстап тұруды жеке компанияларға беріпті. Олар пайдаланушыларға шек-лимит орнатқан. «Ресурс деген шексіз емес қой. Біз оларға қолдау көрсетеміз», – дейді Асқар Жұмағалиев.
Сағым қуғанның сағы сынады
Коронавирус пен төтенше жағдай цифрландырушылардың 15 жыл бойы түзген жүйесінің осал екенін әшкереледі. Цифрлануда жетістікке жетті деген білім беру жүйесі сын сағаты соққанда небәрі 3,4 млн оқушыға қызмет көрсетуге дәрменсіз екенін байқатты. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 1 сәуірде сынақ сабағын өткізгенде жүйеге 1 млн бала қосылғанын, Интернет арқылы 2,4 млн бала қарағанын жеткізді. «Үлкен олқылықтар бары белгілі болды. Жеңілдету үшін әртүрлі мессенджерлерді, басқа ресурстарды пайдалануға талпынып көрдік. Алайда көптеген ата-ана, тіпті мектептер де жүйеге қосыла алмайтынына көз жеткіздік. Байланыс үнемі үзіліп қалып отырды. Еліміздегі интернет осынша көлемдегі баланы онлайн оқытуға қабілетсіз! Осыған байланысты бізде оқытуды онлайн өткізуге болмайды деген шешім қабылдадық», – деді А.Аймағамбетов. Енді пандемия өршіген тұста білім жүйесі ескі жүйеге оралуға мәжбүр. 1 000-нан аса мектеп қайта ашылады, шамамен 60 мың оқушы партаға отырады. Ата-аналардан маза кетті.Ең қауіпті індет – көзбояушылық
Қазақстанда 2013 жылы «Ақпараттық Қазақстан» мембағдарламасы бекітілді. Ел Үкіметінің 2017 жылғы 12 желтоқсандағы қаулысымен оның орнын «Цифрлы Қазақстан» (ЦҚ) атты қолданыстағы мемлекеттік бағдарлама басты. Оны 2018-2022 жылдары жүзеге асыруға бюджеттен 108 миллиард 683,1 миллион теңге жұмсау қарастырылды. Цифрлық даму министрі А.Жұмағалиевтің мәліметінше, алғашқы екі жылда ғана республикалық бюджеттен ЦҚ-ға 35 млрд теңге бағытталды. Өзге көздерден құйылған инвестиция триллионға жуықтаған. Бұл жүйенің мына аласапыран шақта ел мен экономикаға пайдасы көзге түсер емес. Министрліктің мәліметінше, мектептердің 93%-ы интернет желісіне қосылған. Алайда олардың көбінде интернет дистанциялы режимде оқытуға жарамайтыны байқалуда. Ведомство 117 қаланың және 3 мың 324 ауылдың кең жолақты ғаламторға қол жеткізгенін жариялады. Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, Қазақстанда 6,5 мың ауыл мен ауылдық округ бар. Осыдан-ақ қанша ауыл ақпараттық технологиялар ғасырының игілігінен тыс қалғанын есептеуге болады. «Қазақтелеком» 2022 жылға дейін барлығы 5 089 ауылдық елді мекенді интернетке қоспақ ниетте. Бұл ретте оған тек перспективті ауылдар ғана ілігеді. Оның өзінде қарқын төмен: ЦҚ қолға алынған 2 жыл ішінде әртүрлі технологиялармен, нақтылай кетсек, оптикалық-талшықты желі, 3G және 4G көмегімен небәрі 481 ауыл ғана интернетпен қамтылыпты. Рас, ауылдықтар 4G дегенінің жылдамдығы, шын мәнінде 2G ғана екеніне шағымданып жүр. Сенбеске лаж жоқ, себебі тіпті астаналықтар 4G деп мәлімделген мобильді интернет арқылы кино көрмек түгілі, қарапайым сайттарды жүктей алмай әлек. Үкімет биылғы 4 ақпандағы отырысында 2020-2022 жылдары Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте 5G инфрақұрылымын тұрғызу жоспарланғанын мәлімдеді. Қазіргі күрделі жағдайға байланысты ол жоспар адыра қалғанға ұқсайды. «Мен елорда маңында, «Лесная полянада» тұрамын. Үйде оптикалық-талшықты кабель қолданысқа берілмеген. «Қазақтелеком» жауап беруден жалтарады. Қаншама рет шағым айттым. Амалсыз Altel-дің 35 мың теңгелік роутерін алып, 9 мың теңгенің ай сайынғы тарифін қосқыздым. Мұнысы халықты тонау. Өйткені өз құнын ақтамайды, 500 мегабит/секунд жылдамдығы болады деген, онысы 1 мегабиттен аспайды. Мен де, көршілерім де үйдеміз, көбіміз онлайн жұмыс істей аламыз. Интернетсіз ол да жоқ» деп қамығады Бауыржан Болатұлы. Өңірде жағдай бұдан нашар. Қаскелең қаласының тұрғыны, педагог Жәмила Асанова ақпараттық дәуір көшінен тыс қалғанына қапалы. «Екі баланың анасымын. Біз, көше тұрғындары 2 жыл бұрын «Қазақтелеком» қалалық филиалына өтініш бердік. Еш нәтиже болмай тұр. Карантин жағдайында балаларымызды үйде қашықтан оқытайын, педагог ретінде онлайн жұмыс істейін десем, мүмкіндік жоқ», – деді ол. Айтқандай, ұлттық телекоммуникациялық алпауыттың көзбояу тірлігінің беті ашылды. 3,3 мың ауыл интернетпен қамтылды дегені сондағы тұрғындарға интернет келді дегенді білдірмейді екен. «Ғаламторға мектеп, меморгандарды қосса, сонымен іс бітті деп саналады», – дейді тұрғындар. Алматы облысының Исаево ауылының тұрғыны Альбина ауылға ғаламтор келе жатыр дегенді естіп алғашында қуаныпты: «Қазақтелеком байланыс желісін төсеуде. Барып сұрадық, олар мектепті ғана қосатынын, басқада шаруасы жоғын айтты», – дейді ол. Жалпы, пандемия, ТЖ және карантин кесірінен «цифрға» күні қараған жұрт бұл жүйеде көзбояушылықтың көп екеніне көз жеткізді. Эльмира Құламергенқызы ХҚКО-лар жабылғасын, декреттік демалысын рәсімдей алмай қалғанын жеткізді. «Электронды Үкімет» бұл қызметті электронды алуға мүмкіндік бермейді екен: «Босанатын уақытым жақындады, одан кейін құжаттарды не себепті дер кезінде тапсырмағанымды түсіндіріп, сәбиіммен кеңселерді аралап жүре алмаймын ғой. Мұндай проблемаға жалғыз мен емес, басқа да аналар кезігіп отыр», – дейді ол. Министр Асқар Жұмағалиев бүгінде тек асыраушысынан және жұмыстан айырылғандар ғана электронды өтініш бере алатынын растады: «Еңбек министрлігіндегі әріптестеріміз бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылуға қатысты қызметтерді автоматтандыру мәселесін пысықтап болды. Жуық арада оны бірлесе жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз», – деді министр. Қостанай қаласының тұрғыны Жанар Мамратова екі күннен бері өз ұлын Алматыдағы пәтеріне тіркей алмай жүргеніне шағымданады: «Пәтер менің атымда. Egov арқылы ұлымды тіркеуге қанша тырыстық. Бәрімізде ЭЦҚ бар, портал ата-анасының қатар растауын талап етеді. Біз соны растай алмай әуре болдық, барлығы дұрыс келе жатады да, ата-ананың біреуінің растауы өтеді, екіншісі өтпейді». Қалай болғанда, пандемия және карантин цифрландыру саласы үшін үлкен емтиханға айналды. Жарға жықты деу әбестік болар, әйтсе де жауапты құрылымдар әзірге сынақтан сүрініп жатыр. Жұртшылық жылдар бойғы жұмыстың, жұмсалған миллиардтардың өтемін көргісі келеді. Бұл істе бұрынғыдай жауырды жаба тоқуды, арқаны кеңге салып жүруді төтенше жағдай көтермейді.